БАӘ-ге қару-жарақ сатуды тоқтату үшін Помпеоның үстіне шағым түсірілді
АҚШ Дональд Трамптың билігі кезінде Парсы шығанағы маңындағы елдермен, әсіресе БАӘ-мен ірі қару-жарақ саудасы жүргізілді. Бұған қарамастан, Трамп билігінің соңғы апталарында БАӘ-ге қару-жарақ сатуға қарсылықтар шарықтау шегіне жетті.
«Нью-Йорктегі сыртқы саясат орталығы» атты бір тәуелсіз топ (New York Center For Foreign Policy Affairs) сәрсенбі күні федералдық сотқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның үстінен шағым түсіріп, БАӘ-ге 23 млрд доллар тұратын дамыған әскери жабдықтар мен қару-жарақ сату келісімін тоқтатуды талап етті.
Мұндай шағымның түсуі АҚШ-та соғысқа қарсы және адам құқығын қорғау ұйымдары мен мекемелер тарапынан ауқымды қарсылықтардың барын білдіреді. Бұдан бұрын қару-жарақты бақылау және адам құқығын қорғаумен айналысатын 29 ұйым БАӘ-ге 23 млрд долларға зымыран, қырғи ұшақ пен ұшқышсыз ұшақтың сатылуына қарсылық білдіріп, АҚШ Конгресіне хат жазып, осы келісімнің күшін жоюды сұрады. Бұл хатта былай делінген: «Йемен және Ливиядағы қақтығыстарға қатысып жатқан елдердің бірі БАӘ-ге қару-жарақ сату бейбіт тұрғындардың зардап шегіп, адами апаттардың күшеюіне әкеліп соқтырады». Ақ үй мен Конгрестің, әсіресе Сенат палатасының республикашылдары бұрынғыдай араб шейхтеріне қару-жарақ сатуға табандылық танытып отыр.
Университет ұстазы әрі осы шараның қолдаушыларының бірі Сет Биндер: «Қару-жарақ сатылымы толық тоқтатылады деген үміт бар. Алайда қысқа мерзімде бұл мәселе шешілмесе, Байден үкіметіне бір маңызды жолдау болмақ. Өйткені қару-жарақтардың жіберілуіне қарсы түрлі ұйымдар бар»,-деді.
БАӘ-нің саудиялық коалиция қалыбында Йемен соғысына қатысып, осы елдің халқына қарсы адамгершілікке жат қылмыстар жасауына байланысты АҚШ-та соғысқа қарсы және адам құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан осы елдің БАӘ-ге қару-жарақ сатуының артуына қатты қарсылық жалғасып жатыр. Бір жағынан БАӘ Ливиядағы азаматтық соғыста да басты рөл ойнайды, өйткені өзін Ливия ұлттық армиясының қолбасшысы санайтын Халифе Хафтар күштеріне ауқымды қолдау көрсетіп отыр. Осы күнге дейін БАӘ аталмыш қақтығыстарға тікелей қатысумен қоса, миллиондаған доллар тұратын қару-жарақтың түр-түрін көмек ретінде Ливияға жіберді. БАӘ өзін аймақтағы ойыншы ретінде көрсетуге және мұнайдан түсетін табысқа сүйеніп, аймақтық мақсаттарын орындауға тырысуда. БАӘ Трамп үкіметі билігі кезінде араб елдерінің ішінде бірінші болып сионистік режиммен қарым-қатынасты қалыптандыруға кірісті. Мұндағы мақсаттардың бірі америкалық дамыған әскери құралдар, соның ішінде F-35 қырғи ұшағының бесінші буынын алу болды. Трамп үкіметі АҚШ-тың әскери-өнеркәсіп кешендерінің мүдделерін сақтау үшін БАӘ-мен осы ірі қару-жарақ келісімінің орындалуын талап еткенімен, қазір Дональд Трамптың билігіне бір айдан аз уақыт қалғанда соғысқа қарсы және адам құқығын қорғау ұйымдарының аталмыш келісімге қарсылығы үдей түсті. Яғни АҚШ-тың келесі Президенті Джо Байденнің билігі кезінде қару-жарақ саудасының перспективасы күмәнді болмақ.