Иран Сыртқы істер министрі Бахрейндегі ахуалға өкініш білдірді
Иран Сыртқы істер министрі Бахрейндегі ахуалды «аса өкінішті» деп сипаттады.
Иран Телерадио ұйымы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мұхаммад Джавад Зариф бейсенбі күні Гаагада голландиялық әріптесі Берт Кондерспен бірлескен ақпараттық отырысында: «Бахрейн халқы үшін бейбіт наразылықтың жолдары жабылған. Бұл өте өкінішті жағдай.
Сауд Арабиясының Бахрейнге шабуылы кезінен сыртқы қысымдарға байланысты осы елдің халқы үшін бейбіт қарсылық жолдары жабылған. Иран бұл жағдайды аса қауіпті әрі халықаралық қауымдастықтың көбірек назар аударуын талап етеді деп санайды» деді.
Иран Сыртқы істер министрі Ұлыбританиядағы референдум жөнінде де: «Ұлыбританияның Еуропалық Одақта қалуы немесе одан шығуы жөніндегі шешім осы елдің өз халқына байланысты. Өзгелер бұл жөнінде шешім қабылдамауы керек» деді.
Зариф сондай- ақ Иран мен Голландияның байланысын шынайы және терең деп сипаттап: «Иран мен Голландия елдері түрлі салада өзара ынтымақтастық жасауы үшін көптеген мұрсат бар. Соларды пайдалану керек» деді.