ИРАН-ИРАК СОҒЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ
(last modified Mon, 23 Sep 2019 15:30:38 GMT )
Қыр 23, 2019 21:30 Asia/Almaty
  • ИРАН-ИРАК СОҒЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ

Қазір Иранда Қасиетті қорғаныс апталығы өтіп жатыр. Осыған орай тарихтанушы Б.К Базарқұлованың 2010 жылы "ҚазҰУ хабаршысы" журналында басылып шыққан "Иран-Ирак соғысы: себептері мен салдары" атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

ИИР-ның аймақтық саясатындағы негізгі бағыттарының бірі - Ирак. Ирак - Иранның батысындағы көршісі. Оның халқының 60 пайызын шииттер құрайды /1, 128/. Ирак территориясында шииттер үшін қасиетті болып саналатын Неджеф, Кербала қалалары орналасқан. Неджеф қаласында шииттердің бірінші имамы Әлидің, ал Кербалада үшінші имам Хусейннің қабірі орналасқан. Күрдтер мәселесі де екі мемлекет үшін ортақ болып табылады. Иракта шамамен 4 млн, ал Иранда 5,5 млн. күрд халқы бар /2, 11/. Иранның оңтүстігіндегі Хузестан провинциясын негізінен арабтар мекендейді, ал Ирақта шыққан тегі ирандық бірнеше мыңдаған адам тұрады.

1980-88 жж. болған Иран–Ирак соғысы – ХХ ғ. ІІ жартысында болған үлкен адам шығынына әкелген соғыстардың бірі. Соғыс Иракта С. Хусейннің жеке билігінің күшеюімен сәйкес келді. Ал Иранда әлі толық қалыптасып үлгермеген ислам режимі өзінің билігінің басында-ақ осындай ұзаққа созылған қантөгіс соғысты жүргізді. Бұл соғыста негізгі ауыртпашылықты, әрине, екі мемлекеттің халқы көтерді.

Иран 1978-79 жж. ислам революциясының жеңісі нәтижесінде монархиялық билікті құлатып, толық тәуелсіздік жолын таңдап алады. Ал Ирак 1958 ж. монархияны құлатып, тәуелсіз даму жолына түскен еді. Екі мемлекет те қосылмаушылық қозғалысының мүшесі болатын. Бірақ тәуелсіздік жолын таңдап алған екі мемлекеттің жақындасуынан гөрі, олардың арасында қайшылықтар өрши түсті. Ислам революциясының жеңісінен кейін Иранның сыртқы саясатында болған өзгерістер оның Иракпен байланыстарына әсерін тигізді. Осы кезеңнен бастап Иранның Иракпен байланыстарында шииттік фактор негізгі орынды иеленеді. Иранның «ислам революциясын экспорттау» бағыты Иракты одан алыстата түскен еді.

Иран-Ирак соғысы аймақтағы саяси жағдайға да өзінің әсерін тигізді және «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде болғандықтан екі держава да осы соғысқа байланысты өздерінің саясаттарын ұстанды. Кеңес Одағы және Батыс елдері де ресми түрде бұл соғыста бейтараптық бағытты ұстанды. Бірақ екі жақтың да Иракты үнсіз қолдауы олардың С. Хусейнді ислам революциясын тежегіш құрал ретінде пайдаланғысы келгенін көрсетеді.

Тәуелсіздік бағытты ұстанған екі мемлекеттің империализмге қарсы күресте бірігуі АҚШ мүддесіне сай келмеді. Бұл аймақтағы Америкаға қарсы күрестің өршуіне әкелетін еді. Ислам революциясынан кейін Иран-Ирак қайшылықтарының күшейе түсуі АҚШ мүдделеріне сәйкес келді, соғыстың басталуына да ол өзінің ықпалын тигізді. Соғыс қарсаңында Американың ақпараттық мәліметтерінде Ирак экономикалық дамуы тұрақты, әскери күші мықты мемлекет ретінде көрсетілсе, Иран саяси және әскери дағдарыс жағдайында тұрған мемлекет ретінде көрсетілді. Иран-Ирак соғысы тарихын зерттеген, парсы тілінде Иранда жарық көрген әдебиеттерде ислам революциясының жеңісінен кейін антиамериканизмге негізделген Иран идеологиясының үстемдігі байқалады. Оларда соғыстың басталуында Американың негізгі рөл атқарғаны туралы айтылады.

