11 қыркүйек оқиғасына 20 жыл толуына орай Байден жолдау жасады
(last modified Sat, 11 Sep 2021 18:34:02 GMT )
Қыр 12, 2021 00:34 Asia/Almaty
  • 11 қыркүйек оқиғасына 20 жыл толуына орай Байден жолдау жасады

АҚШ Президенті Джо Байден 2001 жылы 11 қыркүйекте орын алып, 3000-ға жуық адамның өмірін жалмаған лаңкестік шабуылға 20 жыл толу қарсаңында жасаған жолдауында  АҚШ-та ұлттық бірлікті сақтау қажеттігін айтты.

Ол ұлттық бірлікті АҚШ-тың алуан текті қоғамы үшін "11 қыркүйек оқиғасының" ең үлкен дəрісі деп атап: "Бірлік бәріміз бір нәрсеге сенуіміз керек деген сөз емес, бір ұлт ретінде бір-бірімізге құрметпен қарап, бір-бірімізге сенуіміз керек дегенді білдіреді",-деді. 

Ақ үй осы бейнежолдауды 11 қыркүйек оқиғасын еске алу рəсімінің қарсаңында жариялады. 11 қыркүйек оқиғасының 20 жылдығы АҚШ-тың əлі соның салдарын көріп жатқан шақта аталып өтейін деп жатыр.

Бұл оқиға халықаралық қарым-қатынаста жаңа ғасырдың басталуына себеп болды. Мұнымен қоса бұл оқиға АҚШ-тың сыртқы саясатында бетбұрыс нүктесі саналады. АҚШ-тың сол кездегі басшысы Джордж Буш 11 қыркүйек оқиғасынан кейін дүниежүзілік лаңкестікпен күресу сылтауымен басқыншылық қатынасқа көшіп, Ауғанстан мен Иракқа шабуыл жасады.Лаңкестікке қарсы дүниежүзілік соғыс деп аталатын шабуылдарда Ирак, Ауғанстан, Сирия, Ливан мен Йеменде 1 млн-нан аса адам қаза тапты.

Халықаралық сарапшы əрі тарихшы Чарльз Строзер (Charles Strozier): "11 қыркүйек оқиғасы АҚШ-та терең болмыстық дағдарыс тудырды. Содан кейін Вашингтон жаралы аңдай реакция білдіріп, лаңкестікке қарсы соғыс батпағына батты. Ақырында оның əлемдік держава ретіндегі дəрежесінің құлдырауын тездетіп жіберді",-дейді.

Мұнымен қоса, 11 қыркүйек оқиғасының 20 жылдығы АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстаннан масқара қалыпта шығуымен тұспа-тұс келді. АҚШ Ауғанстанда əл-Каида мен Талибанды жеңу үшін басқыншылық пен соғыс жүргізген 20 жылдан кейін ешбір нәтижесіз, саяси-əскери масқараға ұшырап, бұл елден шықты. АҚШ-тың Ауғанстаннан шығып, Талибан бұл елді басып алғаннан кейін АҚШ пен əлемнің басқа елдерінде Байден үкіметіне қарсы сын көбейді.

Осы салада көңіл аударуға тұрарлық тағы бір мəселе: 11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-та исламофобия мен мұсылмандарға қатыгездік артты. Зерттеулер көрсеткендей, 11 қыркүйек оқиғасынан өткен 20 жылда АҚШ-та исламофобия күшейді. PEW институтының жаңа сауалнама нəтижесі көрсеткендей, америкалықтардың 82 пайызы мұсылмандардың кемсітушілікке ұшырап отырғанын айтты. АҚШ-тағы мұсылмандардың көбі өздері жасамаған, өздері қолдамаған қылмыс үшін айыпталғандай сезінеді. Əсіресе əсіре оңшыл ұстанымын ашық жариялаған Дональд Трамп президент болып тұрған кезде исламофобия жəне мұсылмандарды жек көруден туындаған шабуылдар күшейді. Трамп лаңкестікпен күрес сылтауымен өз шаралары мен шабуылдарының өткір ұшын мұсылмандарға бағыттады. Мысалы, Трамп 6 ислам елінің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды. Трамптың мұсылмандарды лаңкес деп атауы оның осы салада біржақты қатынас ұстанғанын көрсетті.

11 қыркүйек оқиғасы аясында талқыланатын тағы бір мəселе: АҚШ-тың Джордж Буштан бастап Трампқа дейінгі үкіметтері Вашингтон мен Эр-Риядтың екіжақты қарым-қатынасына теріс əсер тигізеді деген сылтаумен Сауд Арабиясының 11 қыркүйек шабуылдарын жасаушыларды қолдағанын жасырды. Бұған себеп - АҚШ-тың стратегиялық жəне экономикалық мүдделері жəне Сауд режимінің Батыс Азия аймағында маңызды рөл ойнауы. Байден үкіметі де басында Сауд режиміне қатысты қатаң қатынас ұстанып, Эр-Риядпен қарым-қатынасты қайта қарастыратынын айтқанымен, ақырында АҚШ-тың осы елге қатысты стратегиялық мүдделерін ескере отырып, саудиялықтармен ауқымды байланыс орнатты.

Бұған қарамастан қазіргі таңда 11 қыркүйек оқиғасы құрбандарының жанұялары қысым жасап, саудиялық басшылардың осы оқиғадағы рөлінің жасырын қырларын жариялауды талап етуі Байденді амалсыздан осы шабуылдарға қатысты істерді қайта қарауға бұйрық беруге мəжбүр етті.