БҰҰ Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы адам құқығының жағдайын сынады
(last modified Tue, 31 May 2016 12:44:30 GMT )
Maм 31, 2016 18:44 Asia/Almaty
  • БҰҰ Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы адам құқығының жағдайын сынады

Бахрейн мен Сауд Арабиясында саяси белсенділерге қарсы әділетсіз үкімдер шығарылумен бір мезгілде БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі бір есебінде осы екі елді әлемдегі ең үлкен адам құқығын бұзушы деп атады.

Бахрейн мен Сауд Арабиясының сот органдары тарапынан Бахрейндегі «әл-Уафақ» исламдық қоғамының бас хатшысы шейх Әли Салман мен Сауд Арабиясындағы Саяси және азаматтық құқық орталығының аға мүшесі Абдулазиз әл-Шабилиге қатысты 9 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылғаннан 1 күн өткеннен кейін БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі бір есебінде Халифе әулеті мен Сауд әулеті режимдері тарапынан адам құқығының бұзылуына алаңдаушылық білдірді.

Осы есеп бойынша, Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы Халифе әулеті мен Сауд әулеті режимдері саяси белсенділерге қатысты кемсітушілік саясаттар ұстанып, осы екі елдің шиіттерін өз мазхабының діни рәсімдерін орындау еркінен айырды.

Бахрейннің Адам құқығы орталығы да дүйсенбі күні есеп беріп, осы елдегі адам құқығының бұзылуы жайында хабарлады. Халифе әулеті режимі өткен бір жылдың ішінде 883 адамды үкіметке қарсы наразылық шараларға қатысты деген сылтаумен қамауға алған. Бахрейндік дереккөздері дүйсенбі күні: «Бұл елдің сот органы заңсыз әрі адами құндылықтарға қайшы шара қолданып, осы елдің «әл-Уафақ» исламдық қоғамының бас хатшысы шейх Әли Салманды бас бостандығынан айыру үкіміне бес жылды қосып, оның қамауда болу мерзімін 4 жылдан 9 жылға арттырды»,-деп хабарлады.

Бахрейнде саяси белсенділерді басып-жаншуды күшейтумен бірге Сауд Арабиясының сот органы да жексенбі күні осы елдің Саяси және азаматтық құқық орталығының бостандықтағы жалғыз аға мүшесі Абдулазиз әл-Шабилиді үкіметке құрметсіздік көрсетті деген айыппен 8 жыл бас бостандығынан айырды.

Саяси белсенділердің айтуынша, Бахрейн мен Сауд Арабиясының басшылары адам құқығын қорғау орталықтарының жұмысына тосқауыл қойғаннан кейін саяси белсенділерді қамауға алып, соттау арқылы осы елдегі адам құқығының бұзылу фактілерін сынаудың алдын алуға күш салуда.

Халықаралық есептер бойынша, Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы патшалық үкіметтер өткен 5 жыл ішінде өлтіру, дарға асу, қамауға алу, түрмеге жабу, азаптау мен саяси белсенділерді азаматтықтан айыру сияқты тәсілдерді қолданғанымен азаматтардың ақиқатты талап еткен көтерілісін ауыздықтай алмағаны былай тұрсын, басып-жаншу саясатын жалғастыру арқылы наразылықтардың кеңейе түсуіне себеп болды.

Сол себепті Халифе әулеті мен Сауд әулеті режимдері басып-жаншу саясатын жалғастырып, Халықаралық адам құқығын қорғау орталықтарының кеңестеріне көңіл аудармаса, Бахрейн мен Сауд Арабиясының билеушілері де осыдан бұрын Ливия мен Тунис сияқты елдердің басшылары жүріп өткен жолға тап болары анық.