Соғыс қарсаңында Ирактың АҚШ-пен дипломатиялық байланыстары жоқ еді. 1967ж. араб-израиль соғысында Америка Израильге қолдау көрсеткендіктен Ирак онымен дипломатиялық байланыстарын тоқтатқан болатын. Иран Ирак соғысы басталған кезде өзіне қарсылық көрсетіп отырған ислам режиміне қарсы С.Хусейнді қолдау Американың саяси, стратегиялық мүдделеріне тиімдірек еді.

Сондықтан соғыс барысында Бағдат АҚШтың қолдауына ие болды. Америка Парсы шығанағындағы өзінің одақтастары арқылы Бағдатқа көмектесті. Ираққа Американың көбірек қолдау көрсетуіне Ирак басшылығының антиамерикандық және антиимпериалистік саясат жүргізуді тоқтатуы да әсер етті. ИракАҚШ дипломатиялық байланыстары 1984ж. қалпына келтіріледі. АҚШ бұл соғыс Ирандағы саяси билікті өзгертуі мүмкін деп үміттенді.

АҚШ соғыстағы жағдайды өз мүддесіне пайдалану үшін әрекеттер жасайды. Ол Иракты қолдау саясатын ұстанғанымен, бұл соғыста Ирактың жеңіске жетуін де қалаған жоқ. Америка арабтар мен парсыларды бір-біріне қарсы қойып, екі мемлекетті де экономикалық және әскери жағынан әлсірету саясатын ұстанды. Иран басымдылық танытқанда Ирақты қолдаған, ал ол әлсірегенде керісінше Иранды қолдаған. 1985ж. бастап Америка Иранға шамамен бір жарым жылдай Израиль арқылы қару-жарақ сатты. Осы «ирангейт» оқиғасынан Американың соғыстағы мақсатын көреміз. Соғысты пайдаланып, АҚШ Парсы шығанағындағы өзінің үстемдігін орнату саясатын ұстанды. АҚШ аймақтағы тұрақтылықты шайқалту үшін Иранды басқа елдерге, соның ішінде КСРО-ға қарсы әрекеттер жасауға итермелеп отырды. Кеңес Одағы ресми түрде бұл соғыс басталғаннан-ақ бейтараптық бағытты ұстанып, екі жақты да соғысты тоқтатуға шақырғанымен, оның бұл ұстанымы Тегеранда түсіністік таппады. Ислам режимінің сыртқы саясатта «Батыс та емес, Шығыс та емес, тек ислам» ұранын ұстануы, КСРО-ның Ауғаныстан істеріне араласуы және Бағдатты әскери техникамен қамтамасыз етуге көмектесуі екі ел байланыстарының дамуына өзінің әсерін тигізді. Америка үстемдігінен азат етілген Иранда өзінің саясаты қолдау таппаған КСРО осы соғыстағы АҚШтың ұстанымын, оның Парсы шығанағындағы іс-әрекетінің мақсатын сынап, ашық айтып отырған. Бірақ Кеңес Одағының бұл соғыста Иракты үнсіз қолдауы оның Иранды «жазалау» әрекетін көрсетеді.

Кеңес заманындағы осы мәселені қарастырған зерттеулерде идеология үстемдігі байқалады. Ол кезеңде Иран–Ирақ соғысы «империализмге өте тиімді соғыс» ретінде қарастырылды. /3, 12/. Осылайша алпауыт державалардың саясаты Иран мен Ирақтың бір-бірімен соғысуына мүмкіндіктер бере отырып, олардың біреуінің үстемдікке ие болуына кедергі жасау еді.

