Венада өткен «Ортақ қадам» жан жақты бағдарламасы комиссиясының төтенше отырысынан не күтеміз?
Франция, Ұлыбритания, Германия мен Иранның өтінішімен жексенбі, 28 шілдеде Венада «Ортақ қадам» жан жақты бағдарламасы комиссиясының төтенше отырысы өтті. Оған Еуроодақтың өкілі қатыстып, Иран өкілі сейіт Аббас Арақчи мен Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысының орынбасары Хельга Шмидт төрағалық етті.
Бұл отырыста «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы комиссиясының алдыңғы отырысындағы келісімдер мен үйлестіру шараларының орындалу барысы талқыланды.
Сейіт Аббас Арақчи жексенбі күні Венада «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы комиссиясының отырысы аяқталғаннан кейін тілшілерге берген сұхбатында: «Өз мүдделері қорғалмайынша Иран ядролық келісімдегі міндеттемелерін азайтуды жалғастырады»,‑деді.
«Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы комиссиясының алдыңғы отырысы сыртқы істер министрліктерінің саяси бөлім басшыларының деңгейінде 28 маусымда Венада өткен болатын. Онда Иран еуропалық тараптардың үсті‑үстіне уәде бұзғанына реакция білдіріп, өз міндеттемелерінің бір бөлігін азайтты.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының ақпарат хатшысы сейіт Хұсейн Нағави Хұсейни жексенбі күні Мәжілістің ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Иранның ядролық келісімдегі міндеттемелерінің азайтылғанына тоқталып: «Үш еуропалық ел – Германия, Ұлыбритания мен Францияның «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтап қалу туралы берген уәделері орындалмаған жағдайда ИИР келесі қадамдарды жасауды күн тәртібіне қоятын болады»,‑деді.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының ақпарат хатшысы Иранның Еуропаға берген 60 күндік мұрсатына тоқталып: «Центрифугалардың санын арттыру, IR2 және IR2-m центрифугаларын қайта орнату, уран байыту нысандарында жұмыс істеп жатқан центрифугалардың санын арттыру, уранды 20 пайызға байыту және Арактағы ауыр су реакторын нығайту үшінші қадамда көзделген мақсаттар болып отыр»,‑деді.
АҚШ ядролық келісімнен шыққаннан кейін еуропалықтар, әсіресе Германия, Ұлыбритания мен Франция «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасына толық қолдау көрсетуге уәде беріп, Ираннан осы бағдарламадағы міндеттемелеріне берік болып қалуын сұрады. Иран өз уәдесін орындады. АҚХА‑нің 15 есебі де Иранның ядролық келісім бойынша толық әріптестік жасағанын растады. Алайда бұл үдеріс екі тараптан болған жағдайда ғана нәтиже береді. Еуропалықтар «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын қолдап отырмыз дейді, бірақ олардың INSTEX атты сайқымазақ механизмі Иранның ядролық келісімдегі мүдделерінің бір бөлігін де қамтамасыз ете алмайды.
АҚШ‑тың MIT университетінің халықаралық зерттеулер орталығының атқарушы директоры Джон Тирмен: «Еуропа АҚШ‑қа қарсы тұрып, өз міндеттемелерін орындауда әлсіздік танытып отыр, сондықтан Еуропа тарапынан ерекше бір қадамның жасалатынын күтудің қажеті жоқ»,‑деді.
АҚШ «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан шыққаннан кейін Еуропа Иранға 11 уәде берді. Бұл міндеттемелер инвестиция, тасымал, мұнай сату және басқа да салаларға қатысты мәселелерді қамтиды. INSTEХ Еуропаның міндеттемелерді орындауына кіріспе ғана.
Осы міндеттемелерді ескерсек, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын сақтап қалу үшін Еуроодақтың белсендірек рөл ойнау қажеттігі айқын байқалады. Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф осыған қатысты сөздерінде: «Еуропа өз міндеттемелерін қалай орындайды, біз де өз міндеттемелерімізді солай орындаймыз»,‑деп тура айтты.