Халықаралық Қылмыстық Сот сионистік режимнің қылмыстарын зерттеуге шешім қабылдады
Сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы адамгершілікке жатпайтын заңсыз әрекеттері сан рет адам құқығы органдары мен халықаралық органдардың айыптауымен бетпе бет келді. Қылмыстық әрекеттердің күшеюімен бүгін соғыс қылмыстарын қарастыруға жауапты халықаралық орган осы мәселені зерттейтінін хабарлады.
Халықаралық Қылмыстық Соттың прокуроры Фату Бенсуда сионистік режимнің палестиналықтардың жеріндегі соғыс қылмыстары туралы зерттеуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді.
Фату Бенсуда желтоқсанның жиырмасы күні осы Соттың сионистік режимнің Ғаза секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қылмыстарын зерттеуге талпыныс жасайтынын хабарлап: «Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Шығыс Құдста соғыс қылмыстары жасалды. Халықаралық Қылмыс Сотының бұл мәселемен айналысуға шешім қабылдауы Палестина автономды құрылымының бес жылғы өтінішінің нәтижесі», - деді. Палестиналықтар Халықаралық Қылмыстық Соттың шешімін қуана қарсы алды.
Сионистік режим соңғы бірнеше жылда Ақ Үйдің қолдауымен палестиналықтарға қарсы қылмыстарын, әсіресе Ғаза секторындағы қылмыстарын қатты күшейтті. Халық өте тығыз қоныстанған осы аймақ 2006 жылдан бері құрлық пен әуе және теңізден Израильдің қоршауында қалып, аймақ тұрғындары көптеген қиындыққа душар болып отыр.
Израильдің Ғаза секторына жасаған көптеген шабуылында, әсіресе 2008, 2012, 2014 жылдарғы шабуылдары мен палестиналықтардың жалғасты «Оралу шерулерінде» осы уақытқа дейін мыңдаған палестиналық шәһид болып, жараланды.
Бұл мәселе әлемдік наразылықтарға себеп болып, Израиль «бала өлтіруші режим» деген лақап ат алды.
БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі Израильді палестиналықтардың адам құқығын қатты бұзғаны үшін айыптады. Алайда Америка сионистік режимді қолдап, қылмыстар мен адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге көзжұма қарап, «Израиль демократияның қолдаушысы, адам құқығын іске асырушы» деген уәж айтады.
Бұл Вашингтонның сионистік режимді ешбір шартсыз қолдау мақсатында айтқан ең үлкен өтірігі.
Өзін әлемде басты мемлекет санайтын Америка Израильдің адамгершілікке жат әрекеттерін қолдау саласында сол елдің мүддесіне сай ұстаным білдіруде.
Америка Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Твиттердегі парақшасында: «Израиль Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі емес. Біз Израильді нысанаға алған бұл заңсыз зерттеуге толығымен қарсымыз», - деп жазды.
Трамп үкіметінің жақтасқан ұстанымына қарамастан Халықаралық Қылмыстық Сот қарастыруға шешім қабылдаған сионистік режимнің адамгершілікке қайшы, заңсыз әрекеттеріне әлемдік біртұтас қарсылық Израиль мен қамқоршысы Американың күннен күнге оқшау қалып бара жатқанының белгісі.