Ислам революциясы жеңісінің жылдығы (2)
https://itolqyn.com/radio/iran-i23899-Ислам_революциясы_жеңісінің_жылдығы_(2)
Ислам республикасының жүйесі отыз сегізінші жылдығына аяқ басты. Бұл жылдарды қиындықтарға төзе отырып саяси-экономикалық кемелдікке жету, сондай-ақ, Иран халқының қысымдар, жетіспеушіліктер мен санкциялар алдындағы табандылығының мөлшерін байқау жылдары деп те атауға болады.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Ақп 01, 2017 15:20 Asia/Almaty

Ислам республикасының жүйесі отыз сегізінші жылдығына аяқ басты. Бұл жылдарды қиындықтарға төзе отырып саяси-экономикалық кемелдікке жету, сондай-ақ, Иран халқының қысымдар, жетіспеушіліктер мен санкциялар алдындағы табандылығының мөлшерін байқау жылдары деп те атауға болады.

АҚШ пен оның одақтастары Иранның ғылыми даму жолындағы әрекетіне кедергі келтіру үшін кез келген мүмкіндік пен құралды пайдаланды. Олар Иранды әлсірету үшін көптеген қаржы жұмсады. АҚШ өткен жылдары қысым көрсетудің барлық жолын, соның ішінде, Иранның тауар, валюта және инвестиция нарығын тұрақсыздандыру үшін мұнай бөліміне санкция салуды да пайдаланды. Сондай-ақ, күн тәртібінде барлық варианттардың тұрғаны туралы сөз қозғап, әрдайым Иранды оқшауландыруға тырысты. Қазір де АҚШ-та Трамп сияқты адамның басқаруымен жаңа президенттік кезең басталғаннан кейін бұл ел Иранның болашағына қатысты көптеген бос қиялдарға беріліп отыр.

Дегенмен, Трамптың бұрынғы президенттің тәжірибелерінен сабақ алғаны дұрыс болар. Венада ядролық келісімге қол қойылғаннан кейін Обама The New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларды ұзарта алмайтынын мойындап, былай дейді: «Егер келісім жасалмаса, оны жалғастыруға ешкімнің төзімі жетпес еді. Естеріңізде болсын, бұл санкциялардың шығынын тек Иран ғана өтеген жоқ. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және бәрінен  бұрын санкцияларға дейін Иранмен сауда қатынасын жасап жүрген әлемнің жер-жеріндегі мұнай импорттаушы елдер зарар көрді. Олар Иранға қарсы санкциялардың салдарынан миллиардтаған доллар көлемінде шығынға тап болды».

Алайда Трамп бір жауапты тұлға ретінде Иран Ислам Республикасының жүйесімен әлі дұрыс таныспаған тәрізді. Сол себепті өткен күндерге мұқият қарамаған болар. Ол күндер АҚШ-тың үлкенді-кішілі қоқан-лоққы көрсетуімен өткен еді. Алайда Иран халқы АҚШ-тың бұл әрекетіне қарсыласу тәсілімен жауап берді. Иран халқы еңбек, талпыныс, қиындықтарға қарсы тұру арқылы қоқан-лоққылар мен санкцияларды өз болашағы үшін мүмкіндікке айналдырып, бар күшімен тәуелділіктен арылуға тырысты. Иран халқы өткен екі жүз жыл бойғы артта қалушылықтың себебін дұрыс танып, шынайы тәуелсіздіктің даму қақпасынан басталатын ғылым мен жаңа технологиялар жолында қадам басу екенін білді.

