Иран мен Қазақстан әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтарын арттырады
ИИР-ның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабер мен Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов екі елдің сауда-экономикалық, тасымал, консулдық қызмет, парламенттік, мәдени және экстремизммен күрес салаларындағы әріптестіктерін арттыру қажеттігін қуаттады.
Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің жұма күнгі хабарлауы бойынша, Маджид Сабер Бейбіт Атамқұловпен кездесуінде Иран мен Қазақстанның тең жағдайдағы жақсы қарым-қатынасына тоқталып, екі елдің Каспий теңізі арқылы көршілестігінің екіжақты экономикалық әріптестікті дамытуға қолайлы жағдай жасап отырғанын айтты.
Маджид Сабер, сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы істер министрінен іскерлік және туристік визаға көбірек жеңілдік жасауды сұрады.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Иран мен Қазақстанның Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап жоғары деңгейде сындарлы саяси қарым-қатынасқа ие болғанын айтып, Теһран мен Нұр-Сұлтанның әртүрлі салалардағы әріптестіктерін одан ары дамыту қажеттігін қуаттады.
Кездесуде, сондай-ақ, қос тарап биыл екі елдің ортақ экономикалық комиссиясының он алтыншы отырысын өткізуді жылдамдату қажеттігін де айтты.