Астана үдерісі Сирияның аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған
(last modified Fri, 15 Feb 2019 13:51:02 GMT )
Ақп 15, 2019 19:51 Asia/Almaty
  • Астана үдерісі Сирияның аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған

ИИР Президенті Сочидегі үшжақты отырыстың соңында сөйлеген сөзінде Ресей, Иран мен Түркияның ортақ мақсатын Сирияда лаңкестікпен қатаң күрес, елде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қайта орнатып, жаңа Конституция дайындау және Сирияның аумақтық тұтастығын сақтау деп атады.

Хасан Рухани бейсенбі күні біркүндік Сочи отырысының соңында Ресей және Түркия басшыларымен өткізген ортақ баспасөз конференциясында Сириядағы Идлиб пен Евфрат өзенінің шығыс бөлігінің болашағы жайлы: «Сирияның барлық жері, соның ішінде Идлиб пен Евфраттың шығыс бөлігі заңды үкіметтің қарамағында болуы керек. Ресей, Иран мен Түркия бұл елдің ұлттық егенмендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауды қуаттап отыр»,-деді.  

Бұл көзқарас Сочи отырысының 17 тармақтан тұратын ортақ мәлімдемесінде де айтылған. Ресей, Иран мен Түркия басшылары БҰҰ жарғысы негізінде Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға беріктігін қуаттады.  

14 ақпанда Сочиде өткен отырыс – Ресей, Иран мен Түркия басшыларының «Астана үдерісі» аясында өткізген төртінші кездесуі. Сириядағы бейбітшілікті кепілдендіруші елдер басшылары деңгейінде осындай келіссөздерді жалғастыру Сирия дағдарысын саяси жолмен шешу үдерісінің тиімді екенін көрсетеді.

Режеп Тайып Ердоғанның басқаруымен Түркияда Ресей, Иран мен Түркия басшыларының бесінші отырысын өткізу туралы келісу Астана үдерісінің сындарлығы мен әлемдік деңгейде оның орнын басатын ештеңе жоқ екенін көрсетті.

Астана үдерісінің тиімділігі мен сәттілігі Сирия дағдарысының барлық қырын түгел қамтып, қарастыруымен анықталады. Ресей, Иран мен Түркия Сирияда тұрақтылықты сақтап, қалған лаңкестермен қатаң күресу қажеттігін қуаттап, жаңа Конституция дайындау, босқындарды қайтару және елді қайта жөндеуге талпыныс жасайтындарын айтып, осы мақсаттардың барлығын Сирия үкіметімен әріптесіп, елдің аумақтық тұтастығын сақтай отырып ілгерілететіндерін мәлімдеді.  

Осы маңызды жайт Астана үдерісін Сирия дағдарысын шешуге бағытталған «Женева үдерісі» аясында жасалған басқа халықаралық талпыныстардан ерекшелендіреді. Астана үдерісі Сирия дағдарысына қисынды қарау арқылы өзінің әсерлі де тиімді екенін дәлелдеді.

Бұл салада Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс елдерінің Сирия дағдарысын шешу үшін тиімді жол ұсына алмағанына тоқталып: «Мәскеу Ресей, Иран мен Түркияның Астана үдерісінде атқарған шараларына ешқандай қисынды аналог көрген жоқ»,-деді.

Ресей, Иран мен Түркияның Астана үдерісі аясында жақсы әріптестік жасап жатқанына қарамастан, Сирияда елдің кейбір өңірлері, соның ішінде Идлиб пен Евфраттың шығыс бөлігіне қатысты алаңдаушылықтар бар. ИИР Президентінің Сочи отырысында айтуы бойынша, Сирияның заңды үкіметімен әріптестік жасау осы алаңдаушылықты жою жолындағы ең мықты тәсіл.

Идлиб пен Евфраттың шығыс бөлігі – Сирия жерінің ажырағысыз бөлігі. Бұл аймақта кез келген әрекет жасау Дамаскта орналасқан орталық үкіметтің әріптестігін талап етеді.    

 

Тегтер