Солтүстік Корея АҚШ-қа сес көрсетті
(last modified Sun, 26 Feb 2023 16:04:46 GMT )
Ақп 26, 2023 22:04 Asia/Almaty
  • Солтүстік Корея АҚШ-қа сес көрсетті

Солтүстік Корея АҚШ-қа: "Бұл елдің үздіксіз қатыгездіктері мен арандатушы әрекеттері "соғыс жариялау" болып саналуы мүмкін",-деп ескерту жасады.

АҚШ пен Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяның айналасындағы суларда біріккен әскери жаттығуын жалғастырғаннан кейін аймақ елдері, соның ішінде  Солтүстік Корея алаңдаушылық білдірді. Сондықтан Солтүстік Корея Сыртқы істер министрінің АҚШ істері жөніндегі орынбасары: "Корей түбегі мен оның айналасында әскери текетірестің күшеюін тоқтатудың жалғыз жолы мынау: АҚШ өз әскери-стратегиялық құралдарын Оңтүстік Кореяда орналастырудан бас тартуы тиіс және өз одақтастарымен ортақ әскери жаттығулар өткізуді доғаруы керек",-деп мәлімдеді. АҚШ бұл өтінішке мүлде құлақ аспай, Оңтүстік Корея мен Жапониямен екіжақты және көпжақты әскери жаттығулар өткізуді жалғастырып келеді.

Саяси сарапшы Жи Нак Юн осы туралы: "АҚШ Корей түбегінде тек текетірес тудыруды көздеп отыр. Вашингтонның осы саясатты ілгерілетудегі құралдарының бірі – Солтүстік Корея мен Қытайдан үрку саясатын күшейту. Ал бұл екі ел Корей түбегі мен Шығыс Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға көмектесу үшін аймақтық шешім жолдарын қабылдау керегін сан рет айтты",-деді.

Солтүстік Кореяның көзқарасынша әлемнің қауіпсіздігіне ықпалы бар халықаралық ұйымдар, соның ішінде  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың арандатушы әрекеттеріне үнсіз қарап отырмауы керек. Өйткені осы кеңес мүшелерінің позициясы Вашингтонның арандатушы саясаттарының көбін ауыздықтауда әсерлі болмақ. Осы тұрғыдан Пхеньянның көзқарасынша, БҰҰ-ның АҚШ-тың басқыншылық саясатына көз жұма қарауы осы елдің аталмыш ұйымды Солтүстік Кореяға қысым жасау құралы ретінде пайдаланып отырғанын көрсетеді. Сол себепті Солтүстік Корея: "Егер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл елді өзін-өзі қорғау деген табиғи құқынынан айыратын болса, мұның ауыр салдарымен бетпе-бет келеді",-деп сан рет айтты.

Яғни АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен оның қарарларын пайдаланып, өзіне қарсы елдерді шектеуге күш салып жатыр.