Зарифтің Шерманға жауабы: Ядролық келісім туралы қайта келіссөз жүргізілмейді
(last modified Fri, 05 Mar 2021 13:06:01 GMT )
Нау 05, 2021 19:06 Asia/Almaty
  • Зарифтің Шерманға жауабы: Ядролық келісім туралы қайта келіссөз жүргізілмейді

ИИР Сыртқы істер министрі АҚШ Президенті Джо Байден үкіметінің өтінішіне жауабында тағы бір рет «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының қайта талқыға салынбайтынын айтты.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарлығына үміткер Венди Шерман сәрсенбі күні: «Геосаяси жағдай өзгерді. АҚШ-қа «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан мықтырақ әрі ұзағырақ келісім керек»,-деп уәж айтты.

ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф бейсенбі күні Твиттердегі жеке парақшасында: «Егер 2021 жыл 2015 жылдай болмаса, 1945 жыл да емес. Сондықтан БҰҰ жарғысы өзгертіліп, АҚШ сан рет теріс пайдаланған вето құқығы жойылуы тиіс»,-деп жазды.

Бұл күндері Байден үкіметі «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы туралы түрлі ұстанымдар білдірді. Онда жаңа ештеңе жоқ, сол баяғы Трамп үкіметінің жеңіліс тапқан барынша қысым саясатын жалғастыруға талпыныс байқалады. АҚШ-та Байден үкіметінің сыртқы саясат командасының жариялаған ұстанымдары атқарылып жатқан істерге сәйкес келмейді. Олар тек дипломатиялық жолдың ашық екенін айтуда.  

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Байден үкіметіне: «Ақ үй одақтастарының мүдделері сақталуы үшін Трамп үкіметінің Иранға қарсы барынша қысым саясатын бұрынғыдай жалғастыра беріңіздер»,-деп кеңес берді.

Трамптың төрт жылдық билігі көрсеткендей, барынша қысым саясаты АҚШ-ты Иранға қатысты мақсаттарына жеткізе алмады. Иран халқы барынша қарсыласу саясатын ұстанып, АҚШ-ты жеңіліске ұшыратты. Байден үкіметінің осы жолды қайталуы – стратегиялық қателік. Өйткені Иран өзінің мақсат-мүдделерін қамтамасыз етуде шетелдік ойыншылардың ерік-жігеріне тәуелді емес.

Иранның АҚШ-қа «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта оралу үшін қойып отырған шарты – санкцияларды жою. Кез келген саяси қысым мен қоқан-лоққы жағдайды ушықтырып жібереді. Иран ешқашан өзінің принципінен бас тартпайды. Осы арада Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінде бекітілген санкцияларды жоюға бағытталған стратегиялық шаралар заңы – «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында Иранның мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мықты негіз.

Иран ядролық келісімдегі өзінің барлық міндеттемелерін іс жүзінде орындады. АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы өз міндеттемелерін орындамайынша, Иран оның келісімге қайта оралуын қабылдамайды. АҚШ санкцияларды жойып, іс жүзінде шаралар қолдану арқылы ядролық келісімге қайта оралуға міндетті. Өйткені Ақ үй осы ядролық келісімнен шығу арқылы уәде бұзды. Санкцияларды әсерлі түрде жою – АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта оралуының айқын жолы. Егер онда тиісті ерік-жігер болса, келіссөзден қорқатын ешкім жоқ.

Иран мен АҚХА-ның үш айлық уақытша келісімі – дипломатиялық шараларға берілген мұрсат. Осы аралықта Батыс тарабы «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында белгіленген міндеттемелерін орындап, соның ішінде Иранға қарсы санкцияларды жойып, ядролық келісімді қауіпті жағдайдан құтқара алады.

Иран үкіметі Мәжіліс бекіткен заңның арқасында елдің мақсат-мүдделерін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық қолдауға ие болып отыр. Алдағы үш айда Батыс тарабы өз міндеттемелерін орындамаса, Иранның бейбіт ядролық жұмыстары ілгерілей беретін болады.