АҚШ Иранға тағы санкция салды
АҚШ Президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні ИИР-ға қарсы жауластық шараларының жалғасында бір бұйрық шығарып, Иранның металлургия саласына жаңа санкциялар салды.
Fars ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Трамп: «Иранның металлургия саласына, соның ішінде темір, болат, алюминий мен мысқа қатысты жаңа санкциялар Иранның экспорттан түсетін табысын азайту мақсатында жасалып отыр»,-деді.
АҚШ-тың осы жаңа санкциялары бұл елдің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан біржақты негізде заңсыз шыққанына бір жыл толғанда салынып отыр.
АҚШ-тың жаңа санкциялары бойынша, Иранның кен және металлургия саласында жұмыс істейтін, инвестиция салатын және осы салаға қатысты ақша аударумен айналысатын адамдар, ұйымдар мен компаниялардың активтері мен есеп-шоттары бұғатталады.
Трамп осы бұйрықта «Егер Иран өз қатынасын өзгертпесе, бұдан да көбірек қысымға ұшырайды» деп уәж айтты.