Иран Гильменд суын тұтыну құқығының толық сақталуын қалайды
(last modified Mon, 14 Aug 2023 19:42:41 GMT )
Там 15, 2023 01:42 Asia/Almaty
  • Иран Гильменд суын тұтыну құқығының толық сақталуын қалайды

Ауғанстанның Талибан үкіметі Иранның Гильменд (Хирманд) суын тұтыну құқығын сақтайтынын сан рет айтқанына қарамастан, ИИР Экологиялық ұйымының басшысы Әли Саладжақе: "Талибан Иранға 820 млн литр судың орнына тек 15 млн литр су жіберіп отыр",-деп мәлімдеді.

1972 жылы сол кездегі Иран мен Ауғанстан басшылары тарапынан қол қойылған Гильменд (Хирманд) хаттамасына сәйкес Иран осы өзеннен жылына 820 млн текше метр су, яғни секундына шамамен 26 текше метр су алуы тиіс. Әрине түрлі айлар мен мезгілдерде су үлесі әрқилы болады.

Талибан соңғы екі жылда Ауғанстанда билікті қолына алып, осы хаттаманың орындалатынын баса айтса да, іс жүзінде оны орындауға ниет білдірмей отыр. Бұл Талибанның хаттамамен саяси ойын ойнап, уақыт өткізіп отырғанын көрсетеді. Ал бұл жағдайда хаттаманың орындалмауы екі ел Иран мен Ауғанстан үшін экологиялық қиыншылықтар тудырады.

Ауғанстан істері жөніндегі сарапшы Амин Фарджад осы туралы: "Су тапшылығы салдарынан Систан мен Белуджистанда болған құрғақшылық Ауғанстанмен шекаралас аймақтағы Иранның  экологиялық жағдайын бұзып қана қоймайды, Ауғанстанның шекаралық аудандарын да аман қалдырмайды. Талибан Иранның Гильменд суын тұтыну құқығын сақтамау арқылы іс жүзінде аймақты экологиялық дағдарысқа қарай итермелейтінін түсінуі керек",-деді.

Ауғанстанның бұрынғы үкіметі Нимруз облысындағы Гильменд өзенінің үстіне Камалхан бөгетін салып, іс жүзінде Иран мен Ауғанстан арасындағы су хаттамасының орындалуына тосқауыл қойып, Иран жерінде, әсіресе Систан мен Белуджистандағы Гильменд өзені атырабындағы адамдар, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіне көп зиян тигізді. Талибан да Иранның Гильменд суын тұтыну құқығы туралы отырыс өткізу ұсынысынан бірнеше рет бас тартты. Соңғы күндері болған жауын-шашыннан Камалхан бөгетінде су жиналса да, Талибан Иранмен арадағы хаттаманы орындауға ниет білдірмей отыр.

Ауғанстан істері жөніндегі сарапшы Пирмұхаммед Моллазехи осы туралы: "Егер Хамун көлі құрғаса, шаң-тозаң шекара асып, Ауғанстанды да құртады. Қатер тек Иранға, әсіресе Систан мен Белуджистан мен Хорасанға ғана төніп тұрған жоқ. Маңыздысы, Талибан басшыларымен саяси әріптестік жасап, мамандар мен жергілікті тұрғындарды пайдаланып практикалық шешім жолын табу керек",-деді.