Вашингтонның шәһид Солейманиді қастандықпен өлтіру себебі туралы қарама-қайшы ұстанымдары
АҚШ 3 қаңтарда заңсыз, қылмыстық әрекетінде Ирак басшыларының ресми шақыруымен осы елге барған Ислам революциясы Сақшылар корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы сардар Ғасем Солейманиді Хашд әш-Шааби халықтық күштері басшысының орынбасары Абу Маһди әл-Моһандес және оның серіктерімен бірге Бағдад әуежайына ұшқышсыз ұшақпен шабуыл жасау арқылы шәһид етті. Бұл әскери амалдың сылтауы сардар Солейманидің АҚШ елшілігіне шабуыл ұйымдастыруға талпынысы деп аталды.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонның сардар Солейманиді өлтірудегі қылмыстық әрекетін түсіндіру үшін ақылға қонымсыз уәж айтып: «Ол АҚШ-тың 4 елшілігіне шабуыл жасауды жоспарлап жүрді», - деді. Бұған қарамастан оның ақылға сыймайтын уәждері оның үкімет басшылары тарапынан теріске шығарылды. АҚШ Қорғаныс министрі Марк Эспер12 қаңтарда Трамптың сардар Солейманидің АҚШ елшіліктеріне шабуылдау ықтималы туралы айтқан уәждерін теріске шығарып, Иранның АҚШ-тың 4 елшілігіне шабуылды жоспарлағанын дәлелдейтін ешқандай анық айғақты көрмегенін айтты.
"Washington Post" газеті жазғандай, 2017 жылдың қаңтар айынан 2019 жылдың тамызына дейін 12 мыңнан аса өтірік пен негізсіз уәж айтып, "өтірікші Президент" деген атпен танымал Трамп өзінің қылмысы, яғни сардар Солеймани мен оның серіктерін өлтіруге бұйрық беруін түсіндіру үшін осы жолы да жалған уәжге жүгінді. Трамп уәждерінің АҚШ Қорғаныс министрі тарапынан теріске шығарылғанын былай қойғанда, мынадай сауал туындайды: Трамп сардар Солейманидің АҚШ елшіліктеріне шабуылдауды көздегені туралы уәждерін дәлелдейтін құжат көрсетті ме? Немесе басқа жүздеген жағдайлар сияқты ИИР-ға қарсы психологиялық соғыс жүргізу мақсатында өзінің Теһранға қатысты бүлдіргі қатынасын қисынды деп көрсету үшін негізсіз уәж келтірді ме?
Шын мәнінде Трамп үкіметі шамамен бір жарым жылдан бері сардар Солейманиге қастандық жасауды ойластырып жүрген, тек қолайлы уақытты күткен. АҚШ-тың қауіпсіздік басшылары сардар Солейманидің Иракқа сапарын қолайлы уақыт деп тауып, оны мен серіктеріне қастандық жасады. Ирак Премьер-министрі Адил Абдул-Махдидің айтуынша, сардар Солеймани 3 қаңтар күні таңертең онымен кездесіп, Сауд Арабиясының екі ел арасындағы текетіресті азайту туралы хатына Иранның жауабын беру үшін Иракқа келген.
Вашингтонның бұл мақсатын назарға ала отырып, Трамптың әскери-қауіпсіздік кеңесшілерінің көзқарасынша сардар Солеймани мен Абу Маһди әл-Моһандестің бір мезгілде Бағдадта болуы қолдан жіберіп алуға болмайтын мұрсат болды. Өйткені бұл екі адам ирандық және ирактық басты қолбасшылар ретінде ДАИШ-пен күресте түбегейлі рөл атқарып, сонымен бір мезгілде АҚШ-тың Батыс Азиядағы мақсаттарының орындалуы жолындағы шынайы кедергі болатын. Осылайша америкалықтар сардар Солеймани мен оның серіктерін жауыздықпен өлтіру арқылы үлкен қылмыс жасады. Шын мәнінде қастандық жасаудың салдарынан қорыққандықтан АҚШ-тың бұрынғы басшылары Джордж Буш пен Барак Обаманың мұндай іске дәттері жетпеген.
Қазір АҚШ Қорғаныс министрінің Трамптың уәждерін теріске шығарған сөздерінен кейін Вашингтон басшылары арасында АҚШ-тың қауіпсіздігі және сыртқы саясатындағы ең маңызды мәселелердің бірі туралы қарама-қайшы ұстанымдарының бары ғана анықталып қойған жоқ, АҚШ-тың жанжалды басшысының өтірігі тағы әшкереленді.