Иран мен Ирак басшылары да осы соғыста «екі алпауыт держава» бастаған әлемдік қауымдастық біреуі екіншісін талқандап, толық әскери жеңіске жетуіне мүмкіндік бермейтініне сенімді болды. Екі мемлекеттің біреуінің жеңіске жетуі екі алпауыт державаның біреуінің Парсы шығанағындағы мұнай мен газ ресурстарына билік орнатуы дегенді білдіреді деген көзқарастармен келісуге болады. Иранның да, Ирақтың да басшылығы да бір-бірімен соғыс жүргізе отырып, екі алпауыт державаның арасындағы қайшылықты өздерінің мүдделеріне пайдалана білді.

Соғыстың негізгі себептерінің бірі-территория, яғни екі елдің арасында ағып жатқан Шатт-Эль-Араб өзені бойында шекараны анықтау мәселесі еді. Тигр және Евфрат өзендерінің Парсы шығанағына жетпей біріккен сағасы Шатт-эль-Араб деп аталады (парсылар оны Арванд деп атайды). Екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі ХVІ ғасырдан бастау алады. Ол кезде территорияға байланысты дау–таластар Иран мен Осман империясы арасында болған еді. ХХ ғасырдың басында Ирақ тәуелсіздігін алғаннан кейін екі мемлекет арасындағы шекара мәселесін 1937 ж. келісім реттеді.

1960 ж. аяғында екі мемлекет арасында шекара мәселесі қайтада ушығады. Көптеген дау-таластардан кейін Алжирдегі ОПЕК конференциясында 1975 ж. 6 наурызда Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлеви және Ирақтың сол уақыттағы вице-президенті Саддам Хусейншекараны өзен бойының ортасы бойынша бекіткен келісім жасайды, яғни шекара мәселесі Иран мүддесіне сәйкес шешіледі. Осылайша ИранИрак соғысы қарсаңында бұл өзеннің шығыс жағалуы Иранның, батыс жағалауы Ирактың бақылауында болды. Өзен жағалауы мұнай көздеріне бай. Сондықтан Иран-Ирак соғысы себептерінің бірі экономикалық мәселе еді.

1979 ж. Иранда шах режимі құлады, Ислам Республикасының қалыптасу кезеңі жүрді. Ішкі саяси қайшылықтар, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар және сыртқы саясаттағы оқшаулану саясаты Иранның жағдайын қиындатты. Иран мен Ирақ әскери күштерінің ара салмағы өзгереді, аймақта Ирак әскери жағынан күшейеді. 1979 ж. қарай Ирақта мұнай валюта кірісінің 95 пайызын құрады. Мұнай сатудан түскен пайданың нәтижесінде Ирақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Сонымен қатар бұл Ирақтың аймақтағы әскерисаяси рөлін де арттырады.

Соғыстың негізгі себебі территория мәселесі болғанымен соғыстың басталуына екі ел басшылығы тікелей жауапты. 1979 ж. Ирақта саяси билік толық С. Хусейннің қолына өтеді. Бағдат Иранды өзінің билігіне қауіп төндіруші күш ретінде қарастырса, осындай пиғылда Тегеранда болған. С. Хусейн Ирақтың негізінен оңтүстігінде шоғырланған шииттердің көтеріліске шығуынан қорықты. Иранның діни басшысы аятолла Хомейни мен Ирак басшысы С. Хусейннің арасындағы жеке қайшылықтар екі ел байланыстарының шиеленісуіне өзінің әсерін тигізді. Хомейни Ираннан қуылғаннан кейін 1965 ж. бастап 1978 ж. дейін Ирақта тұрды. Ал 1978 ж. оған Ирақта саяси қызметпен айналысуға тиым салынғаннан кейін аятолла Францияға кетуге мәжбүр болған. Ал революциядан кейін Хомейнидің ел басшылығына келуі екі ел байланыстарының шиеленісіуіне әкелді.

