Құдс – илаһи діндердің бесігі (6)
https://itolqyn.com/radio/iran-i34295
Бұл бағдарламада Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Израиль үкіметінің құрылуы үдерісіне тоқталамыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Қаң 28, 2018 18:33 Asia/Almaty
  • Құдс – илаһи діндердің бесігі (6)

Бұл бағдарламада Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Израиль үкіметінің құрылуы үдерісіне тоқталамыз.

 Бұл бағдарлама кешені АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейт ул-Мұқаддас қаласын Израиль режимінің астанасы деп жариялау әрекетіне реакция ретінде бұл қаланың исламдық жер екенін көрсету мақсатында дайындалып, ұсынылып отыр. Өткен бағдарламада сионистердің отаршыл Британияның көмегімен он тоғызыншы ғасырдың соңынан бастап Палестина жерінде Израиль мемлекетін құру талпыныстарына тоқталған болатынбыз. Палестина жерін басып алу және Израиль үкіметін құру үшін қолайлы мүмкіндік Бірінші Дүниежүзілік соғыс аяқталып, Осман империясы бөлініп, 1917 жылы «Бальфур» декларациясына қол қойылғаннан кейін туындады. 1920 жылдың сәуір айының жиырмасы күні Италияның Сан-Ремо қаласында одақтас елдердің жоғары кеңесінде араб елдері жерлерінің тағдырын анықтау туралы конференция өтті. Келіссөздердің нәтижесінде Палестина «Бальфур» декларациясының жүзеге асырылуы шартымен Британиның қарамағына өтті. Палестина жерінің британиялық үкіметтің қарамағына өтуі туралы құжаттың екінші тарауында Британия Палестинаның саяси, экономикалық және әкімшілік жағдайын еврейлердің ұлттық орталығын құру үшін жағдай туындайтындай етіп реттеуге міндеттелді. Британия үкіметіне сонымен қатар еврейлердің Палестинаға көшуіне қажет құрал-жабдықтарды қолайлы уақытта дайындап беру тапсырылды. Дегенмен, Палестина Британияның Палестинадағы мандатынан екі жыл бұрын британиялақтардың бақылауына өткен болатын. Британия Палестинадағы отаршылдығын ресми түрде бекіткеннен кейін Британиядағы танымал бір еврей әулетінің мүшесі сэр Герберт Сэмюэльді Палестинаның алғашқы жоғарғы комиссары ретінде тағайындады. Ұлыбританияның Палестинадағы мандатының тарихы отыз жылға созылды. Бұл кезең Палестина тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі саналады. 1918-1948 жылдар аралығында, яғни, Израильдің өзін ресми түрде жариялау талпынысы кезінде барлық саяси, қоғамдық және экономикалық құрылымдар қиратылды.

Герберт Сэмюэл

 

Сионистік қозғалыс осы отыз жыл бойы Британияның көмегімен Палестинада көптеген базалар құрды. Еврейлердің миграциялық агенттігін ашып, Палестина жеріне еврей мигранттардың ағылуына жол ашу арқылы Палестинаның ұлттық құрамының өзгертуге және Палестина халқын өз жерінен күштеп шығаруға жағдай тудырды. Британияның сол кездегі премьер-министрі Левид Джордж «Бальфур» декларациясы жарияланып, Британия еврейлерге Палестина жерінде еврей үкіметін құру туралы уәде бергеннен кейін: «Еврейліктер сионистік қоғам құруы үшін Палестина жеріндегі құзырын арттыруы керек» деді. Осы аяда еврей агенттігі Британияның сол кездегі үкіметтерінің көмегімен әлемдегі еврейлерді Палестинаға көшуге шақырды. 1919-1923 жылдар аралығында Палестинада тұрақтанған еврейлердің саны 35 мың адамға жетті. 1923-1931 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 180 мың адамнан асты. Британия мандатының соңғы жылдары Палестина жеріндегі еврейлердің саны 600 мыңнан асып жығылды. Бұл бастапқы кездегі еврейлердің санымен салыстырғанда айтарлықтай өсімді байқатады. Мандат жылдары Палестина жерлері тәркіленіп, еврей агенттігі мен сионистік капиталистік компаниялары тарапынан мигрант еврейлерді қоныстандыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Британияның Палестинадағы мандатының бастапқы жылдары британиялықтардың толық қолдауымен сионистерің саяси, қоғамдық  ұйымдары, тіпті әскери құрылымдары пайда болды. Бұл жылдары палестиналықтардың жергілікті кәсіптері мен өнеркәсіптері жойылып, оның орнына сионизмнің қолдауына ие өнеркәсіп орындары ашылды.

