Сегіз жылдық Қасиетті қорғаныс кезеңінің батырлары 2
Сегіз бөлімнен тұратын Қасиетті қорғаныс аптасына орай дайындалған «Сегіз жылдық қасиетті қорғаныс кезеңінің батырлары» атты бағдарламалар тізбегінде Иранға қарсы Ирактың таңған соғысы жылдарындағы даңқты тұлғалар мен сардарлардың ерліктері туралы баяндаймыз. Бүгінгі бағдарламада шәһид Беһнам Мохаммади мен шәһид Мохаммад Хосейн Фахмидемен таныстырамыз.
Иранда қыркүйек айының 21-нен 28-не дейінгі аралық 1980 жылы Ирактың «баас» режимінің ИИР-на қарсы шапқыншылығы басталған уақытқа байланысты шапқыншылармен күрестегі шәһидтер мен жауынгерлерді еске алу мақсатында қасиетті қорғаныс апталығы деп аталған. Осы апталықта шәһид болған сардарлар және қолбасшылар мен жауынгерлерді еске алып, ұлықтау үшін Иранда әртүрлі шаралар өткізіледі.
ИИР-ның Радиосы сегіз жылға созылған Қасиетті қорғаныстың құрметіне орай сол кезеңнің көрнекті қолбасшылары мен шәһидтерімен таныстыру үшін бағдарламалар жиынтығын әзірледі. Бірінші бағдарламада Күрдістанда революцияға қарсы топтармен қарсыласудағы көрнекті тұлға доктор Мостафа Чамранмен таныстырдық. Доктор Чамран Саддам режимінің шабуылдарынан шамамен 9 ай өткен соң майдан алаңдарының бірінде миномет жарылысы салдарынан шәһид болды. Ирандық жастардың «баастық» басқыншылармен сегіз жылдық соғысының ерекшеліктерінің біріне оның халықтық болуы жатады. Иран қоғамының барлық табы «баастық» шапқыншылармен күреске қатысты. Басиджге мүше халықтық күштерден құралған оқушылар мен студенттер Ислам революциясы Сақшылар корпусы әскерінің негізін құрады. Соғыстың барысында оқушылар мен студенттер қолбасшылық деңгейіне жетіп, көптеген мақтаныш тудыратын ерлік көрсетті. 1980-1988 жылдары 366 697 оқушы соғыс майдандарында құзырға ие болды. Олардың 17296-ы шәһид болып, 2328-і мүгедекке айналып, 1110-ы тұтқынға түсіп, 2063-ы із-түзсіз жоғалып кетті. Мұнымен қатар 2608 студент шәһид болды. Осындай оқушылардың бірі Хоррамшаһрдың тұрғыны Беһнам Мохаммади болды. Хоррамшаһр – осы қаланың көптеген жасөпірімдері мен жігіттері Ирактың көптеген сауытты және жаяу әскеріне қарсы 34 күнге созылған табандылықтарынан кейін «баастық шапқыншылардың бақылауына түскен қала. 13 жастағы Беһнам Мохаммадидің «баастық» шапқыншылармен қарсыласуы Қасиетті қорғаныс кезеңінің тарихы мен адамдардың жадында мәңгілікке қалды.
Беһнам 1967 жылы Хоррамшаһрда дүниеге келді. 1980 жылдың қыркүйек айында ирактықтар Хоррамшаһрға шабуыл жасайды деген қауесет күшейе түскен болатын. Қала тұрғындары қаладан қашып жатты. Беһнам Хоррамшаһрдың ирактықтардың қолына түсетіндігіне сене алмады, бірақ соғыс шынымен басталып кеткен еді. Беһнам қалада қалуға шешім қабылдады. Қаланы бомбалау басталғанда 13 жастағы Беһнам жаралыларға көмектесуге асықты. Қаланың қорғаушылары Молотов коктейлі мен Калашников мылтықтарымен ирактықтарға қарсы тұрды. Хоррамшаһрдың дұшпанның қолына түсуіне көп уақыт қалмады.
Беһнам бірнеше рет тыңшылық жасауға барды. Ол: «Анамды іздеп жүрмін. Анамды жоғалтып алдым» деді. Ирактың «баастық» сарбаздары 13 жастағы бала тыңшылық жасайды деп ойламаған еді. Сол себепті оны босатып жіберді. Қала ирактықтардың қолына түсті. Әрбір үйден тығылып немесе демалып жатқан бірнеше ирактық сарбазды кездестіруге болатын. Беһнам өзінің бетіне топырақ жағып алып, жылап-еңіреп жүрген болып, ирактықтар толып отырған үйлерді есіне сақтап алды. Ирактықтардың да бет-аузы қожалақ баламен істері болмады. Ол «баастық» сарбаздар жиналған мекендерді анықтаған соң олардың орындарын Хоррамшаһрды қорғаушыларға хабарлады. Минометтердің дауыстары қаланың тыныштығын бұзып тұрды. Көшедегі қақтығыстар күшейе түсті. Беһнам әдеттегідей келіп жеткен кезде қаланың қорғаушылары кенеттен оның бір бұрышқа құлап, басы мен кеудесінен қан ағып жатқанын байқады. Беһнамның тор көзді көгілдір жейдесі қанға шыланған еді. Хоррамшаһрдың жау қолына түсуіне бірнеше күн қалғанда хузестандық кішкентай батыр бала шәһид болды.