Аймақтағы үстемдікке ие болуды да соғыстың себебі ретінде қарастыруға болады. Аймақтық көшбасшылыққа ұмтылысты ИИР-сы монархиялық Ираннан мұрагерлікке алды. Ирактың көшбасшылық саясаты С. Хусейннің билікті өз қолына алуымен күшейе түсті.

Соғыста «дін мен ұлтшылдық та екі режимге де тиімді қосымша қару» болған /4, 101/. Арабпарсы бәсекелестігі мен суннит-шиит қайшылықтары да екі ел байланыстарының шиеленісуінде белгілі рөл атқарды.

Екі мемлекет арасында соғыс басталғанға дейін-ақ шекара маңында жағдай шиеленіскен болатын. 1980 ж. 7 қыркүйекте Ирақ үкіметі Тегеранға одан 1975 ж. Алжир келісімі бойынша өткен Шатт-эль-Араб өзенінің шығыс жағалауын толық босатуды талап етеді. 17қыркүйекте Ирак 1975 ж. Алжир келісімінің күшін жоятыны туралы хабарлайды. Сондай-ақ Ираннан 1971 ж. жаулап алған Ормуз шығанағындағы үш аралды босатуды, Хузестан провинциясында тұратын арабтарға автономия беруді және араб елдерінің ішкі істеріне араласпауды талап етеді. Иран Ирақтың талаптарын орындаудан бас тартады.

1980 ж. 22 қыркүйекте Ирақ Иранның батысындағы Хузестан провинциясына басып кіріп, 8 жылға созылған Иранға қарсы соғысын бастайды. А. Алиев зерттеуінде Иран-Ирақ шекарасындағы әскери қимылдар 1980 ж. 4 қыркүйекте басталды деп көрсетіледі. Осы күні Ирак мәліметтері бойынша Иранның ауыр артиллериясы, ұшақтары және әскери кемелері Ирактың шекарасы маңындағы елді мекендерді атқылайды /5, 646/.

Иран-Ирак соғысына байланысты араб әлемі екіге бөлінді. Соғыста араб елдерінің көп бөлігі Ирақты, ал Иранды араб елдерінен Сирия, Ливия қолдады. Сондықтан Парсы шығанағындағы араб монархиялары өздерінің қауіпсіздіктерін сақтау үшін жаңа халықаралық жағдайда Ираққа көмектесуге бет бұрды. Араб монархиялары, негізінен Сауд Арабиясы мен Кувейт С. Хусейнге мұнайдан түскен қаржысы арқылы көмектесті. 1981-87 жж. араб монархияларының Иракқа көрсеткен көмегінің көлемі 45 млрд долл. құрады /6, 88/.

1981 ж. Сауд Арабиясының бастамасымен Парсы Шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастық Кеңесі құрылды. Оның міндетіне аймақ елдерінің экономикалық ынтымақтастығын дамытумен қатар олардың әскери күшін «ислам революциясына» қарсы тұру үшін біріктіру мәселесі де кірді. Иран-Ирак соғысы аймақ елдерін Сауд Арабиясы бастамасымен олардың арасындағы қайшылықтарға қарамастан осы ұйым шеңберінде біріктірді. Осы соғыс жағдайында Сауд Арабиясы іс жүзінде аймақтағы көшбасшылық орынды иеленді. Бұл Тегеран мүддесіне сәйкес келмеді. Ал Ирак сол уақытта осындай саяси жағдаймен санасуға мәжбүр болды.

Бір жағынан соғыстың басталуы Тегеран мүдделеріне сәйкес келді. Революция жеңісінен кейін де елдегі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар сақталды. Шахқа қарсы күресте қалыптасқан саяси одақ ыдырай бастайды. Бұл шииттік дін басылары билігінің тұрақтылығын шайқалта бастаған еді. Осындай кезеңде басталған Иракпен соғыс ислам режимі үшін билікті күшейтуге негіз болды. Иран үкіметі бар күш жігерін осы соғысты жүргізуге жұмылдырды, елдегі экономикалық қиындықтар және билікке қарсы оппозицияның күресі екінші орынға ығысты. Иранда бұл соғысты «қасиеттті соғыс»деп атап, негізгі күштің барлығы елді азат ету үшін жұмылдырылды.

