Теһран-Сеул қарым-қатынасында жаңа тарау басталады
(last modified Sun, 01 May 2016 10:01:26 GMT )
Maм 01, 2016 16:01 Asia/Almaty
  • Теһран-Сеул қарым-қатынасында жаңа тарау басталады

Оңтүстік Кореяның Президенті Пак Кын Хе ИИР Президентінің шақыруымен бүгін, жексенбі күні Теһранға келеді.

Пак Кын Хе – Иран Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Теһранға сапар шегетін Оңтүстік Кореяның алғашқы Президенті. Оңтүстік Кореяның мемлекеттік және жеке компанияларының 200-ден аса экономикалық белсенділерінен тұратын үлкен делегация осы ел Президентімен бірге келеді. Оңтүстік Корея санкцияларға дейін Иранда экономика саласында айтарлықтай белсенділікке ие болған. Иран халқының кореялық тауарларға ризалығы ядролық келісімнен кейінгі екі елдің әріптестік жолын жеңілдетеді.

Иранның Мұнай министрінің сауда және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Амирхосейн Заманинианың айтуы бойынша, Оңтүстік Корея Президентінің Теһранға үшкүндік сапары барысында екі ел арасында тек мұнай-газ саласының өзінде 4 меморандумға қол қойылады. Теһран-Сеул әріптестігінің мұнай-газ саласындағы ұзақ мерзімді стратегиясы Оңтүстік Корея мен Иран Президенттерінің қатысуымен дайындалады.

Оңтүстік Корея – Иранның мұнайын сатып алатын ең үлкен елдердің бірі. Оңтүстік Кореяның Ираннан мұнай импорты 2016 жылдың наурыз айында өткен жылдың осындай кезімен салыстырғанда 81 пайыздан аса көлемге артты. Оңтүстік Кореяның жауапты тұлғалары өз елінің күн сайын артып келе жатқан сұранысын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы Ираннан шикі мұнай импорттауды арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді.

17 қаңтарда «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін Иранның мұнай өндіруі мен сатуы артты. ИИР санкцияларға дейінгі өзінің мұнай саласындағы орнын қайтарып алуды көздеп отыр. Азия құрлығында, әсіресе Азияның шығысындағы Иран мұнайының дәстүрлі нарықтары бұрынғыдай Иранның шикі мұнайын сатып алуға дайын.

Иран мен Оңтүстік Кореяның мұнай саласындағы ынтымақтастығы екі елдің экономикалық байланыстарын инновацияландырып, олардың сауда айналымының көлемін кеңейтеді. Иран мен Оңтүстік Кореяның мұнайдан тыс салалардағы сауда айналымының көлемі 2013 жылы 4 млрд 100 млн доллар болды. Иранға қарсы санкциялар алынып тасталғаннан кейін және Оңтүстік Корея инвесторларының Иранға қайта келіп, екі елдің сауда-экономикалық әріптестігі кеңейгеннен кейін сауда айналымының құнын арттыру үшін мүмкіндік қалыптасты.

Осы салада Оңтүстік Кореяның Ирандағы елшісі Ким Сонг Хо: «Оңтүстік Корея Президентінің Теһранға сапары барысында екі елдің мемлекеттік және жеке тараптары арасында 30-дан аса құжат пен ынтымақтастық меморандумына қол қойылады»,-деп мәлімдеді. Ким Сонг Хоның айтуынша, бұл құжаттар мен ынтымақтастық туралы меморандумдар мұнай-газ, инфрақұрылымдар, кеме қатынасы, медицина мен емдеу және кейбір арнайы жобалар мен мәдени мәселелерді қамтиды.

Оңтүстік Корея Президентінің Иранға тарихи сапары екі ел халқы мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста бетбұрыстың бастамасы болып, Азияның осы екі маңызды алпауытының дәстүрлі қарым-қатынасында жаңа тарауды бастайды. Иранның мол экономикалық әлеуеті және оның Оңтүстік Кореяның технологиясымен астасуы екі елдің қарым-қатынасына әралуанндық сыйлайды. Оңтүстік Кореяның жауапты тұлғалары бұл мақсаттың Пак Кын Хенің Иранға жасайтын сапарында орындалатындығына үміт білдірді. Ираннан шикі мұнай сатып алу көлемін арттыру, технологиялармен алмасу мақсатында инвестиция салу, газ және мұнай-химия салаларындағы әртүрлі жобаларға инвестиция салу Иран мен Оңтүстік Корея әріптестігінің маңызды бөлігі болып табылады.

Оңтүстік Корея Президентінің Теһранға сапары барысында «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан кейінгі кезеңдегі Теһран-Сеул сауда-экономикалық әріптестігін кеңейту жолдарын талқылауға арналған форум өткізу екі елдің сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге және Теһран-Сеул қатынасын тиісті деңгейге жеткізуге деген ерік-жігерін көрсетеді.