АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы әскерилерін Сириядан шығаруға қатысты ұстанымын жариялады
2018-ші жылдың желтоқсан айының 19 күні АҚШ Президенті Дональд Трамп әскерилерін Сириядан шығаратынын жариялағанымен, америкалық басшылардың бір-біріне қайшы уәждері мен ұстанымдары олардың мәселені және оның қалай шешуді нақты түсінбейтіндерін көрсетеді.
Трамптың шешімі басынан бастап көптеген түсінбеушілік тудырды, әсіресе әскерилерді шығаруға қатысты ешқандай нақты бағдарлама жасалған жоқ. Америкалық күштерді Сириядан шығаруының негізгі себебін ДАИШ-тың жойылуы деп жариялаған Трамптың сөзіне қайшы енді Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық күштердің ДАИШ-ты толық жойғанша Сирияда қалатынын қуаттады.
АҚШ Президенті Трамп өткен жылдың желтоқсан айының 19 күні Твиттердегі парақшасында: «Біз Сирияда ДАИШ-ты жеңдік. Бұл біздің Сирияға келуіміздің жалғыз себебі болған»,- деп жазды. Сондай-ақ, келесі твитінде: «ДАИШ-ке қарсы соғысымыздағы тарихи жеңісімізден кейін өз әскерилерімізді Сириядан елге қайтаратын уақыт келді»,- деп жазды.
ДАИШ-тың қазіргі әрекеттері мен америкалық әскерилердің өлімге ұшырауы Трамптың уәждерінің өтірік болғанын көрсетті. Басқаша айтқанда, Трамптың уәждеріне қарамастан ДАИШ лаңкестік тобы әлі де АҚШ-тың одақтастары күштерінің бақылауындағы аймақтарда әрекеттерін жалғастыруда.
Бұл мәселеге көңіл бөлмей, Помпео Fox News арнасына берген сұхбатында: «Сириядағы ДАИШ-тың жеңілісі шамамен соңына жетті, сондықтан біз ісімізді толық аяқтағымыз келеді»,- деді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы «ДАИШ-тың толық жеңілісі» деген сөзді айтқандағы мақсатының нақты не екенін түсіндірген жоқ. Өйткені, ДАИШ лаңкестері Дейр эз-Зоур облысының кейбір аймақтарындағы белсенділіктері мен Манбидждегі жуырдағы жеке шабуылдар лаңкестердің АҚШ-тың одақтастары саналатын күрдтер бақылайтын аймақтарда әрекет жасап, өздерін жарып жіберуге дейін баратынын көрсетті.
Америкалық төрт әскеридің өліміне соқтырған Сирияның Алеппо облысындағы Манбидж қаласындағы жарылыстардан кейін ДАИШ лаңкестік тобы жарылыстардың жауапкершілігін өз мойнына алған соң АҚШ Президентінің Сириядан шығу шешіміне қатысты сын артты. Американың кейбір саясаткерлері америкалық әскер шыққан соң күрдтер бақылайтын аймақтарда ДАИШ-тың қайта күшейетініне алаңдаушылық білдірді. Республикашыл сенаторлардың бірі Линдси Грэмнің пікіріне сәйкес, Манбидж шабуылы ДАИШ-тың батылдығын арттырған Трамптың шешімінің салдары болды. Жақындағы шабуыл Трамптың уәждеріне қайшы күрдтердің бақылауындағы аймақтарда ДАИШ-тың өз әрекеттерін жалғастыратын күшке ие екенін көрсетті. Негізінде америкалықтардың өздері бақылайтын аймақтарда ДАИШ-ты толығымен жою туралы ойлары қиялға ұқсас. Сондай-ақ, Трамп үкіметінің ДАИШ-пен күрестегі шынайылығы да күмән тудырады.