АҚШ үкіметі ирандық іскерлерге виза беруді тоқтатты
АҚШ үкіметі ирандық инвесторлар мен іскерлердің жұмыс істеуіне жаңа шектеулер қойып, бұл адамдарға виза беруге және оны ұзартуға тыйым салды.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ үкіметінің Ішкі қауіпсіздік министрлігі сәрсенбі күні "Federal Register" ресми газетінде жариялаған жаңа ережелерінде: "Ирандықтар мен олардың жанұялары Е-1 және Е-2 визаларын алу және ұзарту шарттарына сай келмейді. Бұл шектеулер бейсенбі күннен бастап заңдық күшке енеді",-деп мәлімдеді.
Мұндай визалар америкалық компанияларда жұмыс істейтін шетелдік іскерлер мен инвесторларға АҚШ-та өмір сүріп, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мұндай визамен АҚШ-та жүрген ирандықтардың саны белгісіз, бірақ өте аз болуы ықтимал.
АҚШ үкіметі тарапынан ирандық іскерлерге виза беруге тыйым салу мигранттарды қорғаушылардың дүйсенбі күні кешке (20 қаңтарда) Бостон Логан халықаралық әуежайында бір ирандық студенттің визасының күші жойылып, қамауға алынғанына наразылық ретінде жиын өткізген жағдайда орын алды.