Ирак басшылығы революция нәтижесінде әлсіреген Иранды қысқа уақыт аралығыда басып алуды жоспарлайды. Шынымен-ақ Ирақ әскері соғыстың басында жетістіктерге жетеді. Ирак 1980 ж. қарашаға дейін Иранның Хузестан провинциясының солтүстік-батысын, оның ішінде Хорремшахр қаласын жаулап алады. Бұл Иран үшін тосын жағдай болғандықтан, Иран алғашқыда тек қорғанады. 1980 ж. желтоқсанына қарай Иран әскері күшті қарсылық көрсетіп, Ирақ шапқыншылығын тоқтатты. Бірақ Иран әскері қарсы шабуыл ұйымдастыра алмады. С. Хусейннің Иранды қысқа уақытта тез жаулап жоспары жүзеге аспады. Ислам режимінің соғыс жылдары жүргізген идеологиялық жұмысы халық патротизмінің оян уына әкелді. Аятолла Хомейни өзінің үндеулерінде бұл соғыстың қасиетті соғыс екенін айтып, соғысты жеңіске жеткенге дейін жүргізе беруге, Иран тарапынан бұл соғыстың өзін-өзі қорғау және исламды қорғау соғысы екенін айтады /7, 445/. Соғыс халықты ислам басшылығының төңірегіне топтастырды. Ішкі саяси қайшылықтар тоқтатылады.

1982 ж. бастап шабуыл жасау белсенділігі Иран әскеріне өтеді. Соғыста үстемдік ИИР-сы әскери күштерінің қолына өткенін түсінген С. Хусейн 1982 ж. 20 маусымда Ирақ әскерінің Иран территориясынан толық өз еркімен кететінін жариялайды. Ол бейбіт бітімге келу жолдарын іздестіреді. 1982 ж. шілдеде Иран соғыс қимылдарын Ирақ территориясына ауыстырып, Басра қаласына қауіп төндіреді. Хомейни үкімі бойынша Иран басшылығы ел территориясын азат етуді жеткіліксіз санап, Хусейнді биліктен кетіруді мақсат етіп қояды және Иранға Ирақтың репарация төлеуін талап етеді. Хомейни «ислам революциясын экспортқа шығару» ұраны негізінде Ирақта Ислам Республикасын құру идеясын ұстанады. Бұл ойын жүзеге асыру үшін 1982 ж. Тегеран Ирак шииттерінің көсемі Махди-әл-Хаким басқарған «Ирақ ислам революциясының жоғарғы Кеңесін» құрады.

Иран соғысты жалғастырғандықтан ол Ирақтың тәуелсіздігіне нұқсан келтірді. Соғыста үстемдік Иранға өткенімен ол әскери техниканың жеткіліксіздігіне байланысты тез жеңіске жете алмайды. Бұдан кейін ол Ирақты әлсірететін соғысты ұзаққа созу стратегиясын ұстанады. Ирақтың қорғаныс мүмкіндіктері жоғары болғандықтан соғыс қимылдары екі ел шекарасы маңында тұрақтанады, Иран Ирақ территориясына кіре алмайды. Иран тарапынан жасалған көптеген шабуылдау жоспарлары нәтижесіз аяқталады.

