АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тығырыққа тірелді
Иран Сыртқы істер министрі: «АҚШ-тың ядролық келісімде Иранға қарсы санкцияларды қайта салу үшін белгіленген механизмдерді теріс пайдалану жолындағы заңсыз шарасы қабылданбайды»,-деп қуаттады.
Мұхаммад Джавад Зариф бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында: «АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларды қайта салуға ешқандай құқығы жоқ. Сол себепті АҚШ-тың бұл шарасы Қауіпсіздік кеңесі мен халықаралық қауымдастық тарапынан қабылданбай тасталуы тиіс»,-деп баса айтты.
АҚШ 2018 жылы 8 мамырда «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шыққаннан кейін ұдайы Иранның ядролық келісімін жойып, оны жаңа келісіммен алмастыруға күш салды. АҚШ алғашқы қадамында Иран халқына қарсы экономиканың түрлі салаларына санкция салу және барынша қысымды арттыру саясатын күн тәртібіне қойды. Мұның өзі АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын ашық түрде бұзуы болды, өйткені аталмыш келісім Иранның экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуі тиіс.
Алайда бұл саясат нәтиже бермеді. Ақырында барынша қысым саясатын жобалаушы Брайан Хук Трамп үкіметінен отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Алғашқы қадамда сәтсіздікке ұшырағаннан кейін АҚШ-тың түрлі шенеуніктері Батыс елдерінің астаналарына іссапармен барып, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының еуропалық тараптарын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзарту мақсатындағы қарарды бекітуге көндіруге талпыныс жасады.
Осы аяда АҚШ өткен жұмада Иранға қарсы қару-жарақ санкциясын ұзарту туралы қарарды дауысқа салды, бірақ бір шағын елден басқа, Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің дауысына ие бола алмай, тағы да жеңіліс тапты.
АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шыққаннан бері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранға қарсы шаралар қабылдап келді, бірақ әрдайым сәтсіздікке ұшырап отырды. Соңғы жеңілістен кейін АҚШ тағы бір негізсіз әрекет жасап, Иранның ядролық келісімді бұзғанын сылтауратып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде осы ел үстінен шағым түсірді. Әрине мұның құқықтық негізі жоқ.
АҚШ бұрынғыдай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына негізделген №2231 қарарын қолдануға талпынып жатыр. Өйткені бұрын осы келісімнің бір мүшесі болды. Бұл аталмыш келісімнің принциптеріне қайшы. Осы келісімге мүше басқа елдер де АҚШ-тың одан шыққаннан кейін Моше механизмін қолдану құқығынан айырылғанын қуаттап отыр.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Маджид Тахтраванчи бейсенбі күні: «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарары «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын растады. Ал АҚШ бұл келісімге қатысуын тоқтатты. Сондықтан бұл елдің соңғы әрекеті ядролық келісім мен қарарға қайшы»,-деді.
Әлемдік қауымдастық АҚШ-тың маңызды халықаралық механизмдерді мазаққа айналдырып отырғанын түсінді. Бұл ел Қауіпсіздік кеңесі тетігін осы органның өзіне және басқа да халықаралық ұйымдарға, көпжақты механизмдерге қарсы қолданғысы келеді.
Осындай жағдайда АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі сәтсіздіктерін ескере отырып, әлемдік қауымдастық мемлекеттер арасындағы заңдар, ережелер мен келісімдерді сақтап қалуға белді бекем буып отыр. Бұл АҚШ-тың әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздік негіздерін шайқалтуға бағытталған саясатына «жоқ» деп айтылғанын білдіреді.