Неге Африка Батыстың «қауіпсіздік кепілдігіне» сене алмайды?
(last modified Sun, 19 May 2024 14:03:42 GMT )
Maм 19, 2024 20:03 Asia/Almaty
  • Неге Африка Батыстың «қауіпсіздік кепілдігіне» сене алмайды?

Батыстың Африкадағы әскери және саяси интервенцияларының тарихы олардың неоколониализм саясатын жүргізіп, құрлықтың ресурстарын қанаушылықпен пайдалануды жалғастырып жатқанын көрсетеді.

Тарих бойында Африка елдері көптеген түйткілдер, соның ішінде терроризм, ішкі соғыстар, саяси тұрақсыздықпен бетпе-бет келді. Батыс алпауыттары, әсіресе АҚШ, Франция мен Ұлыбритания сияқты бұрынғы отаршыл елдер лаңкестікке қарсы күресу және бейбітшілік пен тұрақтылық орнату деген сылтаумен Африка елдерімен көптеген әскери келісімдер жасады. Алайда бұл келісімдер көздеген мақсаттарына жетпегені былай тұрсын, көбіне Африка елдерінің Батысқа тәуелділігін тереңдете түсіп, тұрақсыздықты арттырды.

Терроризмге берілген мұрсат

Конго демократиялық республикасы, Нигерия, Ливия, Мали, Сомали және Судан сияқты елдер лаңкестік қатеріне ұшырап отыр.

Вахабистік идеологияға негізделген салафиттік-джиһадтық ұйымдар, әсіресе әл-Каида мен ДАИШ-ке қатысты топтар осы елдерде тұрақсыздық орнатуда басты рөл ойнап отыр. Бұл топтар құрылымдық және әлеуметтік осал тұстарды пайдалану арқылы өздеріне жаңа күш тартып, ықпалын кеңейтіп жатыр. Осындай жағдайда Батыс елдері осы мүмкіндікті пайдаланып, әскери көмек беру және лаңкестікке қарсы іс-қималдар жасау үшін келісімдерге қол қойды, бірақ олардың көбі сәтсіз аяқталды.  

Табиғи ресурстарды басып алу

Сьерра-Леоне Президентінің жұбайы Фатима Маада отаршылдықтың әсерлері туралы: "Елдегі қазба байлық барша халықтың қажеттіліктерін өтеуге жетеді. Алайда өкінішке қарай, бізде осы ресурстарға қатысты шешім қабылдауға рұқсат жоқ. Алпауыт елдер Сьерра-Леонеде ұдайы бейберекеттік орнатып, оппозиционерлерді қолдау арқылы елдің дамуына кедергі жасап отыр",-деді. Бұл көзқарас Батыс елдерінің өз отаршылдық мүдделерін сақтап, осы құрлықтың табиғи ресурстарын пайдалану мақсатында Африкада тұрақсыздық тудыруда басты рөл ойнап отырғанын көрсетеді.

Отарланған елдердің шекаралары

Еуропа елдері 15 ғасырда Африканы отарлай бастады. Берлин конференциясы (1884-1885) нәтижесінде отарлау шарықтау шегіне жетті. Бұл конференцияда Еуропа елдері ресми түрде Африканы өзара бөліп алды. Бұл бөлісте Африкадағы ұлттық, мәдени және саяси шекаралар ескерілмеді. Сөйтіп жасанды шекаралар пайда болды. Сол себепті бұл құрлықта әлі күнге дейін шекара қақтығысы өте көп.  

Ішкі іске араласудың жалғасуы  

Африка елдері ресми түрде тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы отаршыл елдер әскери және экономикалық келісімдер арқылы өз ықпалын сақтап қалуға тырысып жатыр. Франция ассимиляция саясаты және әскери келісімдерді пайдалану арқылы бұрынғыдай Африкадағы франкофон елдерге әскери және экономикалық бақылау жасауды жалғастырып келеді. Франция мен оның бұрынғы отар елдері арасындағы саяси келісімдер Францияға осы елдерде әскери күштерін сақтап қалуға, керек кезде әскери интервенция жасауға рұқсат береді. Мысалы, Кот-д'Ивуардағы азаматтық соғыс (2002-2004) кезінде Францияның қақтығысушы тараптардың біріне жақтасып әскер кіргізуі – осындай келісімдердің айқын үлгісі.

АҚШ-тың рөлі

АҚШ 2018 жылы Ганамен келісімі сияқты әскери келісімдерді пайдаланып, Африкада өзінің әскери ықпалын кеңейтуге талпынып жатыр. Ганада ауқымды наразылық тудырған бұл келісім америкалық күштерге жергілікті үкіметтің рұқсатынсыз Гана территориясында орналасып, әскери амалдар жүргізуіне рұқсат береді. Сыншылар бұл келісімді Гананың ұлттық егемендігі мен қауіпсіздігіне төнген қатер деп санайды.

Әскери интервенция

2011 жылы НАТО-ның Ливияға әскери шабуылы Муаммар Қаддафидың өліміне әкеліп соқтырды. Бұл – Батыстың әскери араласуының бір үлгісі. Олар тұрақтылық орнатудың орнына бейберекеттік пен тәртіпсіздікті одан ары үдетіп жіберді. Осы шабуылдан кейін Ливия жеңіліс тапқан елге айналды. Қарулы лаңкестік топтар елдің әртүрлі аудандарын бақылауға алды.  Батыс елдерінің Африка құрлығына саяси және әскери инвервенциялар тарихы олардың өз отаршыл мүдделерін сақтап, осы құрлықтың табиғи ресурстарын пайдалануды жалғастыруды көздеп отырғанын көрсетеді. Бұл интервенциялар бейбітшілік пен тұрақтылыққа әкелмегені былай тұрсын, Африканың бағыныштылығын арттырып, тұрақсыздығын күшейтті. Сол себепті Африка елдері Батыстың «қауіпсіздік кепілдігіне» сенбейді, құрлықтың қауіпсіздігін сақтап, тұрақты дамыту үшін аймақ деңгейінде шынайы ынтымақтастық құруды қалайды.  

Дереккөз:  Maxwell Boamah Amofa. 2024. Seeds of chaos: Here’s why Africa can’t trust Western ‘security guarantees’. RT