Ауғанстанға көршілес 6 елдің ортақ мәлімдемесі
Пәкістан СІМ Ауғанстанға көршілес 6 елдің ортақ мәлімдемесін жариялап: «Ауғанстан халқы өз болашағын өзі анықтауы керек. Кез келген бейбіт бітім жобасы олардың арман-мақсаттарына сәйкес жасалуы тиіс»,-деді.
Мәлімдеме: «6 ел – Иран, Пәкістан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай Сыртқы істер министрлерінің онлайн сұхбаты конструктивті сипатта болды»,-делінген.
Ауғанстанға көршілес елдер отырысында қол жеткізілген келісімдер, соның ішінде бұл елде тәуелсіз әрі жан-жақты үкімет құру қажеттігіне келісу өте маңызды да құнды. Шын мәнінде Ауғанстан халқының талабы да осы.
Ауғанстанға көршілес елдердің ортақ мәлімдемесінде екі мәселеге баса назар аударылған. Біріншісі – Талибан орындайды деп күтілетін талаптар, соның ішінде Ауғанстан халқына өз тағдырын анықтауға мұрсат беру. Екіншісі – елде бейбітшілік пен тыныштық орнату.
Ауғанстанға көршілес елдер осы елдің халқына әсіресе медициналық көмек беруге және тауарлар үздіксіз жеткізіліп тұруы үшін айлақтарын ашық ұстауға міндеттеме алды.
Ауғанстан АҚШ пен НАТО күштерінің бақылауында болған жиырма жылда осы ел мен аймақтағы саяси орталар дағдарыстың жалғыз шешім жолын аймақтық көмектер деп білген, өзара мүдделер мен құқықтарды сақтай отырып, Ауғанстанды дағдарыстан шығаруға болады деп сенген.
Шындық мынада: АҚШ пен Батыс елдері өткен 20 жылда аймақ елдеріне, әсіресе Ауғанстанға көршілес елдерге осы елдің дағдарысын шешуге көмектесуге рұқсат бермеді. Бірақ қазір Ауғанстанда жағдай өзгерді. Көршілес елдердің көмектесуіне қолайлы жағдай қалыптасты.
Алайда Талибан Ауғанстанға билік жүргізіп отырған топ ретінде осы елге түрлі көмек көрсетілуіне қажетті жағдай жасауы тиіс. Талибан тобы мен оның негізгі демеушісі Пәкістанның осы топқа заңды сипат беруге талпынуы елдің қиыншылықтарын шешуге көмектесе алмайды. Пәкістан Ауғанстанға әсер ете алатын елдермен текетірес деңгейін азайтып, бос тайталастың орнын сындарлы әрекеттестікке алмастыруы керек.