Еврейлердің әлемнің түрлі жерлерінен  еврей үкіметін құру мақсатымен Палестина жеріне ағылуы

 

Сол кезде батыстық еврей капиталистер де Палестинаға көшуге шақырылды. Британия мен АҚШ-тың өнеркәсіптік технологияларының Палестинаға жаңа құрылған сионизм ағымына көмектесу үшін кіргізілуі мигрант еврейлердің өнеркәсібі мен шаруашылығын өзгертті. 1936 және 1937 жылдары Палестина жерінде сионистер тарапынан 5600 зауыт іске қосылды. Сонымен қатар, Британия Палестинадағы мандатының бас кезінен бастап Палестинадағы саяси,әкімшілік және мәдени лауазымдарға Британияның сионизмді қолдаушы қайраткерлерін тағайындады. Сол себепті 30 жылға созылған Британияның Палестинадағы билігі кезінде сионистер мектептер, арнайы білім және жоғары білім беру орындарын құру арқылы Палестинадағы мәдени орталықтарды басып алды. Британияның Палестинадағы ұлтты құрту саясатын іске асырудағы ең басты қадамы Британияның әскери орталықтарында сионистерді әскери жаттықтырудан өткізуі болды. 1918 жылы Британияның қолдауымен Хагана сионистік әскері құрылып, әлемдік сионизм ұйымының әскери буыны ретінде әрекет ете бастады. Хагана Палестина халқына қарсы лаңкестік әрекеттер ұйымдастырып, палестиналықтарды өлтіру, олардың мал-мүлкін тәркілеу және баспаналарын тартып алуға кірісті. Басқа жақтан, Палестинаның базарлары мен көшелеріне бомба қою арқылы үрей мен қорқыныш тудырып, палестиналықтарды өз елінен мәжбүрлі түрде көшуге итермеледі. Палестиналық арабтарды қуу және қыру Британияның мандаты жылдары бойы Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін жалғасты. Өздерін Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің геноцидінің құрбаны санайтын сионистердің өздері Палестина халқын өз жерінде қыру арқылы ең ірі геноцидті іске асырды.

Палестинаны басып алу үдерісі

 

Еуропалықтардың, олардың басындағы Британия және АҚШ-тың жоспарлауымен Палестина халықаралық жүйеде үлкен сын-қатерге айналды. Олардың отыз жыл бойы Палестина халқын қыру және соғыс ашу арқылы дағдарыс тудырудағы мақсаты сионистердің Палестина жерін басып алуына заңдылық беру болды. 1947 жылдың мамыр айының он бесі мен жиырма сегізі аралығында БҰҰ Палестина мәселесін қарау үшін отырыстар ұйымдастырып, Палестина ісі жөніндегі БҰҰ-ның арнайы комитетін құруға шешім қабылдады. Палестинаның жағдайын көріп қайтқан аталмыш комитеттің мүшелері өз көргендерін қағаз бетіне түсіріп, оған ұсыныстарын қосып, БҰҰ-на ұсынды. Ықпал ету тобының кеңесі және шешімімен, сондай-ақ, АҚШ пен сионистердің қысымымен, БҰҰ комитетінің мүшелерінің басым бөлігінің оң дауысымен 1948 жылдың қараша айының жиырмасы күні Палестинаны саяси және экономикалық тұрғыдан бөлу туралы шешім қабылданды. Осы шешім негізінде Палестина екі аймаққа, араб және еврей аймағына бөлініп, Бейт ул-Мұқаддас ешбір аймаққа жатпай, БҰҰ-ның мандат кеңесінің бақылауына өтетін болды. 1948 жылдың мамыр айының он төрті күні Британия үкіметі Палестинадағы мандатын тоқтатты. Сол күні Тель-Авивте ұлттық еврей кеңесі құрылып, Бен Гурион Израиль мемлекетінің құрылғанын жариялады. Бірнеше сағаттан кейін АҚШ-тың сол кездегі президенті Трумен жаңа құрылған мемлекетті ресми түрде таныды. Сионистерді қолдаушы елдер әуел бастан-ақ Бейт ул-Мұқаддастың мұсылмандар үшін маңыздылығы мен ерекше орнын білген болатын. Олар сол кезде Бейт ул-Мұқаддасқа қатысты шешім қабылдайтын болса, Израиль үкіметін құру үдерісі мұсылмандардың белсендірек қарсыласуына тап болатынын білді. Сол себепті, Бейт ул-Мұқаддасты бейтарап аймақ ретінде жариялады.

Осы мәселеге қатысты сөзімізді келесі бағдарламада жалғастырамыз.