Иранға салынған дәрі-дәрмек санкциялары Халықаралық әділет сотының үкіміне қайшы
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы: "АҚШ Иранның дәрі-дәрмек пен азық-түлік саласында банкаралық қатынас жолдарының барлығын жапты",-деді.
Аббас Мусави сәрсенбі күні Twitter-дегі жеке парақшасында АҚШ-тың дәрі-дәрмек пен азық-түлікке санкция салмағаны туралы уәждеріне тоқталып: "Америкалықтар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін гуманитарлық желіні іске қосу арқылы өз уәждерінің бос сөз және Халықаралық әділет сотының (ICJ) үкіміне қайшы болғанын ресми түрде растады. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік қазір санкция астында. Ал негізі санкцияда болмауы тиіс",-деді.
Халықаралық әділет соты 2018 жылдың 3 қазанында АҚШ-тың 1955 жылғы Иранмен арадағы өзара достық, экономикалық қарым-қатынас пен консулдық құқықты сақтау туралы хаттамасын бұзғанына байланысты Иранның АҚШ-тың үстінен түсірген шағымын қарастырып, АҚШ-тың Иранға қарсы дәрі-дәрмек, азық-түлік, гуманитарлық тауарлар мен авиация салаларындағы санкцияларының күшін жоюға үкім шығарды.
Халықаралық әділет сотының үкіміне қарамастан, әлі күнге дейін Иранға дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар мен азық-түлік импорттауға санкция салынып отыр. Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар санкцияға ұшырауына байланысты Иранда обыр және басқа да ауыр ауруларға шалдыққандар қиыншылыққа тап болып отыр. Америкалықтар Иран халқының негізгі құқықтарына немқұрайлы қарауда. Бұл адамзат қоғамының басты принциптері мен Халықаралық әділет сотының үкіміне қайшы.
ИИР Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні 27-ші "ИИР-ның жыл кітабы" атты жаһандық жүлдеге ие болғандарды марапаттау рәсімінде АҚШ санкцияларының заңсыз әрі халықаралық заңдарға қайшы екенін айтып: "АҚШ-тың Иран халқына санкция салуы – лаңкестік әрекет",-деді.
Мұндай жағдайда Швейцарияның Иранға дәрі-дәрмек импорттау үшін гуманитарлық желі ашуы жарнамалық сипатқа ие. Өйткені адам құқығы баптарына сәйкес гуманитарлық желі қалыбындағы механизм қабылданбайды. Жалпы дәрі-дәрмек мен азық-түлікке санкция салынбауы тиіс.
2018 жылдың 8 мамыры АҚШ Президенті Дональд Трамп "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығып, Иранға қарсы санкцияларды, соның ішінде дәрі-дәрмек пен азық-түлік санкцияларын қайта салды. Трамп Иран халқын қолдайтындай сыңай танытып, Twitter-дегі жеке парақшасында бірнеше пост жазып, Иран халқын аштан қатыратынын, тіпті бұдан да жауыз шарада Иранның бай мәдениет пен терең тарихқа ие халқын "лаңкес" деп атады.
АҚШ басшыларының "Иран халқын аштан қатыру" деген тіркесті қолдануы әлем елдеріне америкалықтардың осы қайсар халыққа жауластығының шарықтау шегіне жеткенін көрсетті. Иран халқы барлық қиындықтарға қарамастан, АҚШ-тың алдында тізе бүкпеді және қазір Ислам революциясы жеңісінің 41 жылдығының қарсаңында тұр.
Иран халқының АҚШ алдында тізе бүкпеуі "Біздің қолымыздан келеді" деген революциялық ұранның шындыққа айналуы болды. Бүгінде бұл ұран барлық салаларда, соның ішінде фармацевтика мен тамақ өнеркәсіптерінде орындалып жатыр.