Машһад – ислам әлемінің мәдени астанасы
Машһад қаласының ислам әлемінің мәдени астанасы ретінде таңдалуы ИИР үшін бірегей мүмкіндік береді. Қасиетті Машһад қаласы имам Реза (с.ғ.с.)-ның тұлғасын үлгі тұта отырып, Пайғамбар әулеті (ғ.с.) мектебі мен парасаттылық, ұстамдылық пен өзара әрекеттестік негізіндегі діни құндылықтарға сүйенген ислам әлемінің орталығы бола алады.
Диктор 1:
Бұл күндері Иран қалаларының біріндегі ислам әлемінің үлкен мәдени шарасына куә болып отырмыз. Хазірет Әли бин Мұса әр-Резаның (ғ.с.) нұрлы кесенесінің арқасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі Пайғамбар мен оның отбасын сүйетін миллиондаған адамның назарын өзіне аударған Иранның солтүстік-шығысындағы Машһад қаласы «ISESCO» ұйымы тарапынан ислам әлемінің 2017 жылдағы мәдени астанасы ретінде таңдалды. Бұл ислам әлемі үшін үлкен құрмет болып саналады.

Ислам конференциясы ұйымына қарасты Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі исламдық ұйым «ISESCO» ислам әлемінің мәдени астаналарын таңдау ісіне жауапты ұйым болып табылады. Аталмыш ұйым 1979 жылы құрылған. Оның штаб-пәтері Марокконың астанасы Рабат қаласында орналасқан. Бұл ұйымды құрудағы негізгі мақсат ислам елдерінде білім беру және ғылым мен технологияларды дамыту арқылы мұсылман үмбеті арасында ынтымақтастық орнату, мұсылман ғалымдарының арасында әріптестік қалыптастырып, батыс және мұсылман емес мемлекеттердегі мұсылман азшылықтарына қолдау көрсету және жалпы бүкіл әлемдегі мұсылмандар арасында ынтымақтастық орнатып, ғылым, білім және мәдениет саласында тәжірибе алмасу болып табылады.

Диктор 2:
Бір жарым миллиардтан астам халықты қамтитын ислам мемлекеттерінің рөлін арттыру мақсатында «ISESCO»-ның назарға алған мақсаттарының бірі кең етек жайған жаһандану үдерісі арқылы міндеттелген мәдени стандарттармен күресу үшін ислам әлемінің мәдени стратегиясын құру және оны іске асыру болып табылады. Осыған байланысты, мұсылман үмбетінің мұрасын түрлі аспектілерден танытатын «Ислам әлемінің мәдени астаналары» атты жобасы 2001 жылы Дохада өткен мұсылман мемлекеттерінің Мәдениет министрлерінің 3-ші ислам конференциясының қаулысын іске асыруына сәйкес талқыланып, қабылданған болатын. Мекке қаласы 2005 жылы ислам әлемінің алғашқы мәдени астанасы болып таңдалды. Бұдан кейінгі жылдары ислам әлемінің мәдени астаналарын таңдау міндеті «ISESCO» ұйымына жүктелді.
Азия елдері арасында Машһад қаласының ислам әлемінің мәдени астанасы ретінде таңдалуы ислам әлеміне бірегей мүмкіндік беретін ерекшеліктерге ие. Қасиетті Машһад қаласы имам Реза (ғ.с.)-ның тұлғасын үлгі тұта отырып, Пайғамбар әулеті (ғ.с.) мектебі және парасаттылық, ұстамдылық және өзара әрекеттестік негізіндегі діни құндылықтарға сүйенетін орталыққа айнала алады. Сондай-ақ, бұл қала ежелгі заманнан бері хәкім Фердоуси, шейх Баһаии, шейх Туси, Незам әл-Мүлк және Ғазали секілді ұлы әрі даңқты даналардың жері болған. Тарих сахнасында Машһад әртүрлі ой-пікірлер мен идеялардың және мәдени мектептер мен топтардың басын біріктірген мекен болып саналған.

