Нау 13, 2023 21:14 Asia/Almaty
  • Раиси: Лукашенконың сапары – Иран мен Беларусь қарым-қатынасының бетбұрыс нүктесі

Иран Президенті Теһран мен Минск арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімінде Беларусь Президентінің Иранға сапарын екіжақты қарым-қатынасты дамытуда бетбұрыс нүктесі деп атады.

Иран мен Беларусь арасында сауда, тасымал, ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласында 7 ынтымақтастық құжаты мен жан-жақты әріптестік туралы жол картасына қол қойылды.

Иран Президенті Ибрахим Раиси дүйсенбі күні осы рәсімде екі елдің 30 жылдық қатынасы негізінде жалпы жол картасы қабылданғанына тоқталып: "Жол картасы екі ел арасындағы стратегиялық көзқарасты ескере отырып, екіжақты қатынастың болашақтағы жағдайын анықтайтыны анық",-деді.

Раиси дұшпандардың санкцияларына қарамастан Ираның дамып жатқанына тоқталып: "Осы аралықта қоқан-лоқылар мен санкцияларға қарамастан, Иран даму үшін үлкен қадамдар жасап, санкцияларды мұрсатқа айналдырды. Біз осы кезеңде жинаған тәжірибемізді дос Беларусь елімен бөлісуге дайынбыз",-деді.

Иран Президенті сондай-ақ халықаралық сахнадағы біржақтылық саясатына қарсы екенін айтып: "Екі ел де біржақтылыққа қарсы. Тәуелсіз елдер бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста бола алады. Бұл жол санкцияларды залалсыздандырады, тәуелсіз елдер арасында әлеуеттермен алмасуға мүмкіндік береді және халықтар мен елдердің дамуына септігін тигізеді",-деді.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко екі елдің ынтымақтастық туралы меморандумына қол қою рәсімінде Теһранға соңғы рет 7 жыл бұрын келгенін айтып: "Ешбір санкция мен қысым Иран халқының даму жолына тосқауыл бола алмады. Тәуелсіз әрі мықты Иран өз жолын жалғастырып жатқаны –шындық",-деді.

Лукашенко Иран мен Беларусь арасындағы тақырыптардың егжей-тегжейлі    талқыланғанына және тиісті келісімге қол қойылғанына тоқталып: "Осы келісім аясында екіжақты сауда айналымы көлемін 100 млн долларға жеткізу мақсаты жүзеге асырылады",-деп үміт білдірді.

Беларусь Президенті санкциялардың елдердің дамуына әсері туралы: "Санкция – мұрсат уақыты. Екі ел үшін туындаған мұрсатты жіберіп алуға болмайды",-деді.

Тегтер