Вашингтонда Трамптың жақтастары мен қарсыластары арасында текетірес болды
АҚШ Президенті Дональд Трамп жақтастарының соңғы президенттік сайлау нәтижесіне наразылық білдіріп, шеру өткізуі Вашингтон қаласын жақтастар мен қарсыластар арасындағы қақтығыс алаңына айналдырды.
Трамптың ондаған мың жақтасының Вашингтон көшелеріндегі шеруі барысында АҚШ Президентінің жақтастары мен қарсыластары арасында қатты қақтығыс болды. Трамптың жақтастарын басқаруды Proud Boys сияқты ең әсірешіл оңшыл америкалық топтар қолға алса, Трампқа қарсыларды ANTIFA тобы басқарды деседі.
Трамп өз жақтастарынан АҚШ-тың түрлі қалаларында, соның ішінде Вашингтонда жиналып, президенттік сайлау нәтижесіне наразылық білдіруге шақырған болатын. Биылғы сайлауда халықтың және электорлар алқасының дауыс беруінде жеңіліс тапқан республикашыл үміткер Твиттердегі жеке парақшасында: «Вашингтон қаласында жүздеген мың адам өздерінің қолдауын білдірді. Олар заңбұзушылықпен өткен сайлауды қабылдамайды»,-деп жазды.
Трамп федералдық соттарға, электорлар алқасы және бәрінен маңызды өзінің көбіне қарулы әсірешіл жақтастарының көше шерулеріне ерекше үміт артып отыр. Сол себепті Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон сияқты адам АҚШ Президентімен пікір қайшылығы болса да, Республикалық партияның басшыларына ескерту жасап, «Бұл партия Трампты қойып, Байденді қалаулы Президент деп қабылдамаса, ауыр шығынға ұшырайды» деп айтты.
Ал Трамптың заңбұзушылық туралы уәждермен сәттілікке жетуі, оның жақтастарының сайлау нәтижесін өзгерту үшін көшеде кемпинг ұйымдастыру арқылы сәттілікке жетуі АҚШ қоғамын келешекте терең дағдарысқа ұшыратады.
Тәуелсіз сенатор Берни Сандерс: «Республикалық партия басшыларының президенттік сайлау нәтиесін қабылдаудан бас тартуы тек Байденге шабуыл емес, АҚШ демократиясына шабуыл. Бұл Республикалық партияның авторитаризм жолында әрекет етіп жатқанын көрсетеді»,-деді.
Трамп пен оның жақтастарының америкалық либерал демократияны әлсірету және ел басқаруда авторитарлық тәсілдерді енгізу пейілінің мысалдары жетерлік. БАҚ-тың рөлін әлсіретуден бастап сайлаудың дұрыстығына күмән келтіру және Президенттік лауазымда тұрақты түрде қалуға дейінгі ниетінен ашық байқалады.
Трампқа қарсылардың кейбіреулері соңғы күндерде АҚШ-тың қазіргі Президентін Адольф Гитлермен салыстырып, оның жақтастарын фашист деп атауға дейін барды.
Алайда Трамп пен оған қарсылардың сөз таласын былай қойғанда, АҚШ ішкі саяси-экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарға байланысты қатігез экстремистік бүліктер мен тынышсыздықтар алдында тұр. Мұның бәрі коронавирустың осы күнге дейін 250 мыңнан аса америкалықты құрбан еткен жағдайында орын алып жатыр.