Иран халқы осы әрекеттерге жауап ретінде әскери шайқастарда дұшпандардың шапқыншылығына қарсы тұрғаны сияқты ғылым алаңындағы қарсыласуды үлкен джиһад ретінде ілгерілетіп, ғылыми мақсаттарды жүзеге асыру және жаңа технологияларға жету алаңында табандылық көрсетті. Дегенмен, Иран бұл жетістіктердің де шығынын өтеді. Иранның ядролық саладағы шәһидтері, яғни, соңғы жылдары АҚШ пен сионистік режимнің жалдамалыларының қолынан шәһид болған  ғалымдар – Иранның ғылым мен білім алаңындағы табандылығы мен тұрақтылығының айғағы. Ислам революциясының жетекшісі 13-ші абан – студенттер күні әрі әлемдік үстемшілдікпен күрес күніне орай жасаған баяндамасында айтып өткендей, Иран халқының үстемшілдікпен күресіндегі қажеттіліктердің бірі елді ғылыми алаңдарда дамыту үшін жан-жақты талпыныс жасап, әрекет ету және гүлдену мен жеңіске жеткізетін жасампаздық болып табылады.

Scopus халықаралық мәліметтер базасына енгізілген ғылыми еңбектердің статистикасына көз жүгіртетін болсақ, Иран өткен жиырма жылда толассыз дамып, 2014 жылы аймақ пен исламдық елдер арасында бірінші орынға шықса, әлем бойынша он үшінші орынды иеленді. Бұл база былай деп мәлімдеді: «Иран соңғы он жылда өзінің ғылыми белсенділігін он есе арттырды. Иран 2005 жылы әлемнің ғылыми белсенділігінің жалпы мөлшерінің 0,4 пайызын ғана иеленіп, әлем бойынша 34-ші орында тұрған. Бірақ 2014 жылы Иранның үлесі 1,5 пайызға жетті».

Иран ғылым алаңында медицинада биотехнологиядан кейін екінші революция саналатын діңгекті жасушалар өндірісінде маңызды жетістіктерге қол жеткізді. ИИР-да осы салада «Руйан» атты зерттеу орталығы қызмет етіп, клондау ғылымына да қол жеткізді.

Өткен бірнеше жылда Иран жан-жақты санкциялардың қысымында бола тұра «Навид», «Расад» және «Фаджр» жерсеріктері мен ішінде тірі жануары бар зондтар ұшырып, Иранның ғарыштық бағдарламаларының тоқтамайтынын көрсетті. Қазір осы әрекеттің табыстарына куә болып отырмыз. ИИР аймақта өз жерінен ғарышқа жөнелту мүмкіндігі мен түрлі мақсаттардағы жерсеріктерін жасау мүмкіндігіне ие жалғыз ел болып табылады. Уақыт өте келе бұл ел осы саладағы өзінің мүмкіндіктерін кеңейтетін болады.

Бүгінде Иран әлемнің ғарыш саласындағы алпауыт бес елдің қатарында тұр. Бұл ел ирандық «Омид» жерсерігін  ұшырғаннан кейін жерсеріктерді жасау және ұшыру технологияларына ие аз елдердің қатарына қосылды. Әл-Джазира арналарының атақты тілшілерінің бірі әрі Иран мен қарсыласу майданының қарсыластарының бірі Фейсал Ғасем былай дейді: «Арабтар инвестиция салу, жоспарлау, сабырлық пен табандылық көрсету алаңында Ираннан үлгі алуы керек. Арабтар Иранды жазғырудың орнына оның ойластырылған механизмдері мен бағдарламаларын алға тарта отырып күресуі керек. Жеткіліктілік жолында өзінің байлығы мен ресурстарын пайдаланып, аймақтық және әлемдік байланыстарда оған көзжұма қарауға болмайтын алпауытқа айналған Иранның зеректігін қараңыз».

Соңғы қырық жылда жасалған жұмыстарға көз жүгіртсек, Иран ғылыми рейтингтерде көзге көрінерліктей орындарға кол жеткізген. Әлем елдерінің ғылыми өсуін бағалайтын базалардың біріScopus мәліметтер базасындағы мағлұматтарға сай, ИИР әлемдегі ғылыми рейтингте 16-шы орынды иеленген. Nano Statistic рейтингісіне сәйкес, Иран нано технологиялар тақырыбындағы мақалалардың саны бойынша 2013 жылы әлемде сегізінші ел болған. Қазіргі кезде ұлттық нано бағдарламалар дайындайтын елдердің саны өте аз, ал Иран осы елдердің қатарынан орын алған. Иран нанотехнологиялардың көмегімен 3000 түрлі өнеркәсіптік, фармацевтикалық және медициналық өнім дайындап шығарған. Сондай-ақ, түрлі бөлімдердегі нанотехнологияларды қолданатын өнеркәсіптерге қажетті құрал-жабдықтарды жасау да көзге көрінерліктей жетістіктердің қатарына жатады.  