Диктор 1:
Құран Кәрім аяттарын оқу және хазірет имам Реза (ғ.с.) рухына салауат айтумен басталған аталмыш мәдени шараның салтанатты ашылу рәсімі хиджра шамси күнтізбесі бойынша 1395 жылдың баһман айының бесінші жұлдызында, яғни 2017 жылдың 24-ші қаңтарында, имам Реза (ғ.с.) кесенесінде өтті.
ИИР-ның Мәдениет министрі және елдің жоғары лауазымды тұлғаларынан басқа, бұл рәсімге әлемнің 51 елінен келген 250 мәдениет және саяси қайраткер, соның ішінде «ISESCO» ұйымы бас хатшысының орынбасары Амина әл-Хаджри қатысты. Хорасан Разави облысының әкімі аталмыш шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға келген барлық шетелдік мемлекеттердің елшілері мен өкілдеріне, ислам елдерінің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдары және қонақтарға қошемет айтып: «Машһад қажетті құралдармен жабдықталған ірі діни семинариялар, университеттер мен зерттеу орталықтары секілді мүмкіндіктердің арқасында келешектегі ислам әлемінің негізгі рөлін өз мойнына алатын әлеуетке ие. Сонымен қатар, бүгінде Машһад өзінің биік мұнаралары арқылы әлемге бірлік пен ынтымақтастық, бейбітшілік, қуаныш пен бауырластықтың әуенін жеткізе алады. Ислам әлемінің ең ірі діни қаласы ретінде Машһад жаңа исламдық өркениет жобасында лайықты түрде негізгі рөл атқара алады. Машһад қаласын аймақтағы мәдени-зияткерлік байланыстардың орталығы деп санауға болады»,- деді.
Диктор 2:
«ISESCO» ұйымы бас хатшысының орынбасары Амина әл-Хаджри ислам әлемінің Машһадқа байланысты оң көзқарасы жайлы: «Машһад әрдайым адамзат мәдениетінің дамуында теңдессіз ықпал мен рөлге ие болды. Сол ықпал Машһадтың мәртебесін көтерді»,- деді.
Амина әл-Хаджри сондай-ақ аталмыш қалаға жылына 20 милионнан астам зияратшы мен саяхатшының сапар шегетіндігіне сілтеме жасап: «Машһадтың мұсылмандар арасында тартымдылққа ие болуының себебі имам Реза (ғ.с.) кесенесіндегі рухани кеңістік пен ауанға байланысты. Исламдық мемлекеттер үкіметі кезінде қаладағы мәдени әркелкілік және оның қуаттылығы, түрлі діни және ру-тайпалық азшылықтардың бір-бірімен көршілес өмір сүруі бұл қаланың құдіретін сақтап қалып, оның мәдени даму тұрғысынан елеулі жетістіктерге жетуіне себепкер болды. Өзінің мәдени жетістіктерінің арқасында Машһад мәдени инновациялық белестерді бағындыра алады»,- деді.

Сонымен қатар, «ISESCO» ұйымы бас хатшысының орынбасары ислам әлемінің мәдени астанасын таңдаудағы басты критерийлерге сілтеме жасап: «Аталмыш мәселеге байланысты ұйымның қоятын талаптары өте қатаң. Машһад қаласы сол талаптарға сай болғандықтан астана ретінде таңдалды. Деректі тарихи-мәдени шығу тегі, адамзат мәдениеті мен білім деңгейін көтеруге атсалысу, тарихи және өркениеттік ескерткіштер мен белсенді мәдениет және өнер мекемелерінің болуы – ислам әлемінің астанасына қойылатын басты талаптар»,- деді.
Диктор 1:
ИИР-ның Мәдениет және исламдық бағдар министрі Салехи Амири қазіргі жағдайда мұсылман қоғамдастықтарын бірлік пен адамгершілікке шақыру қажеттігін баса айтып: «Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) адамгершілік пен игілікті өзінің басты мақсаты санады. «ISESCO»-ның ислам әлемінің мәдени астанасын таңдау талаптары да осы ерекшеліктерге негізделген»,- деді. Салехи Амири барша мұсылмандардың тегі бір екенін қуаттап: «Қазіргі кезде мұсылмандар жалғыз ғана дұшпанға тап болып отыр. Ол дұшпан – илаһи ислам дініне тұрпайы әрі өрескел сипат беретін адамдар. Бүгінде мұсылмандардың дұшпандары әсірешілдікке бет бұрған. Осы арада сионистер ислам әлемінде алауыздық пен араздық тудыруда ықпалды рөлге ие»,- деді.

Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрі имам Хомейнидің (р.) «Бірлік аптасы» идеясы арқылы мұсылмандардың бірлік пен ынтымақ туын көтергеніне сілтеме жасап: «Бүгінде ислам әлемі қиын жағдайға тап болып отыр. Тар жол, тайғақ кешуден өту үшін бірлік пен ынтымақтастық қажет. Хазірет аятолла Хаменеи де үнемі бірліктің қажеттілігін қуаттап, ислам әлеміндегі мәселелердің жалғыз шешуші жолын бірлік пен ынтымақтастық деп атаған. Қазіргі таңда ислам әлемі бұрын-соңды болмаған жікшілдік пен зорлық-зомбылықтан азап шегіп жатыр. Осындай жағдайда разавилік адамгершіліктің үлгісі бізге сол мәдениетке сай өмір сүріп, ауызбіршілікке қол жеткізе алатынымызды көрсетеді. Разавилік мәдениет – диалог пен ынтымақтастыққа негізделген мәдениет. Хорасан облысы мен Машһад қаласы өркениеттік байланыстардың тоғысқан жері, жаңа пікірталастардың пайда болған орталығы және адамдардың қарым-қатынас жасайтын мекені болған»,- деп мәлімдеді.
Диктор 2:
Діни жетекшінің қасиетті Хорасан облысындағы өкілі Ибраһим Раиси ислам әлемінің бұрынғыдан артық бірлік пен ынтымақтастыққа қол жеткізуінің сырының разавилік ілімге негізделгеніне сілтеме жасап: «Машһадтың ислам әлемінің астанасы болуымен хазірет имам Резаның (ғ.с.) өмір жолы үлгісінің арқасында әлемдегі мұсылмандарға нағыз мәдениетті таныстыра аламыз»,- деді.
Аталмыш рәсім барысында ұйымның бас хатшысының орынбасары Амина әл-Хаджри «ISESCO»-ның символын Иранның Мәдениет министріне ұсынды. Сонымен қатар, рәсім кезінде марқұм Нейризидің қолымен жазылған Құран және т.б каллиграфиялық туындылар, Саид Арзкан жобалаған Фаршчианның «Бұғылардың қамқоршысы» атты мозаикалық суреті, «Шамс әл-Шамус» каллиграфиялық суреті, «Машһад-2017» атты сурет аптасы, ислам әлемі астанасының әнұраны мен бейнебаяны, ислам әлемі елдерінің кітаптары мен каллиграфиялық жазбаларының тұсаукесерлері болып, келген қонақтардың назарына ұсынылды. Сонымен қатар, бұрын көрсетілмеген Машһадтың өткен бір ғасыр аралығындағы суреттерінен құралған 15 минуттық қысқаметражды деректі фильмі көрсетілді.

