13-ші Астана отырысының күн тәртібі мен өзгерістер
Сирия мәселесіне қатысты 13-ші Астана отырысы кеше Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтанда басталып, бүгін аяқталды.
Астана отырысының немесе Сирия бейбітшілігі отырысының бірінші кезеңі 2017 жылдың қаңтар айында Сирияда атысты тоқтату бітімін кепілдендіруші елдер ретіндегі Иран, Ресей мен Түркияның қатысуымен өтті.
12-ші Астана бейбіт отырысы ағымдағы жылдың 25-26 сәуірінде өтті. Астана отырыстарының ең маңызды жетістіктерінің бірі Сирияда қақтығыстар азайтылған аймақтар құру болды. Бұл аймақтар Сирия армиясы мен оның одақтастарының лаңкестік топтармен күресінде маңызды рөл атқарды.
13-ші Астана отырысы 12-ші отырыспен салыстырғанда ойыншылар құрамы бойынша өзгерістерге куә болды, бірақ күн тәртібіне өзгеріс енгізілмеді.
13-ші Астана отырысында да сириялық оппозиционерлер, Сирия үкіметінің делегациясы мен бітімді бақылаушы үш ел – Иран, Ресей мен Түркияның өкілдері осы отырыстардың тұрақты тараптары ретінде қатысты. Мұнымен қоса, Ирак пен Ливанның өкілдері осы отырысқа бақылаушы ретінде қатысты. Иордания үкіметінің өкілі де келіссөздердің осы кезеңіне қатысады деп күтілген, бірақ қатыспайтын болды. БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Гир Педерсон да науқасына байланысты осы отырысқа қатыса алмады, алайда оның орынбасары болды. Дүниежүзілік Қызыл крест ұйымының халықаралық комитеті мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі комиссариаты кеңсесінің өкілдері де 13-ші Астана отырысы аясында Сирияда тұтқындар мен кепілге алынғандарды босату тақырыбында өткен жиналыстарға қатысты.
Келіссөздердің тақырыбы конституцияны дайындау комитетін құру, босқындардың қайтарылуын жалғастыру және сириялық тараптар арасында тұтқындармен алмасу болды.
Конституция мәтінін дайындау комитетін құру саласында ілгерілеушілік бар. Осыған дейінгі Астана отырыстарында талқыланған басты тақырып болған Сирия өзгерістеріндегі соңғы бір жылдағы ең маңызды түйткілдердің бірі шешілу үстінде. Хабардар дереккөздердің айтуынша, осы Астана отырысында конституцияны дайындау комитетіне үміткерлердің қорытынды тізімі анықталды. Қыркүйек айында Сирия Конституциясына қатысты тағы бір отырыс өтеді деп жоспарланып отыр.
Сириялық тараптар мен Сириядағы бітімді бақылаушы үш ел осы отырыста босқындарды қайтарып, тұтқындармен алмасуды жалғастыру қажеттігін қуаттады. Иран Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі аға көмекшісі Әли Асқар Хаджи кеше Астана отырысының бірінші күнінде БҰҰ Бас хатшысының саяси істер жөніндегі арнайы өкілінің орынбасарымен кездесуінде өткен айлар барысында Астана процесі аясында Сирияның конституциялық комитетін құру, тұтқындармен алмасу және босқындарды еліне қайтару үшін жасалған талпыныстарға тоқталып, толық нәтижеге қол жеткізілгенге дейін осы процесті сақтау қажеттігін қуаттады.
13-ші Астана отырысы бұрынғыдай Батыс және араб елдерінің қатысуынсыз өтті. Олар Астана отырыстарының сәтті болуын өз мүдделеріне сай деп санамайды.