Нанотехнология түрлі салаларда,  соның ішінде, энергия өндірісі, ауылшаруашылықтың өнімділігін арттыру, суды улы заттардан тазарту, ауруларды анықтау, дәрі-дәрмек жеткізу, азық-түлік өнімдерін сақтау, ауаны тазарту, зиянды жәндіктерді бақылау және тағы да басқа мақсаттарда пайдаланылады.

Сионистік режимнің әскери барлау ұйымының төрағасы Херци Ха-Леви былай деді: «ИИР өткен бірнеше жылда ғылым мен технология саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Иран жаңа ғылымдар бойынша, соның ішінде, клондау, діңгекті жасушалар мен фармацевтикада көптеген табыстарға жетті. Иран революциядан кейін санкцияларға қарамастан, мамандарды тәрбиелеу арқылы авиация өнеркәсібі, денсаулық сақтау және медицинада маңызды жетістіктерге жетті. Бүгінде Исламдық Иранның ғылым мен әлемнің жаңа технологияның биік шыңдарына шығып, көзге көрінерліктей табыстарға жеткеніне куә болып отырмыз».

АҚШ санкцияларды, тіпті Иранның ғылыми мақалаларын батыстық басылымдарда жариялауға тыйым салу және ирандық ғалымдар мен мамандардың америкалық және еуропалық ғылыми семинарларға қатысуының алдын алу үшін пайдаланған жағдайда осындай жетістіктерге қол жеткізілді. Ирандық ғалымдар мен мамандар үлкен жаңалықтарды өз есімдеріне тіркеп жатса, ирандық студенттер ғылыми олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде.

Иранның ядролық ғалымдары санкцияға іліккен жеке тұлғалардың тізіміне енгізіліп, ирандық бірнеше ғалым мен маманға террор да жасалды. Бұл әрекеттер шын мәнінде ғылыми алаңда Иранға соғыс жариялаумен тең болды.

Батыс Иранның ядролық бағдарламасына байланысты біржақты саяси мақсатты көздеп, тіпті медицинаға қатысты Теһранның зерттеу реакторына жанармай сатудан бас тартты. Дәл осы қыңырлық Иранды медициналық зерттеу жұмыстары үшін қажет ядролық жанармайды өндіруде жергілікті мүмкіндіктерге сүйеніп, Теһран реакторының жанармаймен қаматамасыз ету мақсатында уранды 20 пайызға байытуға итермеледі. Бұл реактор радио дәрілерді өндіру саласында жұмыс істейді. Науқастарға қажетті Молибден 99 – Технеций 99 М сияқты радио дәрілерді өндіру ғылыми жетістіктердің бірі болып табылады. Батыстың санкцияларына ұшыраған Иранда ядролық ғылым шеңберінде үлкен қадамдар жасалды. Бұл жаңалықтар ауылшаруашылығы мен медицинада пайдаланылады.

Sience халықаралық журналының редакторы Ричард Стоун былай дейді: «Мен Иранның ғылыми қоғамымен таныспын. Иран санкциялардың қысымына қарамастан, бұл елдің ғылыми қоғамы шектеулерді бейтараптандыруда жасампаздық пен  бейімділік көрсетіп, әлемдік ғылыми қоғамдағы бәсекелестікке жарамдылығын сақтап қалды. Иран түрлі ғылым мен технология салаларында, әсіресе ядролық ғылымда, озық болып табылады. Иран атом қуатының  түрлі бөлімдерінде, әсіресе, ядролық физика, астрофизика мен ядролық синтез бөлімдерінде әріптестік жасау мүмкіндігіне ие».

