Ауғанстан – Иран президенті мен Аустрия канцлері арасындағы сұхбаттың басты тақырыбы
ИИР саясаты аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға негізделген. Сол себепті Иран Ауғанстан мәселесін түрлі топтардың қатысуымен шешіп, елде тыныштық орнатып, мұнымен қоса көршілес елдердің қауіпсіздігіне сызат түсірмеуге бар күшін салып келеді.
Иран президенті Раиси дүйсенбі күні Аустрия канцлері Себастьян Курцпен телефон арқылы сұхбатында Ауғанстандағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп: «Иран Ауғанстанда бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолында әрдайым үздіксіз талпыныс жасап келеді. Осы мәселеге көмектесу үшін жауапкершілік сезінетін барлық мемлекеттермен әріптестік жасауға дайынбыз»,-деді.
Бұл қатынас екі тұрғыдан маңызды:
Біріншіден, Иран мен Ауғанстан – екі көршілес ел. Бұл жағдайда Ауғанстандағы жағымды да жағымсыз өзгерістердің Иранға әсер ететіні анық.
Екіншіден, Иран өткен 40 жылда Ауғанстанға қайтарымсыз қолдау көрсетуде жағымды да сындарлы рөл атқарды.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы дүйсенбі күнгі баспасөз отырысында: «Қазір Ауғанстанда куә болып отырған жағдай өз қауіпсіздігін АҚШ-пен байланыстыратын адамдарға үлкен сабақ болды»,-деді.
Хатибзаде: «АҚШ тек өз мүддесін көздейтінін, тіпті өз одақтастарын да назарға алмайтынын дәлелдеді. АҚШ күштерінің Ауғанстанда болуы адам шығыны, материалдық зиян мен кедейліктен басқа еш нәтиже бермеді. Ақыр соңында америкалық күштер сорақы жағдайда елді тастап кетті»,-деді.
АҚШ Ауғанстанда Ирактағыдай соғыс қылмыстарын жасады. Бұған қатысты да жауап беруі тиіс.
Иран Жоғары сотының адам құқығы штабы дүйсенбі күні Твиттердегі жеке парақшасында БҰҰ-ның статистикасына сәйкес америкалықтардың Ауғанстанды басып алған кездегі қылмыстарының бір бөлігіне тоқталып: «Соңғы 30 айда (2021 жылдың маусым айының аяғына дейін) АҚШ-тың бақылауындағы Ауғанстанда 6320 бала өлтірілді немесе жараланды»,-деп жазды.
Иранның Адам құқығы штабы: «Батыс ақпарат құралдары америкалық сарбаздың құшағындағы бір ауған баланың суретін тарату арқылы әлемдік қауымдастықтың алдында өз әскерилерінің қылмыстарын жуып-шаюға тырысады»,-деп баса айтты.
Осыдан бұрынырақ бір америкалық сарбаз АҚШ күштерінің ауған балаларын жарылғыш қақпандарды анықтау үшін пайдаланғанын әшкере етті.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи қажылыққа байланысты әлем мұсылмандарына жолдауының бір бөлігінде АҚШ-тың Ауғанстанда болуды қате түсінетініне тоқталып: «Осы қате түсінік салдарынан АҚШ Ауғанстанда масқараланды. 20 жыл бұрын даңғаза ұранмен Ауғанстанға кіріп, бейбіт әрі қорғансыз халыққа қарсы қару кезеніп, бомбалағаннан кейін міне, өздерін батпаққа батқандай сезініп, өз әскері мен қару-жарақтарын елден шығаруға мәжбүр болды»,-деді.
Ауғанстан – шын мәнінде АҚШ басқыншылығы мен ішкі іске араласушылығының құрбаны. Бүгінде бұл елдің басқыншылыққа ұшырап, жүздеген мың сарбаз жіберіліп, миллиардтаған доллар қаражат жұмсалғанына 20 жыл болды. Басқыншылардан қалған нәрсе – соғыс пен бейберекеттік.