АҚШ армиясы Батыс Азиядан толық шықпайды
АҚШ Президенті Дональд Трамптың ел әскерилерін Батыс Азия аймағынан, әсіресе Сирия мен Ауғанстаннан шығару туралы қайталаған уәделеріне қарамастан қазіргі жағдай Вашингтонның күш көрсету саясаты аясында Батыс Азия аймағындағы әскери күштері мен жабдықтарын сақтап қалу және мүмкіндігінше арттырғысы келетінін көрсетеді.
АҚШ армиясы ортақ штабының қолбасшысы генерал Марк Милли жексенбі күні америкалық әскерилердің Азияның батысында орналасуын АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүддесімен байланыстырып, Вашингтонның әскери күштерін бұл аймақта біраз уақытқа дейін қалдыратынын қуаттады. Оның айтуынша, Сирияда шамамен 600 америкалық әскери қалады. Пентагонның бұл қайраткері: "АҚШ әскерилерінің Батыс Азияда орналасуының мақсаты – аймақ елдерінің лаңкестердің қауіпсіз панажайына айналуының алдын алу",- деді. Вашингтон Батыс Азиядағы әскерилерін қалдыратыны туралы сөздерін аймақ басшылары мен халқы АҚШ-ты аймақта лаңкестіктің таралуының негізгі себепкері деп атаған жағдайда қайталауда. АҚШ пен одақтастары 2001 жылы Ауғанстандағы лаңкестікпен күрес және сол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сылтауратып, бұл елге шабуыл жасады. Бірақ сол кезден бері Ауғанстанда бейберекеттік, лаңкестік пен есірткі өндірісі артты. Мұндай жағдайда Вашингтон ДАИШ белсенділігі үшін жағдай тудырып отыр.
Сирия дағдарысы да 2011 жылы АҚШ пен оның Батыс және араб одақтастарының Сирияның заңды үкіметін құлату, қарсыласу ағымын жою және аймақтағы теңгерімді сионистік режимнің мүддесіне өзгерту мақсаттарын іске асыру үшін ДАИШ сынды лаңкестік топты қолдауымен басталды. Вашингтон осы кезге дейін мұнай құбырларын қорғау сылтауымен Сирияның шығысындағы өзінің заңсыз орналасқан әскерилерін шығармай отыр.
Иранның мұнай саласындағы жеңілдіктерінің күші жойылып, АҚШ-тың елдің мұнай экспортына тыйым салу әрекеті күшейгеннен кейінгі айларда АҚШ әскерилерінің Парсы шығанағындағы белсенділігі артты. АҚШ Иранға қарсы "мейлінше қысым көрсету» саясаты аясында Теһранға қарсы санкцияларын арттыруымен бірге Иранның қоқан-лоққыларына қарсы тұруды сылтауратып, Парсы шығанағы мен оның айналасындағы сулардағы әскерилерінің санын арттырды. АҚШ-тың Сауд Арабиясына 3000 әскериін аттандыруы, сондай-ақ әуе-қорғаныс және зымырандық жүйелері мен әскери ұшақтарын жіберуі іс жүзінде аймақтағы тұрақсыздықты күшейтті. Трамптың америкалық күштерді Ауғанстан мен Сириядан шығаруы немесе өз елі әскерилерін осы екі мемлекетте қалдыруы сынды жуырдағы қайшы ұстанымдары АҚШ үкіметі сыртқы саясаты мақсаттарының белгісіздігін, АҚШ-та Президент пен билік жүйесі арасында Ауғанстан мен Сириядағы америкалық күштерге қатысты қайшылықтарды көрсетеді.