Ядролық технология  инженерлік және іргелі ғылымдарды қамтиды. Қазіргі кезде бұл технология тек бірқатар елдің ғана ықтиярында. Иран қазір ядролық ғылымның жаңа алаңдарына, соның ішінде, ядролық синтез немесе Eater жобасына аяқ басты. «Ядролық синтез» деп аталатын жоба Атом қуаты ұйымының ғылыми жобаларының өзегі болып табылады. Халықаралық ядролық синтез жобасы (Eater) жаңа энергия түрлерін өндіруге бағытталған. Еуропалық елдер, АҚШ, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея мен Жапония осы жобаға қатысушы елдердің қатарын құрайды. Бұл жоба алдағы  30-40 жыл ішінде коммерцияландыру кезеңіне жетеді. Иран қазірден бастап осы жобаға инвестиция сала бастады.

Иранның ядролық синтез саласында құнды тәжірибелері бар. Болашақта екіжақты әріптестіктер арқылы Иранның тәжірибелері көбейе түседі. Иран осы үлкен жобаға кіргеннен кейін осы саладағы технологияларды жетілдіру үшін жаңа мүмкіндік туындайды.  Иран осы жобаға қосылғаннан кейін ғылыми-техникалық тұрғыдан ішкі мүмкіндіктер арта түседі деп күтілуде.

Осы саладағы келесі бір қадамда ИИР президенті Хасан Рухани Иранның Атом қуаты ұйымының төрағасы Әли Акбар Салехиге жолдаған хатында халықаралық міндеттер шеңберінде ғылыми зерттеу орталықтарының әріптестігімен теңіз тасымалы мақсатында пайдаланылатын ядролық күш қондырғысын жобалау және жасау үшін алдағы үш айда әрекет етуді бұйырды.

Иран президенті Атом қуаты ұйымының күн тәртібіне енгізген ядролық күш қондырғысының өнеркәсіптік өндірісі бейбіт мақсаттағы ядролық жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.

«Әл-Ахбар» газеті бір сараптамада былай деп жазды: «Рухани беріп отырған үш айлық мерзім шын мәнінде Вашингтон мен оның одақтастарына берілген айқын үндеу болып табылады. Бұл үндеу Теһранның ядролық келісімдегі бұзушылық пен қосымша санкция салуды қабылдамайтынын және текетірес деңгейін ядролық келісімнен асып түсетін бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламаның ең жоғарғы деңгейіне жеткізуге әзір екенін білдіреді».

Иран саудасының 90 пайыздан астамы теңіз арқылы жүзеге асырылады. Ел мұнайының барлығы дерлік кемемен тасымалданады. Сол себепті ирандық жүк кемелері мен танкерлер әлемнің түкпір-түкпіріне жету үшін ұзақ қашықтықтарды басып өтеді. Әлемнің жүк кемелері мен танкерлерінің барлығы дерлік  қазба отын түрлерін пайдаланады. Қазба отын шикі мұнайдың туындысы болғанымен өте арзан болып келеді. Алайда соңғы жылдары АҚШ, Қытай мен Ресей сияқты кейбір елдер сауда кемелері үшін ядролық күш қондырғыларын пайдалануға қарай бет алған.

Christian Science Monitor газеті өз мақалаларының бірінде санкциялар мен оның Иран экономикасына тигізер кері әсерлері туралы былай деп жазды: «Шектеулер Ислам республикасының дамуға қарай қадам басуына себеп болды». Бұл газеттің жазуынша, санкциялар діттеген мақсаттарына жете алмады. Себебі санкцияларды күшейту Иранның барлық салалардағы дамуының қарқын алуына себеп болды.

Иран халқының қысымдарға қарсы табандылығы мен ғылыми мүмкіндіктерінің өркендеуінің нәтижесі болып табылатын бұл жетістіктер Иранның ғылымның биік шыңдарына шығуы жолында еш нәрсенің кедергі бола алмайтынын көрсетті.