Аталмыш рәсімнің жалғасында «Машһад – 2017 жылдағы ислам әлемінің астанасы» шарасының символы, сонымен қатар 2017 жылы Машһадта өткізілетін түрлі іс-шаралардың бағдарламасы (238-ден астам іс-шара) таныстырылып, кейін рәсімнің арнайы қонақтары Разави облысындағы қасиетті орындарға, мұражай мен Құран Кәрімді басып шығару орталығы мен кітапханасына барды.

Диктор 1:
Исламдық қалаларды ислам әлемінің мәдени астанасы деп атаудың мақсаты Ислам дінін туризм арқылы мәдени тұрғыдан таныстыру болып табылады. Бұл мәселе, таныстыру және насихаттаумен қоса шетелдік саяхатшыларды қызықтыру және жергілікті экономикаға көмек көрсетудің бір жолы саналады. Сондықтан, ең дұрыс әрі лайықты шара – ол Машһадтағы туризм және саяхат мәселесіне, соның ішінде діни туризм нысандарына көңіл бөлу болып табылады. Имам Реза (ғ.с.) кесенесінің осы қалада орналасуы оған өзіндік ерекшелік береді. Бұл ерекшелік туризмді дамытуға қолайлы жағдайлар тудырумен қатар, ислам әлемі үшін әсерлі болатын түрлі мәдени іс-шаралар өткізетін арнайы орындарды дайындауды қажет етеді. Сол себепті, имам Резаның (ғ.с.) кесенесін таныстыру және оны қайта тануға бағытталған бағдарламалар мен іс-шаралар Машһадтағы туризмнің негізгі мақсаты ретінде ислам әлемі астанасы бағдарламаларының ішінде үлкен басымдылыққа ие. Бұл кесенені тарихи және мәдени мұра ретінде таныстыру бір жағынан, адамзат баласының әлемдік мұралары тізіміне тіркеу үдерісіне бастау бере алады. Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің жарық жұлдызы хазірет Резаның (ғ.с.) адамгершілік бейнесі мен өмір сүру салтын талдап, зерттеуге арналған бағдарлама – 2017 жылы ұйымдастырылатын шаралардың бірі.

Диктор 2:
Имам Реза (ғ.с.) өзі өмір сүрген кезде исламдық мазһабтар мен басқа да илаһи діндердің үлемдерімен көптеген пікірталастар мен сұхбаттар жүргізген. Талқылау және пікір алмасу жиындары мен кездесулері де осы ұлы тұлғаның қатысуымен өткізілетін. Имам Резаның (ғ.с.) адамгершілік бейнесінің биіктігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі исламдық үлемдер мен ойшылдардың қатысуымен илаһи діндер мен мазһабтардың идеялары және ой-пікірлерімен алмасу мақсатындағы диалогтар мен басқосулар өткізуге негіз бола алады. Сонымен қатар, исламдық елдер мен қалалар жайлы түрлі тақырыптағы сан алуан көрмелердің ұйымдастырылуы, салт-дәстүр, бұқаралық мәдениет және қолөнер мен дәстүрлі өнер түрлерімен таныстыру тақырыптарына арналған фестивальдердің өткізілуі Машһадты мәдени іс-шаралардың орталығына айналдыруы мүмкін.
Диктор 1:
Айта кететін жайт, Машһад Азияның араб тілді емес мемлекеттерінің ішіндегі ислам әлемінің мәдени астанасы болып таңдалса, Суданның Сеннар қаласы мен Иорданияның Амман қаласы араб елдерінің мәдени астаналары ретінде таңдалды. Уганданың Кампала қаласы Африка елдерінің ішіндегі ислам әлемінің мәдени астанасы болып таңдалды.