Сақшылар корпусы бас қолбасшысының АҚШ-тың аймақтағы мақсаттарына сараптамасы
Ислам революциясы Сақшылар корпусының бас қолбасшысы сардар Хұсейн Салами америкалықтардың аймақта әскер орналастыруының басты мақсатын аймақ елдерінде үздіксіз текетірестерді сақтап, тынышсыздық тудыру деп атады.
Сақшылар корпусының бас қолбасшысы АҚШ-та билікке Джо Байден сияқты тұлға келгеннен кейін Ақ үйдің қарым-қатынасы өзгермейтінін айтып: «АҚШ-тың тәсілдері өзгеруі мүмкін, бірақ бұл елдің мақсаттары өзгермейді»,-деді.
Сақшылар корпусының бас қолбасшысы АҚШ-тың Батыс Азиядағы стратегиясының көпқырлылығын ашық түрле саралап берді. Сараптамада шын мәнінде АҚШ-тың Батыс Азиядағы үстемшілдік мақсат-мүдделерін сақтауға бағытталған сыртқы саясаты мен стратегиясының тұрақты бөлігін құрайтын жайттар айтылған.
Сақшылар корпусының бас қолбасшысы осы орайда ислам елдерінде тынышсыздықты арттыруды АҚШ-тың осы елдерді әлсіретуге бағытталған мақсаттарының бірі деп атап: «АҚШ-тың тұрақты стратегиясы – ислам елдерінің күш-қуат құрылымын бұзу және ислам әлемінің энергетикалық және экономикалық көздерін басып алу. Сондықтан америкалықтар Байденнің кезінде де осы стратегияны ұстанатын болады. Оларға сенім жоқ. Олар бұрынғыдай Израиль мен Сауд Арабиясына қолдау көрсетіп отыр»,-деді.
Маңызды сауал: АҚШ-тың Батыс Азиядағы стратегиялық мүдделері қандай?
Осы сұраққа жауап берерде бірнеше жайтқа назар аудару керек: біріншіден, АҚШ үшін Батыс Азияның маңыздылығы төмендемегені былай тұрсын, әсіресе әскери теңгерім өзгеріп, қарсыласу қозғалысының күш-қуат қатынасына әсер еткенінен кейін арта түсті.
Осы қатынаста қуат көздерін басып алу және Батыс Азияда текетірес пен тынышсыздық тудыру АҚШ-тың аймақтық бәсекелестіктегі қысым тетіктерінің бірі ретінде аталып отыр.
Экономикалық дипломатия жөніндегі сарапшы Хұсейн Хаджилу: «ДАИШ жойылғаннан кейін қарсыласу қозғалысын қолдайтын елдер әскери-қауіпсіздік салаларында салыстырмалы түрде тұрақтылыққа жетті. Бірақ АҚШ қарсыласу өзегі құрамындағы елдерге экономикалық қысым жасау арқылы өз мақсаттарын көздеп отыр»,-деді.
Екіншіден, АҚШ-тың Батыс Азиядағы стратегиялық мүддесі – Израильдің заңсыз режимін сақтау. Аймақта тынышсыздық тудырып отырған лаңкестік база саналатын Израильді қолдау – шын мәнінде АҚШ-тың заңсыз мүддесін сақтау негіздерінің бірі.
Үшіншіден, АҚШ-тың аймақтық стратегиясындағы маңызды бағыт – Иранды ауыздықтау. Бұл АҚШ-тың Батыс Азиядағы сыртқы саясатының басты мақсатына айналды. АҚШ санкциялар арқылы Иранға барынша қысым жасауға тырысты. Бірақ ол өз мақсатына жете алмады. Осыдан кейін қауіпсіздік саласына барынша қысым жасауды күн тәртібіне қойды. 2020 жылы 3 қаңтарда АҚШ-тың лаңкестік күштері Бағдад әуежайына жақын маңға зымырандық шабуыл жасап, Иракқа ресми сапармен барған Иранның «Құдс» күштерінің қолбасшысы сардар Қасым Солеймани мен оның серіктерін шәһид етті. Лаңкестік әрекеттен кейін Ирак Парламенті америкалық сарбаздарды шығару туралы қарарды бекітті.
Сақшылар корпусының бас қолбасшысы осы салада АҚШ-тың аймаққа басқыншылығының жалғасып жатқанына тоқталып: «Олар бұрынғыдай Иракта басқыншы сияқты әрекет етуде, ал Сирияда әлі де соғыс отын тұтатып жатыр. Олардың оты саудиялықтардың қолымен Йемен халқының үстіне жауып жатыр. Олар тек Ауғанстаннан қашып шығуға мәжбүр болды»,-деді.
Қазіргі таңда Батыс Азияда АҚШ-тың 46 әскери базасы бар. Бірақ аймақта әскери-қауіпсіздік жағдайы өзгерді.
Сақшылар корпусы бас қолбасшысының сараптамасында аймақтың жағдайына айқын сипаттама берілген.
Сардар Салами: «Америкалықтарда аймақтан кетуден басқа амал жоқ. Ал егер шықпаса, қуылып шығарылады. Олар мұны белгілі бір деңгейде түсінген сыңайлы»,-деді.