Украинаның оңтүстігіндегі Каховка бөгеті жарылды
(last modified Tue, 06 Jun 2023 09:48:47 GMT )
Маусым 06, 2023 15:48 Asia/Almaty

Украинаның оңтүстігіндегі Ресейдің бақылауындағы Херсон облысында су электр станциясы жарылып, соғыс жүріп жатқан аймақтарды су басты.

ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Украина және Ресей БАҚ-тары Украинаның оңтүстігіндегі Херсон облысындағы Нова Каховкадағы Каховка су электр станциясының бөгетінің жарылғанын және бөгет суының қазір айналадағы ауылдарға қарай жылжып жатқанын хабарлады.

Қазір бұл аймақты бақылауға алған Ресейге тәуелді жергілікті билік осы бөгет маңындағы ауылдар мен елді мекендердің тұрғындарын тез арада аумақты тастап кетуді сұрады. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі бұл бөгеттен ағып жатқан судың салдарынан кемінде 80 қала мен ауылдың шығын қаупі бар екенін хабарлады. Ресей мен Украина әскерлері бір-бірін бұл бөгетті зымырандық шабуылдармен жарып жіберді деп айыптайды.

Каховка бөгетінің бұзылуы аймақтағы жүздеген мың адамның өміріне бірден қауіп төндіреді және кем дегенде алдағы 10 жылда Қырым түбегі тұрғындарын сумен қамтамасыз етуде күрделі мәселе туғызады.