Иран, Қытай мен Ресей әлемде ортақ мүдделер мен тақырыптарға ие
ИИР Президенті Қытай және Ресей басшыларымен телефон арқылы сұхбатында осы екі елмен қарым-қатынасты дамыту мен нығайтуды Иранның жаңа үкіметінің басты басымдығы деп мәлімдеді.
Ибраһим Раиси сәрсенбі күні Ресей Президенті Владимир Путин және Қытай Президенті Си Цзиньпинмен жеке-жеке телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты және көпжақты қарым-қатынас, әсіресе Ауғанстан мәселесі туралы сұхбаттасты.
Иран Президенті Қытай басшысымен телефон арқылы сұхбатында: «Қытаймен ынтымақтастық деңгейін арттыру – Иран үкіметінің сыртқы саясатындағы басты басымдық. Иран Қытаймен Ауғанстанда қауіпсіздік, тұрақтылық пен тыныштық орнату мақсатында әріптесуге дайын»,-деді.
Бұған дейін Ибраһим Раиси Ирак Премьер-министрі Мұстафа әл-Каземимен телефон арқылы сұхбатында: «Мықты, тәуелсіз, біртұтас, қауіпсіз, абадтандырылған және дамыған Ирак – екі елдің екіжақты және аймақтық әріптестігін дамыту үшін қойған басты күн тәртібі»,-деді.
Иран Президентінің Қытай, Ресей және Ирак басшыларымен телефон арқылы сұхбаты Иранның жаңа үкіметінің сыртқы саясатындағы басты басымдықты айқындап берді: Теһранға аймақтағы ірі елдер мен көршілер айрықша маңызды.
Иран, Қытай мен Ресей – аймақтағы ең маңызды әрі ықпалды үш ойыншы. Олар өзара қарым-қатынасты дамытумен қоса, халықаралық сахнада ортақ мүдделер мен тақырыптарға ие. Теһран, Бейжің және Мәскеу халықаралық сахнада АҚШ-тың біржақты қатынасына қарсы.
Халықаралық қарым-қатынаста АҚШ-тың біржақты қатынасы аймақ пен әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қатерге тігіп отыр. Осындай жағдайда Иран, Қытай мен Ресей консультативтік механизмді нығайту арқылы екіжақты қатынасты нығайту және жан-жақты әріптестікті дамытумен қоса, әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту аясында аймақтық және халықаралық мәселелер туралы тұрақты да ауқымды кеңестер өткізу арқылы айрықша рөл ойнай алады.
Бұл күндері Ауғанстан – аймақ елдері мен көршілер үшін маңызды тақырып. Ауғанстанда тұрақтылық, қауіпсіздік пен бейбітшілік орнату – ауған халқы мен аймақтағы маңызды ойыншылардың қалауы. Осындай жағдайда Иран, Қытай мен Ресей жан-жақты әріптесе отырып, Ауғанстанға қатысты ұдайы кеңесіп, ортақ бастама ұсына алады.