Наурыз: өмір сүру тәсілі (1)
Ирандық-исламдық өмір сүру тәсілі – ирандық өркениет пен мәдениеттің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Бұл тәсілдің негізгі ерекшеліктерін адамның өз-өзімен байланысы, адамның Алламен байланысы және адамның басқа адамдармен байланысы шеңберінде қарастыру керек. Наурыз осы байланыстар туралы жаңа әрі бірегей анықтама ұсынады.
Қыс мезгілі өзінің барлық әсемдіктерін алып кеткеннен кейін кезек көктем мезгіліне келіп жетті. Суық кетіп, өз орнын жасыл әрі түрлі түсті көктем мезгіліне береді. Бұлт, жел, тұман, күн мен аспан жұмылып, адамға жаңа өмір бастауға және Жаратушыға алғыс білдіруге көмектесу үшін бар күштерін салуда. Наурыз келіп, баршаға бақытты әрі шаттыққа толы жаңа жылдың басталатынын жар салды. Бұл – нығмет пен амандыққа толы жыл, шаттық пен молшылық әрі Жаратушыны еске алу жылы.
Армысыздар, құрметті достар!Сіздермен тағы бір Наурызда кездесіп отырмыз. 1396 жылдың наурызы өткен мыңдаған жылдардағыдай сияқты көктем мезгілінің басталғанын білдіреді. Наурыз келіп, халықтардың оны қарсы алып, тойлатып жатқанына ғасырлар болды. Алайда бұл салтты жыл сайын қайталау оның әсемдігі мен салтанаттығын азайтқан жоқ. Бұл ежелгі салт-дәстүр мен ұлттық мейрам бұрынығысынша ирандықтар тарапынан сақталып, кез келген уақыт пен мекенде олардың өмірлерінің бір бөлігіне айналған.
Наурыз мейрамын атап өтудің өзіндік тәсілдері болады. Ирандықтардың осы мейрам кезіндегі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері ұқсас болып келеді. Осы күндердегі халықтың өмір сүру тәсілі ғасырлар бойы еш өзгерместен сақталып келді. Наурыздың әсемдіктері де осындай өмір сүру тәсілінің арқасында баянды болып отыр. Бұл тәсіл жан-жақты, толық, адамгершілікке сай әрі көркем болғандықтан жылдың басқа мезгіліне, сондай-ақ, әлемнің басқахалықтарының салт-дәстүрлерін жете зерттейтін адамдар үшін үлгі бола алады.
Бүгінде өмір сүру стилі түрлі салалардағы көптеген ғалымдардың, әсіресе қоғамтанушы ғалымдардың зерттеу жұмыстарының басты тақырыбына айналып отыр. Өмір сүру тәсілі бір адамның, топтың немесе мәдениеттің қызығушылығы, ой-пікірі, іс-әрекеттері мен мінез-құлық бағытын қамтиды. Сонымен қатар бір адам, топ немесе қоғамның өзіндік өмір сүру тәсілін де өмір сүру стиліне жатқызуға болады. Бұл терминді алғаш рет 1929 жылы аустриялық психолог Альфред Адлер пайдаланған. Әлемнің жер-жеріндегі өмір сүру тәсілдері ұстанымдар, құндылықтар,қатынас тәсілдері мен талғамдардың жиынтығын қамтиды. Танымал музыка, бұқаралық телевизия мен хабарландырулар, ой қиялдары мен суреттер өмір сүру тәсіліне байланысты пайда болады. Адамдардың басым бөлігі өмір сүру стилін өздері таңдайтындықтарына сенімді болғанымен, ақпарат құралдары қазіргі заманғы өмір сүру тәсіліне көп ықпал етеді.
Өмір сүру стилі іс-әрекеттердің жиынтығынан құралады. Мысалы, қарым-қатынас тәсілі адамдардың түрлі салаларда бір-бірімен араласуы және мінез-құлықтық байланыстар жиынтығының қалыптасуының бір түрі саналады. Бір қала немесе бір елдің адамдары мейірімділік, қонақжайлық, сыпайылық, еңбекқорлық, ұйымшылдық және тағы да басқасипаттарға ие болуы мүмкін. Бұл ерекшеліктер түрлі іс-әрекеттер қалыбында көрініс тауып, бір-біріне қосылып өмір сүрудің бір стилін құрайды. Осы стилдің көмегімен адамның мейірбан немесе ашушаң, қамқоршы немесе менменшіл екенін түсінуге болады. Отабсылық мінез-құлық стилі туралы сөз қозғайтын болсақ, ата-ананың бір-бірімен немесе баламен қарым-қатынасы туралы баяндаймыз. Бұл отбасының өмір сүру стилін анықтай алады. Осылайша, адамның мінез-құлқының тек бір көрсеткіші ғана «стиль» деп аталмайды. Стиль дегеніміз – адамның іс-әрекеттерінің жиынтығы.
Мәдениеттің стильдің ықпалына түсуі тізбек қағидасымен орын алады. Мысалы, соңғы 150 жылда Қаджарлар дәуірінде Батыс мәдениеті Иран қоғамына ықпал ете бастағаннан кейін тұлғалық және қоғамдық өмірдің барлық аспектілерінде мәдени өзгерістер орын ала бастады. Бұл өзгерістер батыстық материалдық өнімдер мен көзқарастар және мәдениет Иран қоғамына енгеннен кейін басталып, ауқымды түрде ілгерілегені соншалықты, Иранның мәдени және өркениеттік болмысына ықпал етті. Батыстың ирандық қоғамдағы алғашқы өнімдері көлік, зауыт пен киім болды. Бұл өнімдер қоғамға енгеннен кейін бірте-бірте талғамдар да өзгере бастады. Талғам өзгерген соң Батыс өздерінің стильдерін қоғамға таңып, Иранды түбегейлі түрде өзгерген мегаполистерге жеткізді. Осы тәсілмен батыс модернизмі мен өмір сүру стилі өз қажеттіліктерін Иранның қоғамына таңып, ахлақты да өзгертті.
