Батыстың Қытайға қысымы артты
Батыс елдері, соның ішінде АҚШ-тың Қытайға қысымдары артқаннан кейін Қытай Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Ву Киан: "Бейжің үкіметі Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдарды иелену құқығын ескеріп, бұл жерлерге өзі қалаған әскери құрал-жабдықтарды орналастырады",-деп мәлімдеді. Ал АҚШ Қытайды осы теңізде жасанды аралдар жасады деп айыптар отыр.
Қытай жасанды аралдарда әскери құрал-жабдықтар орналастыра ма, жоқ па ашық айтпаса да, АҚШ әскери кемелерінің Оңтүстік Қытай теңізінде болуын аймақ қауіпсіздігі үшін шынайы қатер деп санайды және осыған қатысты наразылығын сан рет жариялады. АҚШ-тың Қытайға әсіресе әскери және экономикалық салалардағы қысымдары Дональд Трамптың билігі кезінде үдей түсті. Бұл үдеріс АҚШ-тың демократ басшысы Джо Байден тұсында одан ары жалғасып келеді. АҚШ-тың теңіз флоты әлемдегі азат суларды пайдаланып, Қытайдың айналасындағы суларда белсенді әрекет етуде. Бұл жағдай Қытайды алаңдатып, Оңтүстік Қытай теңізінде өз позициясын нығайту үшін әскери шаралар қолдануға мәжбүрлеп отыр.
Қытайдағы аймақтық мәселелер жөніндегі сарапшы Ши Лу Пин осы туралы: "Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытай аймақта бөгде күштердің болуын қаламайды. Өйткені соңғы кезде АҚШ-пен қоса, басқа да Батыс елдері, соның ішінде Ұлыбритания әскери база ашу арқылы аймақтағы әскери құзырын одан ары арттырып, қауіпсіздікке қатер төндіруді жалғастыруды көздеп отыр",-деді.
Ұлыбритания аймақта әскери база ашумен шектелмей, түрлі жолдармен, соның ішінде Гонконг ісіне араласу арқылы Қытайға қысым жасап, ішкі ісіне араласуды жалғастырып келеді. Осы орайда Бейжің үкіметі екі ағылшын судьяның Гонконгтағы жоғары сотқа мүше болудан шеттетілуін Лондон үкіметінің араласуының салдары деп атап, Ұлыбританияның Гонконгтағы ұлттық қауіпсіздік заңына қарсы күресін жалғастырып жатқанына қатты наразылық білдірді. Ал бұл жағдайда Бейжіңнің көзқарасы тұрғысынан бұл заң осы аралда бейбітшілік пен қауіпсіздік орнап, жағдайдың тұрақтануына себеп болды.
Университет ұстазы әрі Шығыс Азия істері жөніндегі сарапшы Хади Тахерхани осы туралы: "АҚШ-тың Бейжіңге қарсы тікелей экономикалық соғысын назарға алмай, Қытайдың әскери және экономикалық дамуының жалғасуы және Ресеймен әріптестігінің артуы Батыс елдері, әсіресе АҚШ пен Ұлыбританияны Гонконгта авантюристік әрекеттер жасап, Бейжіңге қиыншылықтар тудыруға итермеледі",-деді.
Қалай болғанда да, АҚШ пен оның одақтасы Ұлыбритания Қытайдың халықаралық ықпалы артып, осы ел мен әлемдегі басқа алпауыттар арасында ауқымды әріптестік орнауы АҚШ-тың жаһандық гегемониясына қатер төндіреді деп алаңдайды. Сол себепті Вашингтон мен Лондон барлық тетіктер, соның ішінде Гонконгты Қытайға қиындық тудыру үшін пайдаланып отыр. Ал бұл жағдайда Қытай АҚШ пен Ұлыбританияның араласушы әрі қатер төндіруші әрекеттерін бақылауға алып, Батыс елдері, әсіресе АҚШ-ты одан ары ашуландырып отырған бағдарламаларын сәтті орындап келеді.