Ол жасының кішілігіне қарамастан, хат жазып қалдырған еді. Батыр бала өсиетнамасының бір бөлімінде былай деп жазды: «Мен сәт сайын шәһид болуымды күттім... Балалардан өтінерім, имамды жалғыз қалдырмаңдар, Құдайды естен шығармаңдар. Құдайға тәуекел етіңдер! Ата-аналар! Өз перзенттеріңді күрес пен джиһадқа жіберіңдер!»
Шапқыншылардың отанға жасаған шапқыншылығына қарсы ирандық жастардың сегіз жылдық қасиетті қорғаныстарының ерекшеліктерінің бірі олардың Құдайға деген терең иман-сенімдері болды. Құдайға деген сол сенім соғыс майдандарында рухани кеңістік қалыптастырды. Олар үшін жеңілістің мағынасы болмады. Өлімнен қорықпауы олардың өздерінің азғана мүмкіндіктерімен Ирактың «баас» армиясымен қарсыласуына себеп болды. «Баас» Батыс пен Шығыс екі блогының 58 елі арқылы қаржылай, әскери, тыңшылық және саяси қолдауларға ие болды. Жау дамыған, заманауи түрлі қару-жарақпен жабдықталғанына қарамастан басып алған барлық жерлерінен кері шегінуге мәжбүр болды. Саддам режимінің «баас» армиясымен соғыс алаңындағы даңқтылардың бірі Мохаммад Хосейн Фаһмиде болды. Ол даңққа толы қасиетті қорғаныс тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Оның есімін естімеген, оны танымайтын Иранда адам кемде кем. Хиджри шамси күнтізбесінде оның шәһид болған күні, яғни абан айының сегізі жасөпірімдер мен оқушылардың басидж күні деп аталған. Мохаммад Хосейн Фаһмиде де Беһнам Мохаммади сынды 13 жастағы жасөспірім болды. Мохаммад Хосейн Фаһмиде 1967 жылы Иранның орталығындағы Құм қаласында дүниеге келген. Шәһид Фаһмиде ислам революциясының жеңісінен кейін 1979 жылы имам Хомейнидің бұйрығымен құрылған басидж ұйымына қосылды.
Күрдістандағы революцияға қарсы, бөлінуді талап еткен қозғалыстардан кейін Мохаммад Хосейн жасы мен денесінің кішілігіне қарамастан сол жаққа қарай жолға шықты. Бірақ жас бала болғандықтан оны кейін қайтарып жіберді. Бұл кішкентай батыр қол қусырып қарап отырмай, 1980 жылдың жазын жауынгерлік дайындықтарға қатысумен өткізді. Мохаммад Хосейн сол жылдың қыркүйек айында Ирактың Иранға қарсы таңған соғысының басталуымен бір мезгілде Иракпен шекарадағы оңтүстік майдандарға жетті. Ол Иранның ислам революциясының ұлы жетекшісі имам Хомейнидің мүриді болып, ол хазіретті қатты құрмет тұтты. Мохаммад Хосейнді жасының төмендігіне байланысты соғыс майданынан қайтарған соң ол: «Өздеріңді қинамаңдар. Егер имам айтса, қай жерде болсам да баруға дайынмын. Мен мемлекетке қызмет етуім керек» деді. Ол қарсылықтарға қарамастан Иранның оңтүстігіндегі соғыс майдандарына барды. Майданның алдыңғы шебінде Фахмиде досы Мохаммад Реза Шамспен бірге болды. Мохаммад Реза жараланып, Мохаммад Хосейн қиындықпен оны қауіпсіз жерге жеткізіп, майданға қайтты. Ол ирактық танктерді көріп, беліне гранаталарды байлап, жартысын қолына ұстап, танктерге қарай жүрді.
Сол кезде аяғына оқ тиіп, жараланғаны Мохаммад Хосейннің мықты болат жігерін мұқалта алмады. Сол себепті ол еш күмәнданбастан өзінің шешімін жүзеге асырды. Жан-жағынан қарша бораған оққа қарамастан алдындағы танкке қарай жүріп, гранатаны лақтырып, оны жарып жіберді. Өзінің де күл-паршасы шықты... Танк жарылған соң ирактық жауынгерлер шабуыл орын алды екен деп ойлады. Сол себепті олардың рухтары әлсіреп, жылдамдатып, танктерін тастап, қаша бастады. Нәтижесінде қоршаудың алқасы бұзылып, біраз уақыттан кейін көмек күштері келіп жетті. Имам Хомейни ислам революциясының жеңісінің екінші жылдығында: «Біздің жетекшіміз он үш жастағы бала. Ол құны жүздеген тіл мен қаламнан үлкен өзінің кішкентай жүрегімен құнды. Ол гранатамен өзін дұшпанның танкінің астына тастап, оның күл-паршасын шығарып, өзі де шәһидтіктің шәрбатын татты» деді. Осы сөздермен Хосейн Фаһмиде мен оның жанкештілігі Иранның салтанатты да абыройлы тарихында тіркеліп, мәңгілікке қалды. Қазір ирандық әрбір жасөспірім Мохаммад Хосейн Фаһмидені біледі. Шәһид Мохаммад Хосейн Фаһмиденің сүйегінің қалдығы Теһранның маңындағы Беһеште Заһра зиратында жер қойнына тапсырылды.