Санкция – Зарифтің АҚШ-қа "жоқ" деп айтқанының өтеуі
(last modified Tue, 06 Aug 2019 12:44:04 GMT )
Там 06, 2019 18:44 Asia/Almaty
  • Санкция – Зарифтің АҚШ-қа

Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф баспасөз конференциясында өзінің өткен айдағы Нью-Йоркке сапарына тоқталып: "Бұл сапарда маған Трамппен кездесу ұсынысын қабылдамасам, екі аптаның ішінде санкцияға ұшырайтыным айтылды",-деді.

АҚШ-тың Қаржы министрлігі осы елдің қисынсыз шараларын жалғастырып, тамыз айының бірінші күні Иран Сыртқы істер министрінің аты-жөнін санкция салынған тұлғалар тізіміне енгізді.

Дональд Трамп АҚШ Президенті ретінде Ақ үйге кіргелі бері талай рет халықаралық заңдар мен ережелерді аяқ асты етіп, бірнеше келісім, соның ішінде "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығып, халықаралық қауымдастықты таң қалдырды.

Зариф АҚШ тарапынан санкцияға ұшырау себебін айту арқылы шын мәнінде АҚШ-тағы түйткілдердің бірін баяндауға кірісті. Зарифтің сөздерінде: "Трамптың қатынасынан хабардар қоғамдық пікір үшін бұл әрекет күтпеген жағдай болмауы мүмкін, бірақ АҚШ-тың бұл қатынасы халықаралық қауымдастықтың өкінішін тудырғаны анық",-делінген.

АҚШ үкіметі халықаралық келісімдер мен ұйымдардан шығу, халықтарға тіл тигізе сөйлеп, қорлау арқылы және аймақтағы араб шейхтерін "сауынды сиыр" деп сипаттап, Франция Президенті Эммануэль Макронды "ақымақ" деп атау арқылы әлемге "АҚШ басқа елдерге үстемдік жүргізе алады" деген жолдау жібергісі келеді. Зариф Иранның дипломатиялық аппаратының жауапты тұлғасы ретінде саяси реализмді баса айтып, әлемге АҚШ-тың болмысындағы шынайы қайшылықтарды көрсетті.

Зариф кешегі сөздерінің бір бөлігінде үстемдік ету, алпауыт болу және зорлық көрсету дәуірінің өткенін айтып: "АҚШ тіпті басқаларға алпауыт рөлін атқара алатын салаларда да коалиция құра алмайды. Елдер бірінен соң бірі атауларының АҚШ-пен бір тізімде тұрғанына ұялып жатыр",-деді.  

Иран Сыртқы істер министрі Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін дамыту,  Иран, Ирак және осы кеңестің үш мүшесі арасында диалогты нығайту керектігін қуаттап, аймақтық диалог ассамблеясын құрып, бір-біріне басқыншылық жасамау келісіміне қол қою қажеттігін баса айтты. Зариф диалогты Сауд Арабиясы, БАӘ мен аймақтағы барлық елдердің мүдделеріне сай деп атап, диалогты бастау қажеттігін айтты.

Зариф Нью-Йоркте АҚШ-тың ақпарат құралдарымен сұхбатында "Б" тобының соғысқұмарлығына тоқталып: "Б" тобы (Болтон, Бен Заид, Бен Салман және Беньямин Нетаньяху) АҚШ-ты Иранмен соғысуға итермелеуді көздеп отыр",-деді.

АҚШ-тың НАТО-дағы бұрынғы елшісі Роберт И. Хантер "Лублог" сайтындағы жазбасында: "Бір бәсекелес немесе тіпті дұшпан елдің ең жоғары дәрежелі дипломатына санкция салу өте сирек кездеседі. Бұл барлық дипломатиялық принциптерді түбегейлі бұзу болып табылады",-деді.