Сәу 01, 2022 00:29 Asia/Almaty
  • Иран Сыртқы істер министрі Ауғанстанда инклюзивті үкімет құрып, халыққа көмектесу қажеттігін баса айтты

Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан Қытайдың Тунси қаласында Ауғанстанға көршілес елдердің Сыртқы істер министрлерінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қытай үкіметінің осы отырысты өткізіп жатқанына алғыс айтып: «Инклюзивті үкімет құрумен бір мезгілде аймақішілік механизм қалыптастырып, Ауғанстан халқын қолдау үшін қаржы қорын құру керек»,-деді.

Ол: «Бүгінде Ауғанстандағы барлық топтар мен қауымдардың әсерлі де тұрақты қатысуымен инклюзивті үкімет құру қажеттігі – бұлтартқысыз шындық. Қазіргі жетекшілік кеңесі осы салада практикалық қадамдар жасайды деп үміттенеміз»,-деп қуаттады.  

Иран Сыртқы істер министрі Ауғанстанда түрлі қауымдардың барын ескеріп, елде саяси-әлеуметтік тұрақтылық орнату және экономикалық жағдайды жақсарту үшін оларды да жаңа үкіметке қатыстыру қажеттігін айтты.

Басқа жағынан БҰҰ-ның Ауғанстан туралы көптеген есебі осы соғыс оты шарпыған елде экономикалық және гуманитарлық дағдарыстың ушыққанын көрсетеді. Бұл есептер көрсеткендей, Ауғанстан халқының жартысынан көбі – көмекке зәру әйелдер мен балалар. Олар өздерінің бастапқы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауқарсыз.

Ауғанстанда экономикалық және гуманитарлық жағдайдың ушыққанын ескеріп, көршілес елдер ондағы ауыр жағдайды жақсартуға көмектесуі керек. Иран Сыртқы істер министрінің ұсынысы осы мақсатта айтылды. Ауғанстандағы ушыққан экономикалық және гуманитарлық жағдайдың көршілес елдер үшін ауыр салдары болады. Мысалы, мигранттар толқыны күшейеді, шекараларда қауіп-қатер артады, есірткі заттарының өндірісі мен контрабандасы артады, лаңкестік қатер күшейеді.

Иран Сыртқы істер министрі он үшінші үкіметтің сыртқы саясаты аясында Ауғанстандағы өзгерістерде оң рөл атқарылып жатқанын айтты. Иранның сыртқы саясатында тату көршілестік қатынас пен тепе-теңдікті сақтау басымдыққа ие. Иран Президенті Ибраһим Раиси он үшінші үкіметтің бағдарламасында осы саясатты белгіледі. Мұны әлеммен әріптестікке қатысты макро саясаттың бір маңызды бөлігі деп атауға болады.

Тегтер