Помпеоның Өзбекстанға сапары – Вашингтонның Орта Азияға ықпалын арттыруға талпынысы
(last modified Mon, 03 Feb 2020 19:01:29 GMT )
Ақп 04, 2020 01:01 Asia/Almaty
  • Помпеоның Өзбекстанға сапары – Вашингтонның Орта Азияға ықпалын арттыруға талпынысы

АҚШ Мемлекеттік хатшысы жексенбі күні, 2 ақпанда Өзбекстан астанасы Ташкентке барды. Помпео Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездесіп, артынан осы ел Президентінің қабылдауында болды.

Өзбекстан – Помпеоның Еуропа мен Орта Азияға сапарының соңғы мақсаты. Помпео Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлерімен бірге өтетін 5 ел+1 отырысына қатысады деп күтілуде. Помпео бұдан бұрын: "Біз міндетті түрде қауіпсіздік мәселесін, осы елдер арасындағы экономикалық бірыңғайлылық, саяси өзгерістер, экономика мен адам құқығының жағдайы туралы сұхбаттасатын боламыз",-деп мәлімдеді.

 5 ел+1 отырысы 2015 жылы АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Орта Азияға сапары кезінде қалыптасты. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрлері мен АҚШ Самарқанд отырысында тұрақты саяси келіссөздер өткізу үшін "5 ел+1" атты жаңа формат құруға келісті. Бұл отырыс өткеннен кейін Вашингтон АҚШ-тың Орта Азия елдерінің экономикалық дамуына көмектесуінің ұзақ мерзімді бағдарламасын жасауға келісілгенін хабарлады. Осы бағдарлама бойынша, Вашингтон Орта Азия елдерінің экономикалық қабілетін нығайтуға және олардың бәсекелестігін арттыруға көмектесетін болады. Помпеоның қазіргі сапары АҚШ-тың бұрынғы үкіметінің Орта Азия елдерімен қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған саясатын жалғастыру мақсатында орын алды. "Дипломат" газеті өз мақаласында: "Ауғанстандағы бейбіт үдеріс және Қытай мәселесі Помпеоның Орта Азия елдері Сыртқы істер министрлерімен келіссөздерінің басты өзегі болады",-деп еске салды.

Майк Помпео өткен бірнеше күн барысында Украина, Беларусь, Қазақстан мен Өзбекстанға кезеңдік сапар жасап, бұл елдердің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті. Сарапшылардың айтуынша, бұл сапар Ресейдің осы елдерге ықпалына қарсы тұру үшін ұйымдастырылды. Сенбі күні Қазақстанға барып, осы елдің бұрынғы және қазіргі басшысымен, сондай-ақ Сыртқы істер министрімен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы сапардың соңында: "Біздің аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты міндеттемелеріміздің арқасында болашақ жарқын болады",-деп мәлімдеді. Помпео жексенбі күні Twitter-дегі жеке парақшасында Қазақстанға сапарының мақсатын АҚШ пен осы елдің стратегиялық қарым-қатынасының маңыздылығын қайта растау деп атады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орта Азиядағы екі маңызды ел – Қазақстан мен Өзбекстанды өз сапарының мақсаты етіп алды. Бұл мәселе Вашингтонның аймаққа ықпал етуде әсіресе осы екі елмен қарым-қатынас деңгейін арттыруға баса назар аударып отырғанын көрсетеді. Мұнымен қоса, Вашингтон 5 ел+1 отырысын ұйымдастыру арқылы өз ойынша Орта Азияның 5 елінің Сыртқы істер министрлері деңгейінде кеңесулер өткізіп, АҚШ-тың аймақтық және халықаралық өзгерістерге қатысты көзқарастарын ортаға салуды көздейді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орта Азияға сапары Вашингтонның Ресей мен Қытайдың осы аймақтағы ықпалының артуына реакция деп бағаланып отыр.