Maм 28, 2021 19:59 Asia/Almaty
  • БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Газа соғысындағы Израиль қылмыстары туралы есеп берді

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Мишель Бачелет бейсенбі күні сионистік режимнің Палестина қарсыласу топтарымен 12 күндік соғысы және Газа секторына қылмыстық шабуылдары туралы есебін жариялады.

Ол өз есебінде басып алынған Палестинада жауластықтың күшейгеніне тоқталып: «Палестиналықтарды Шейх-Джаррах ауданынан көшіру және Израиль әскрилерінің әл-Ақса мешітінде орналасуы соңғы қақтығыстарды күшейтіп жіберді»,-деді.

Мишель Бачелет сионистік режимнің Газа секторында әскери емес нысандарға шабуылдарына тоқталып: «Израиль Газада қарулы топтарды бомбаладық деп уәж айтады, бірақ оның шабуылдары бейбіт тұрғындардың қаза тауып, жаралануына алып келді. Бізде содыр топтардың Газада қиратылған әскери емес нысандарды пайдаланғанын дәлелдейтін ешбір құжат жоқ»,-деді.

Шын мәнінде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары сионистік режимнің уәждерін теріске шығарды.

Сионистік режимнің Газаға соңғы әуе шабуылдары бұрын-соңды мұндай ауқымды болған емес. Соның салдарынан көптеген тұрғын үй қиратылып, палестиналықтардың, соның ішінде әйелдер мен балалардың бірсыпырасы қаза тауып, жарақаттанды.

Саяси сарапшы Ахмед Абузахри: «Израиль Газа секторындағы әскери емес нысандар, соның ішінде мектептер, мешіттер, тұрғын үй кешендері мен мемлекеттік кеңселерді нысанаға алу арқылы палестиналықтарға қарсы жан-жақты соғыс бастады. Бұл шабуылдар Палестина халқы мен қарсыласу күштерінің ауқымды реакциясын тудырды»,-деді.   

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары қозғаған тағы бір мәселе мынау: Газа секторы – әлемдегі ең ірі ашық зындан. Шын мәнінде Израиль тек соңғы жылдарда Газа секторына айуандықпен шабуыл жасап, палестиналықтарды қырып-жойып, олардың үйлері мен инфрақұрылымын қиратып жатқан жоқ, 2007 жылдан бері палестиналықтар көп шоғырланған ауданды жан-жақты қоршауда ұстап келеді. Израильдің бұл әрекеті адамзатқа қарсы жасалған қылмыстың айқын үлгісі саналады.

Мишель Бачелеттің есебінен кейін БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі сионистік режимнің Палестина халқына қарсы қылмыстары туралы тергеу комитетін құруға келісті.  БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде аталмыш тергеу комитетін құру туралы қарардың алғынұсқасы 24 оң, 9 теріс және 19 қалыс дауыспен бекітілді. Осы комитет Израильдің басып алынған Палестинаның түрлі аудандарындағы палестиналықтарға қарсы қылмыстарының түрлі қырлары одан ары әшкереленіп, сионистік режим мен оған әрдайым қалтқысыз қолдау көрсетіп келе жатқан батыстық демеушілер, әсіресе АҚШ-тың абыройы айрандай төгілуіне себеп болатын сыңайлы. 

Тегтер