Путин Байденнің Ауғанстанға жақын жерде база ашу туралы ұсынысын қабылдамады
(last modified Fri, 20 Aug 2021 12:44:24 GMT )
Там 20, 2021 18:44 Asia/Almaty
  • Путин Байденнің Ауғанстанға жақын жерде база ашу туралы ұсынысын қабылдамады

АҚШ-тың Wall Street Journal газеті бір мақалада: «Ресей Президенті Владимир Путин 16 шілдеде АҚШ Президенті Джо Байденмен кездесуінде Вашингтонның Орта Азия елдерінде қандай да бір шара қолдану туралы ұсынысына қарсылық білдірді»,-деп жазды.

Путин осы қарсылық арқылы АҚШ әскерилері Ауғанстаннан шыққаннан кейін «лаңкестік қатерлер» деп аталатын нәрсемен күресу үшін Вашингтон жоспарлаған бағдарламалардың орындалуына кедергі жасады.  

Ресей мен АҚШ басшылары арасындағы кикілжің алғаш рет БАҚ-та таралып жатыр. Байден үкіметінің америкалық күштерді шығарғаннан кейін Ауғанстанға көршілес елдерде ұшқышсыз ұшақтар мен әскери күштерді орналастырмақ болған үміттері көкке ұшты.

Осы мәселенің қазір жария болуы мынаны көрсетеді: АҚШ Ауғанстаннан шыққаннан кейін осы елдің жағдайын бақылауды жалғастыру үшін осы елге жапсарлас аймақтарда, әсіресе Орта Азияда әскер орналыстырғысы келді. Бірақ Путин оның бұл ұсынысына теріс жауап берді.

АҚШ лаңкестікпен күресті жалғастыру сылтауымен және Ауғанстанның жағдайын бақылауда ұстау мақсатында бірнеше айдан бері америкалық әскерилерді Ауғанстанға көршілес елдер, әсіресе Орта Азияға орналастыру мәселесін көтерген болатын.  

АҚШ әскерилерін Ауғанстаннан шығаруды аяқтағаннан кейін Пентагон: «Біздің Ауғанстандағы әскери және барлау жұмысымыз әл-Каида мен ДАИШ сияқты лаңкестік топтармен күресіп, бақылаумен шектелген. Бірақ Ауғанстаннан тысқары жерде де лаңкестердің қоқан-лоққыларын бақылауда ұстай аламыз»,-деп уәж айтқан еді.

Пентагон Ауғанстанмен көршілес бір немесе бірнеше елде тыңшылық ұшақтарын орналастырып, басқа да мүмкіндіктерді жасауға үміттенген. Бірақ іс жүзінде Ресейдің қатаң қарсылығына ұшырап, бұл салада мүлде әрекет ете алмады.

Путиннің қарсылық білдіруі көрсеткендей, Мәскеу бұдан бұрынырақ Орта Азияны өзінің ықпал аймақтарының бірі ретінде сақтауға шешім қабылдады. Сондықтан Ауғанстанға ықпал ету және бақылау орнатуға қатысты АҚШ-пен әріптестік жасауды қаламайды.

Негізі Ресей АҚШ-тың Орта Азияда орналасу туралы мәлімдемесіне оң көзқарас танытпады. Бұдан бұрын лаңкестікпен күресу үшін АҚШ-тың Қырғызстан мен Өзбекстанда әскери база орналастыруына келіскен болатын.

Кейінгі жылдары осы екі елде АҚШ базалары жабылған соң Мәскеу Вашингтон әскерінің осы аймақта болуына қарсылық білдіріп, оны Ресейдің осы аймаққа дәстүрлі ықпалымен күресу деп бағалады.

Осы орайда Ресей Президентінің Ауғанстан істері жөніндегі өкілі Замир Кабулов осыдан біраз бұрын: «АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстаннан шығарылуы олардың Орта Азияда орналасуына жол ашпауы керек»,-деп мәлімдеді.

2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ лаңкестікке қарсы жаһандық соғыс бастап, Өзбекстан мен Қырғызстанға әскери база орналастырған болатын. Бұған қарамастан, кейінгі жылдары ішкі-сыртқы қарсылықтарға байланысты бұл базалар жабылып қалды.

Кейінгі тәжірибе көрсеткендей, Вашингтон базаларды осы елдерде өз ықпалын жүргізу үшін теріс пайдаланды. Сол себепті Мәскеу бұған қатаң қарсылық білдіріп отыр.   

Ресей басшыларының пікірінше, Вашингтон Ауғанстанды басып алған жылдары бұл елді аймақта өз геосаяси ықпалын арттыру үшін плацдарм ретінде пайдалануға тырысты. Қазір да Орта Азияға қатысты осындай жоспарды жүзеге асырмақ.

Саяси сарапшы Майя Карлин: «Мәскеу мен Бейжіңнің Ауғанстанда бөлек мақсаттары бар, бірақ олардың екеуі де АҚШ-тың тек осы елде ғана емес, Орта Азияда да ықпалының азайғанын қалайды»,-деді.