Тәжікстан Президентінің Иранға сапары – екі ел қарым-қатынасындағы жаңа көкжиек
(last modified Mon, 30 May 2022 17:42:00 GMT )
Maм 30, 2022 23:42 Asia/Almaty
  • Тәжікстан Президентінің Иранға сапары – екі ел қарым-қатынасындағы жаңа көкжиек

Тәжікстан Президенті жексенбі күні кешке жоғары мәртебелі саяси-экономикалық делегацияны бастап Теһранға келді.

Осы сапарда Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірге осы елдің Сыртқы істер, Энергетика, Сауда және экономика, Су ресурстары министрлері, Туризмді дамыту және қоршаған ортаны қорғау комитеттерінің басшылары мен Бас прокуроры келді.    

Соңғы екі жылда Иран мен Тәжікстан қарым-қатынасында интеграция нығайды. Иран Президентінің 2021 жылы қыркүйек айында Тәжікстанға сапары Теһран мен Душанбе арасында жан-жақты әріптестіктің жаңа тарауын бастады. Осы сапар барысында екі елдің түрлі салаларында 8 ынтымақтастық құжатына қол қойылды.

Батыс Азияның кейбір бөліктерінде тынышсыздықтардың жалғасуы, АҚШ-тың аймақтан шығарылуы және Украинадағы соғыс – осының барлығы аймақ елдерінің қоқан-лоққыларға төтеп беру және жаңа экономикалық мүмкіндіктер тудыру үшін өзара интеграцияны арттыруды талап етеді. Иранның он үшінші үкіметі де аймақтағы мұсылман елдермен сауда қарым-қатынасын арттыруға басымдық беретінін айтып, аймақта текетерістер мен қайшылықтарды азайтып, интеграцияны нығайтуға күш салып жатыр.  

Иран мен Тәжікстан басшылары екіжақты қарым-қатынас және аймақтық мәселелер жөнінде үнемі пікір алмасып тұрады. Осы күнге дейін экономикалық меморандумдармен қоса, екі қауіпсіздік хаттамасына да қол қойылды. ИИР Қарулы күштері бас штабының басшысы генерал-майор Әли Бағеридің Тәжікстанға соңғы сапарында әскери-қорғаныс саласында ортақ әріптестікті дамыту мақсатында Душанбе қаласында Иранның «Абабиль-2» ұшқышсыз ұшағын жасау зауыты ашылды.  

Екі ел аймақтық ұйымдар, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ECO) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жақсы әріптестік жасап келеді. Осы ұйымдарда бір-бірінің ұстанымдарын қолдайды. Мұның соңғы үлгісінде Тәжікстан Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болу туралы өтінішін қолдады. Соның арқасында 2021 жылы қыркүйекте Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің 21-ші саммитінде Иранның мүше болуы туралы өтініші қабылданып, қосылу үдерісі басталды.