Беларусь Президенті билікті тапсыруға шарт қойды
Беларусь елі Александр Лукашенконың президенттік сайлауда қайта сайланғанынан кейін ішкі наразылықтарға душар болды. Оппозиционерлер оның биліктен кетуін талап етіп отыр.
Осыған қатысты соңғы өзгерістерде Кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін 26 жыл бойы билік басында отырған Беларусь Президенті Александр Лукашенко жаңа конституция бекітілген жағдайда биліктен кетуге дайын екенін жариялады. Ол жаңа конституция бекітілмеген жағдайда биліктен кетудің «қиын боларын» айтты. Ресей Лукашенконың жаңа ұстанымын қолдап отыр.
Беларусьтағы наразылар Лукашенконың конституцияға түзетулер енгізіп, президенттің өкілеттігін шектеу туралы ұсынысын қабылдамай тастады.
Беларусьтағы президенттік сайлауда жеңіліс тапқан үміткер әрі оппозиционерлердің жетекшісі Светлана Тихановскаяның аға кеңесшісі Франак Вячорка Твиттердегі жеке парақшасында: «Оппозиционерлер қозғалысы конституцияға өзгеріс енгізілгенге дейін президенттік сайлаудың нәтижесіне наразылықтарын жалғастыра береді»,-деп жазды.
Беларусьтағы президенттік сайлау 9 тамызда өтті. Лукашенко 80 пайыз дауыс жинап, алтыншы рет президент болып сайланды. Оппозиционерлер сайлаудың ашық та таза өтпегенін, онда заңбұзушылық болғанын айтып отыр.
Бұл арада Еуропа елдері мен АҚШ бір мезгілде Александр Лукашенконы Беларусьтың қалаулы Президенті ретінде ресми түрде танымайтындарын және Беларусь үкіметінің наразыларға қатынасын қатаң сынайтынын жариялады.
Еуроодақ пен АҚШ Беларусь ісіне ашық түрде араласып, саяси қысымды арттырды, наразылар мен оппозиционерлерге жан-жақты қолдау көрсетті және Беларусь үкіметінің жоғары лауазымды тұлғаларына қарсы ауқымды санкциялар салды, яғни түрлі түсті революция ұйымдастыру үшін қолданылатын механизмдерді пайдаланды.
Батыс елдерінің мақсаты – Ресейдің батыс шекараларын Батысты қолдайтын үкіметтермен қоршау.
Лукашенконың билікті тапсыруға дайындығы туралы жаңа ұстанымы оның шұғыл түрде биліктен кетуін талап етіп отырған оппозиционерлердің алдын орау үшін қабылданғанға ұқсайды.