Уфа отырысында Ауғанстан үкіметі басқаратын бейбітшілік келіссөздеріне қолдау көрсетілді
(last modified Thu, 20 Jun 2019 20:56:12 GMT )
Маусым 21, 2019 02:56 Asia/Almaty
  • Уфа отырысында Ауғанстан үкіметі басқаратын бейбітшілік келіссөздеріне қолдау көрсетілді

Пәкістан, Қытай, Үндістан, Ресей мен Иранның ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері Ресейдегі Уфа халықаралық қауіпсіздік конференциясы аясында Ауғанстан үкіметі басқаратын бейбітшілік келіссөздерін қолдайтындарын мәлімдеді.

Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз қызметі: «Хамдулла Махаб осы конференция аясында өткен алтыжақты келісімде Иран, Ресей, Үндістан, Қытай және Пәкістан ұлттық қауіпсіздік кеңесшілерімен сұхбаттасты»,‑деп хабарлады.  

Осы елдердің ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері Ауғанстанда бейбітшілік үдерісін өткізу және бұл елдің дағдарысын шешу үшін аймақ бойынша ортақ келісімге келіп, әріптестіктерді кеңейту қажеттігін талқылап, кеңесті.

Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз қызметі: «Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы мен Қытай, Ресей, Үндістан мен Пәкістанның ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері ауғандықтар басқаратын және солардың қарауында болатын бейбітшілік келіссөздерін қолдайтындарын білдірді»,‑деп еске салды.

Ауғанстанның бейбітшілік үдерісінде Кабул үкіметінің рөлі мен орнына  АҚШ тарапынан көңіл аударылмаған жағдайда Уфа қауіпсіздік отырысына қатысушылардың бірқатары Ауғанстан үкіметі басқаратын бейбітшілік келіссөздеріне қолдау көрсетті.  

Иран, Ресей, Үндістан, Қытай және Пәкістан қауіпсіздік басшыларының Ауғанстандағы бейбіт келіссөздердің осы ел үкіметі тарапынан басқарылу қажеттігін қайта қуаттауы Ақ үйдің Кабул үкіметін Талибанмен бейбіт диалог үдерісінен алып тастауына реакция  болып отыр. Бұл мәселе Ауғанстан үкіметі мен халқының және аймақ елдерінің, әсіресе оған көршілес елдердің қатты алаңдаушылығын тудырды.  

Ауғанстан үкіметінің қатысуынсыз Талибанмен екіжақты диалог өткізуді қолдап отырған АҚШ‑тың қатынасын сынаушылардың көзқарасынша, Ауғанстан мен басқа аймақтық ойыншыларға мынадай қауіп төніп тұр:  Ақ үй өзінің мүдделерін қамтамасыз ету үшін аймақтың қауіпсіздігіне көңіл аудармастан, Талибанмен басқа елдерге көп зиян тигізетін келісімге келуі мүмкін.

Сол себепті Ауғанстанның біртұтас ұлттық үкіметімен қоса, аймақтағы басқа елдер де АҚШ пен Талибан диалогының тақырыптарының айқын болуын талап етіп отыр. Әрине осы күнге дейін Ақ үй мұндай талапқа жауап бермей, бұл топпен келіссөздердің құпия түрде жүріп жатқанын алға тартуда.  

Сондықтан жуырда Ауғанстан Сенат палатасының басшысы АҚШ‑тың Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Залмай Халилзадқа Талибан тобымен жасырын келіссөздер жүргізгені үшін ескерту жасады.

АҚШ‑тың Талибанмен екіжақты келіссөз жүргізу саясатына өзгеріс енгізіп, Ауғанстан үкіметін осы диалогқа қосу қажеттігі бұл елдің ұлттық талабына айналды. Аймақтық деңгейде де осы тәсілге қатты қолдау көрсетіліп отыр. Алайда Ақ үй басшылары бұрынғыдай бұл талапқа көңіл аудармай келеді.  

Қызық мынада: Халилзад Талибан саяси кеңсесі ақпарат өкілінің АҚШ тарапынан Ауғанстаннан шығу кестесін жасау қажеттігінің қабылданғаны туралы сөздерін теріске шығарып: «Трамп үкіметі бұл топпен жан‑жақты келісімге қол жеткізуді көздеп отыр. Бірақ онда Ауғанстан жерінен шығу мәселесі қозғалмаған»,‑деп мойындады.

АҚШ‑тың Ауғанстанда қалуын жалғастыруды баса айтуы салдарынан бұл елде бейбітшілік орнатуға бағытталған ішкі талпыныстар мен аймақтық әріптестіктердің жеңіліс тауып жатқанына байланысты Иран, Ресей, Үндістан, Қытай және Пәкістан ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері Уфа қауіпсіздік отырысында Кабул үкіметі бастаған бейбіт диалогты қолдайтындарын мәлімдеді.