Там 08, 2024 19:54 Asia/Almaty
  • Ислам ынтымақтастық ұйымы: Ханияға жасалған қастандық Иранның егемендігін бұзды

Ислам ынтымақтастық ұйымы Теһранда ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы шәһид Исмаил Ханияға жасалған қастандықты айыптап, Израиль режимін осы қылмысқа жауапты деп атады.

Ислам ынтымақтастық ұйымы сәрсенбі күні кешке осы ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің атқару комитетінің Ханияға жасалған қастандық туралы төтенше отырысының қорытынды мәлімдемесінде сионистік режимнің бұл әрекетін қатты айыптап: "Бұл террор Иранның егемендігін бұзды",-деді.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қорытынды мәлімдемеде: "Ханияға жасалған қастандық халықаралық заңдарды ашық түрде бұзу болып саналады",-делінген.

Ислам ынтымақтастық ұйымы басып алынған Палестинада соғыс жалғасып, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында 140 мыңнан астам адамның қаза болып, жараланғанын және 2 млн-нан астам палестиналықтың мәжбүрлі түрде көшірілгенін қатты айыптады.

Бұған дейін Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Хұсейн Ибраһим Тәһ осы отырыста: "Израиль режимінің қылмыстарды тоқтатпауы барлық тыйымдарды, әдет-ғұрыптарды, заңдарды және халықаралық қарарларды бұзу болып табылады",-деді.

Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Израильдің Теһрандағы лаңкестік әрекетін Иранның егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігіне жасалған шабуыл және халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысының ережелерін ашық түрде бұзу екенін айтып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен өз жауапкершілігіне қарай әрекет етіп, басқыншы режимді халықаралық құқықты құрметтеуге және агрессиясын тоқтатуға, сондай-ақ Газада атысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін қажетті шаралар қолдануды сұрады.

Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің атқару комитетінің сәрсенбі күні Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен төтенше жиналысы сионистердің Палестина халқына қарсы қылмыстарының жалғасуын, сионистік режимнің Исмаил Ханияға қастандық жасағанын, ИИР-дың егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін бұзғанын талқылауға арналды.    

Тегтер