Рухани: Иран санкция жағдайында келіссөз жүргізбейді
(last modified Thu, 26 Sep 2019 07:11:26 GMT )
Қыр 26, 2019 13:11 Asia/Almaty
  • Рухани: Иран санкция жағдайында келіссөз жүргізбейді

Иран Президенті Рухани осы ел үкіметі мен халқының бір жарым жыл бойы ең ауыр санкцияларға төтеп бергенін айтып: "Иран ешқашан кедейлік, санкциялар мен халықаралық қарақшылық сияқты қарулармен бір елді тізе бүктіруді қалайтын дұшпанмен келіссөз жүргізбейді",-деді.

Хасан Рухани сәрсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясында АҚШ-тың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығып, еуропалықтардың өз міндеттемелерін орындауда уәде бұзғанына қарамастан, Иранның ядролық міндеттемелеріне бұрынғысынша табандылық танытып отырғанын айтып: "АҚШ-тың өз міндеттемелерінен жалтарып, еуропалық елдердің өз міндеттемелерін орындауға дәрменсіздігі баршаға дәлелденді.

Ислам революциясының жетекшісі мәлімдегендей, диалогқа қайтып келудің жалғыз жолы – міндеттемелерге оралып, санкцияларды жою",-деді.

Рухани, сондай-ақ, Батыс Азия аймағының соғыс, қантөгіс, басқыншылық, агрессия, діни фанатизм, жікшілдік пен экстремизге ұшырап отырғанын, осындай жағдайдың ең үлкен құрбанының Палестина халқы екенін айтып: "Ғасыр мәмілесі", Бейт ул-Мұқаддасты сионистік режимнің астанасы деп жариялау, Голан жоталарын басып алынған басқа жерлерге қосу сияқты америкалық-сионистік жобалардың жеңіліске ұшырайтыны анық",-деді.

Рухани Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазының қауіпсіздігі, бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтап, дамуын қамтамасыз етудің Иранның тарихи міндеті екенін айтып, Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазындағы өзгерістер әсер ететін барлық елді "Үміт коалициясы" немесе "Ормұз бұғазының бейбітшілігі» бастамасына (Hormoz Peace Endeavor) қосылуға шақырды