Америкалық қолбасшы АҚШ-тың Ауғанстанда жеңіліс тапқанын мойындады
АҚШ пен НАТО әскерилерінің қолбасшы АҚШ-тың Ауғанстанда жеңіліс тапқанын мойындады.
Генерал Скотт Миллер CNN телеарнасына берген сұхбатында: "Америкалық әскерилердің Ауғанстанда жеңіске жетуі мүмкін емес",-деп мойындады.
АҚШ пен НАТО әскерилерінің қолбасшысы Ауғанстанда соғыс пен қақтығыстардың жалғаса беретінін айтты.
Америкалық қолбасшының бұл сөздері АҚШ-тың "Wall-Street Journal" басылымы өткен жұмада Америка Қорғаныс министрлігіндегі бір жоғары лауазымды тұлғаға сілтеме жасап, осы ел Президенті Дональд Трамптың бұйрығы бойынша шамамен 7 мың америкалық сарбаздың жақын болашақта Ауғанстаннан шығарылатынын жариялаған жағдайда айтылып отыр.
Осы хабардан кейін АҚШ армиясы ортақ штабының басшысы Джозеф Данфорд жақында америкалық әскерилердің Ауғанстаннан шығарылатыны туралы ақпаратты теріске шығарды.
Шетелдік күштер қолбасшысының АҚШ-тың Ауғанстандағы соғыста әскери тұрғыдан жеңіліс тапқаны туралы сөздері Ақ үйдің саяси және әскери жоғары лауазымды тұлғалары арасында Ауғанстандағы соғыс туралы шешім қабылдауда дағдарыс пен сергелдеңнің туындағанын көрсетеді.
АҚШ-тағы кейбір орталардың Дональд Трамптың билігі кезінде АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери саясатында оң өзгерістер болады деген болжамдарына қарамастан, Трамптың Ауғанстан соғысы туралы стратегиясы жарияланған соң көптеген сарапшылар бұл стратегияны нақты зерделенбеген, бағаланбаған, жеңіліс табатын стратегия деп атады.
АҚШ армиясының зейнеттегі генералы Уильям Сотур "Ауғанстан Times" газетіне берген сұхбатында: "Ауғанстан мен Ирактағы соғыс Вашингтонға ешқандай жетістік әкелмеді, керісінше, осы екі елде мыңдаған бейбіт азаматтың қаза болуына соқтырды",-деді.
Трамптың АҚШ әскерилерін Ауғанстанда сақтауға бағытталған стратегиясының орындалғанынан бір жылдан астам уақыт өткенде АҚШ Президенті өз әскерилерін бұл елден шығаруға шешім қабылдады. Трамптың шешімдеріндегі осындай кереғар өзгерістер оның аталмыш стратегияның жеңіліс тапқанын мойындағанын білдіреді.
Трамптың Ирактағы америкалық әскери базаға сапары барысында АҚШ-тың ендігәрі әлемнің жандармы бола алмайтыны туралы сөздері Ақ үйдің басқа елдерге басқыншылық жасауға бағытталған бағдарламаларының нәтижесіз болғанын ресми түрде мойындауы болып отыр.
Осындай жағдайда Трамп ауыр шығындарға байланысты америкалық әскерилерді Ауғанстан мен Сириядан шығаруға шешім қабылдады.
Ауғанстандағы шетелдік күштер қолбасшысының Ақ үйдің осы елдегі әскери стратегиясының жеңіліс тапқаны туралы сөздері мына шындықты одан бетер айқындай түсті: АҚШ пен НАТО-ның мыңдаған сарбазының Ауғанстанда болуы бұл елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісіне әсер еткен жоқ.
АҚШ Президенті мен Ауғанстандағы шетелдік күштер қолбасшысы бұл елдегі әскери стратегияның сәтсіз болғанын мойындаған жағдайда америкалық әскерилердің шығарылуы Ауғанстанда Талибандардың соғысты жалғастыруға деген психологиялық стимулын айтарлықтай төмендетсе, Ауғанстанның қауіпсіздік күштеріне тәуелсіз әрекет етіп, ұлттық егемендікті нығайтуға жағдай жасайды.