Ислам революциясы оқиғасы, шын мәнінде, Иран халқының осы толқынға қарсы табандылық көрсетуге деген ерік-жігері мен ирандық-исламдық өмір сүру стиліне қайта оралу талабының көрінісі болды. Дегенмен, кейде ирандық-исламдық өмір сүру стиліне қайта оралу өткенге қайта оралу дегенмен теңестірілуі мүмкін. Алайда төмендегі маңызды жайтты айта кету қажет. Стиль – бір өмірдің құндылықтары, армандары мен қажеттіліктерін ашық түрде көрсететін іс-әрекеттердің тізбегінен тұрады. Өмір сүру стилі жеке-тұлғалық және қоғамдық іс-әрекеттерден құралады. Бұл іс-әрекеттердің біртұтас екендігін және бір қауым мен халықтың тарихы мен өркениетінің тығыз байланыста екенін көрсетеді.
Наурыз – тек жыл басындағы ирандық бір мейрамның атауы ғана емес. Наурыз – өзгерісті дәріптеу рәсімдері. Ирандықтар жылдың ауысуы мезгілінде Жаратушыдан жағдайларының ең жақсы деңгейге жетуін сұрайды. Дегенмен, бұл өтініш тек адамның жеке басымен шектеліп қалмайды, керісіншеол өзінің жақындары, халқы, тіпті, кеңірек ауқымда, яңни, адамзат пен күллі әлемді қамтиды.
Әлемде орын алатын кез келген өзгеру құбылысының адамның қолымен жасалатынын және барлық өзгерістің адамның ерік-жігерімен орын алатынын білеміз. Егер, адам өз қоғамы мен елінің жағдайына және өміріне өзгеріс енгізгісі келсе, бұл өзгерісті өзінен бастауы керек. Ахлақи өзгеріс, ішкі өзгеріс, адамгершілік пен Жаратушыға қарай бет бұру адамды бақытқа жеткізеді. Осылайша, Наурыз бір адамға оның табиғат сияқты, тіпті ызғар, мұз басу мен жасыл бұтақтардың қурауы сияқты құбылыстардан кейін де өзгере алатынын көрсетеді. Өзгеріс – Наурыздың негізгі тірегі. Бір адамның Наурыз кезіндегі өмір сүру тәсілі оның рухани әлемінде өзгеріс тудыра алады. Осы күндері адамда орын алатын өзгерістер ішкі және сыртқы екі бағытта болады.Ирандық өмір сүру тәсілінде Наурызқарсаңында осы өзгерістің алғышарттарыдайындалады. Алдымен өткен жылдың іс-әрекеттері қорытындыланады. Бұл кезде адам өзінің жеке және қоғамдық деңгейде жасаған іс-әрекеттерін бағамдайды. Бұл адамның өзінің өткеніне қарап, жасаған қателіктерін сараптап, оны түзетуге қарай әрекет етуі үшін жақсы түрткі болып табылады.
Кектерден арылу және басқалармен байланыс орнату – ирандықөмір сүру тәсіліндегі ішкі өзгерістердің келесі бір көрсеткіші. Наурыз Иранның мәдениетінде адамдардың арасындағы өкпе-реніштерден арылу үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Адамдар Наурыз мейрамы кезіндегі мүмкіндіктерге әдетте немқұрайлы қарамайды. Олар жақындары, туған-туыстары және достарымен көрісіп немесе бір-біріне қоңырау шалып, хал-жағдайларын біліседі. Бұл істің адамның рухына тыныштық сыйлап, бәрінен бұрын оның ішкі өзгерістеріне көмектесетіндігі сөзсіз.
Ирандықтар үшін Наурыз мейрамы кезіндегі сыртқы өзгерістердің де маңызды екенін айта кету қажет. Наурыз кезіндегі ирандық өмір сүру тәсіліндегі маңызды көрсеткіштердің бірі жаңа жыл қарсаңында жаңа киім сатып алу болып табылады. Айта кетер жайт, соңғы жылдары бұл іс бір салтқа айналып, көбінесе балаларды қамти бастады. Алайда ирандықтардың пікірінше, жыл ауысқан мезетте және Наурыз бойы жаңа киім киіп, ескіліктен алыстау керек. Наурыздың салт-дәстүрлері арасындағы сырт келбетке осылайша назар аудару салтының ысырапқа ешқандай қатысы жоқ. Айтып өткеніміздей, Наурыздың маңыздылығы мен көктем мезгілінің келуіне байланысты ирандықтар оны құрметті қонағындай қарсы алады.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Наурыз кезіндегі өмір салтының өзіндік ерекшеліктері бар. Әр адам осы күндері өзіне жеке бір әлем ретінде қарап, өзгерістерді өзінен бастауы керек. Өзінің ішкі және сыртқы дүниесін жақсартып, көктемде бүршік ататын қураған бұтақтан кем болмауы тиіс. Ирандық ақын марқұм Ғейсар Аминпур айтқандай:
Өзімнен алыстағаныма көп болды.
Бәлкім, осы мейрамда
Өзіммен дидарласуға да барармын...
Наурыз мейрамы құтты болсын!