АҚШ-тың аға қолбасшысы Ауғанстандағы азаматтық соғыс туралы ескертті
(last modified Wed, 30 Jun 2021 13:43:11 GMT )
Маусым 30, 2021 19:43 Asia/Almaty
  •  АҚШ-тың аға қолбасшысы Ауғанстандағы азаматтық соғыс туралы ескертті

Ауғанстандағы АҚШ пен НАТО күштерінің қолбасшысы генерал Остин Скотт Миллер сейсенбі күнгі баспасөз конференциясында Ауғанстандағы қауіпсіздік жағдайдың нашарлап бара жатқанын және азаматтық соғыс басталуы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, егер халықаралық күштер шыққаннан кейін ел басшылары біріге алмаса, «өте қиын шарттарды» күту керек.

Миллер: «Қазіргі уақытта қауіпсіздік жағдай жақсы емес. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, азаматтық соғыс әрине алыс емес. Бұл әлемді алаңдатуы керек», - деді. Ол Талибан тобын былтыр АҚШ-пен жасалған келісімге сәйкес зорлық-зомбылықты азайта алмады деп айыптады. Бұл мәлімдеме Ауғанстандағы АҚШ әскерлері мен НАТО күштері  кетіп жатқан кезде айтылды.  Германия армиясы сейсенбі күні кешке Ауғанстандағы соңғы әскерін шығарып, бұл елдегі 20 жылдық миссиясын аяқтағанын хабарлады. Ағымдағы 2021 жылдың мамырынан АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан шығуын бастағаннан осы күнге дейін Талибан Ауғанстанның көптеген аймақтарын өз бақылауына алды.БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Дебора Лайонс 7 күн бұрын: «Соңғы екі айда Талибан Ауғанстанның 370 ауданының 50-ден астамын өз бақылауына алып, көптеген қалаларды қоршап, Кабулға жақындады»,- деп жариялады. Жақында  Талибан  елдегі 100-ден астам ауданды өз бақылауына алды деп мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай АҚШ-тың ауғандық күштерге  әуе қолдауын  жеткілікті көрсетпеуінің нәтижесі. Wall Street Journal: «АҚШ барлау сарапшылары мен әскери басшыларының соңғы пікірінше, Ауғанстан үкіметі мен оның астанасы Кабул АҚШ әскерлері шығарылғаннан кейін 6-12 айдың ішінде құлдырауы мүмкін»,- деп жазды. Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани ауған қауіпсіздік күштері тәліптерді тойтаруға және оларды жеңуге толық қабілетті деп санағанымен,  кейбір сарапшылар Ауғанстанның қазіргі әскери-қауіпсіздік жағдайын  және Талибанның әртүрлі аймақтарында алға жылжуын ескере отырып,    шетелдік әскери күштердің бұл елден шығарылуымен және әуе қолдауының болмауынан Ауғанстанның тәліптердің қолына түсу қаупі екі есе артты деп санайды.