Қаң 30, 2019 17:11 Asia/Almaty
  • Ресей АҚШ-тың Венесуэлаға әскери араласуына қатысты ескерту жасады

Мұнайға бай Венесуэла еліндегі саяси оқиғалар мен қарсыластардың елдің солшыл үкіметімен қарсыласуы күшейе түсті.

АҚШ пен оның одақтастары Гуайдоны қолдап, Венесуэлада төңкеріс жасауды көздеуде. Латын Америкасы мәселелерінің маманы Мансур Маазамидің айтуы бойынша, "АҚШ еуропалық одақтастары және Латын Америкасының кейбір мемлекеттерімен өзін Венесуэланың «уақытша президенті» деп жариялаған адамды қолдайтынын жариялап, өте қатерлі әрекет көрсетті. Егер халықаралық қоғам дұрыс реакция көрсетпесе, бұл қатерлі әрекет басқа елдерге де тарап, демократияның рухына шынайы соққы береді".

Бұл мәселе Венесуэла Президенті Мадуроның қолдаушысы Ресейдің қатаң реакциясына себеп болды. Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков сейсенбі күні кешке Батыс мемлекеттерінен Венесуэлаға әскери араласу туралы кез келген жобадан бас тартуды талап етті.

Мәскеудің АҚШ-тың Венесуэлаға әскери араласу ықтималына реакция білдіруі осы мәселеге қатысты айғақ-деректермен байланысты. Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонның Каракасқа қарсы тағы экономикалық санкция салатынын жариялау үшін дүйсенбі күні кешке өткізген баспасөз отырысы Вашингтонның Венесуэла үкіметін өзгерту үшін әскери күштерді қолдануға жүгіну ықтималы туралы күмәнді арттырды.  Бұл отырыстан кейін Болтонның қолындағы қағазға «Колумбияға 5000 әскери аттандыру» деп жазған суреті жарияланды. Бұл суреттің жариялануы америкалық әскерилерді Венесуэламен шекаралас Колумбияға аттандыру туралы хабардың қоғамдық желілерде таралуына себеп  болды.

Колумбия үкіметі Хуан Гуайдоны қолдайтынын жариялағанымен бұл елде америкалық күштердің орналасу ықтималын теріске шығарды. Бірақ, басқа уақытпен салыстырғанда Венесуэладағы саяси дағдарыстың басталуымен Мадуроны биліктен кетіру деген мақсат күшейді. Сондықтан бұл мәселе Мәскеуді алаңдатты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Фейсбуктегі парақшасында Латын Америкасының, әсіресе Венесуэланың тұрақсыздығына соқтыратын кез келген әрекетке қатысты ескерту жасады.

Ресейдің көзқарасы бойынша, Трамп үкіметі Латын Америкасындағы өзінің дұшпандық әрі араласушылық саясатының аясында Венесуэланың солшыл үкіметін әлсіретіп, соңында құлатып, АҚШ-қа тәуелді үкіметті билік басына әкелгісі келеді. Ресей АҚШ-тың біржақты әрі үстемшіл саясаттарымен қарсыласып, Венесуэладағы өзінің стратегиялық мүдделерін қамтамасыз ету аясында Николас Мадуроны қолдау үшін тиісті шара қолданады деген ой туады.

 

 

 

 

Тегтер