Иранның 1982 ж. бастап соғыста үстемдікке ие болуы оның адам ресурстарының молдығымен байланыстырылады. Оның әскер саны осы жылдары 1,2-1,3 млн адамға жетті және әскери шығыны өсіп, жылына 12-15 млрд долл. Құрайды. 12 жастағы балалар мен қарттар да соғысқа тартылады. Хомейни соғысты жүргізуде «шахид болу» идеясын насихаттайды (дін жолындағы құрбандық). ИИР-сы соғыста тұрақты әскермен қатар «ислам революциясын қорғаушылар корпусы» мен «басидж» жасақтарын пайдаланды. Ирандағы ислам режимі соғысты ішкі және сыртқы саясаттың басты факторына айналдырды. Иранның Ирак ұсыныстарына қарамай соғысты жалғастыруы елдің экономикалық қауіпсіздігін әлсіретті. Халықтың жағдайы нашарлады, көптеген кәсіпорындар жабылды, жұмыссыздардың саны өсті. Халықты азықтүлікпен қамтамасыз ету қиындады. Соғысты созылуына, адам шығындарының көбеюіне байланысты Иранның ірі қалаларында соғысты тоқтатуды талап еткен шерулер болды. Халық наразылығы күшейеді.

ИИР-сы басшылығының бұл соғыста Ирақтағы шииттік көпшілік өзіне қолдау көрсетеді, ал Ирақ басшылығының Иран Хузестанындағы арабтарға және күрдтерге деген үміті ақталмады.

1985 ж. екі ел арасындағы соғыс «қалалар соғысы» деген атпен белгілі. Екі тарап бірбірінің ірі қалаларын бомбалайды. 1986 ж. Иран Ирақтың Фао аралын басып алады. Бұл аралды Ирақ тек 1988 ж. азат еткен еді.

Парсы шығанағындағы 1984-87 жж. аралығындағы «танкер соғысы» кезінде 300-ден астам кеме шабуылға ұшырайды /9, 159/. Ирақ Иран кемелерін атқыласа, Иран соғыста Ирақты қолдаушы мемлекеттер - Сауд Арабиясы мен Кувейттің де кемелерін атқылаған. «Танкер» және «қалалар» соғысынан Иран көп зиян шекті.

Америка осы соғысты пайдалана отырып, Үнді мұхиты мен Парсы шығанағында әскери күшін ұстауға мүмкіндік алды. Бұл оның аймақтағы саяси және әскери-стратегиялық позициясын күшейтті. Әрине АҚШ-тың бұл әрекеті Таяу және Орта шығыстағы бейбітшілікке және қауіпсіздікке қауіп төндірген еді.

1987 ж. шілдеде БҰҰ ҚК–сі Иран-Ирақ соғысын тоқтату туралы № 598 қарарын қабылдайды. Иран іс жүзінде бұл қарарды орындаудан бас тартқандықтан АҚШ Иранға қарсы қару сату эмбаргосын жариялауды ұсынады. Бірақ қару сату эмбаргосын жариялауға КСРО қарсы шығады. 1987 ж. 6 қазанда АҚШ конгресі Иранға қысым жасау үшін оның мұнай және басқа тауарлар импортына эмбарго жариялайды.

Соғысты аяқтауға байланысты Иран басшылығының ішінде бірлік болған жоқ. Хомейни бастаған топ соғысты жалғастыра беру саясатын ұстанды. Ал сол уақыттағы Иран парламентінің басшысы Ә. Хашеми-Рафсанджани соғысты жалғастырудың нәтижесіз екенін түсініп, оны тезірек аяқтауға ұмтылды.

1988 ж. 20 шілдеде Иран БҰҰ ұсынған бітім шарттарын қабылдайды. 1988 ж. тамызда бейбіт бітім жасалады. Соғыстың осылай ұзаққа созылуына мұнай факторы да әсерін тигізді. Соғыс тоқтатылып, екі ел әскерін өз тараптарына тартқанымен БҰҰ ҚК № 598 қарарында көрсетілген талаптарды екі мемлекетте орындауға асықпады. Әр ел өзін жеңген мемлекет ретінде, бір-бірін агрессор ретінде қарастырды. Тек 1990 ж. тамызда Ирақ Кувейтке қарсы соғысын бастаған кезде Иран-Ирақ дипломатиялық байланыстары қалпына келтіріледі.

Ирак Иран ұсынған қақтығысты реттеу шарттарын қабылдайды. Иран территориясынан Ирақ әскері толық шығарылады, тұтқынға түскендерді екі жақ бір-біріне алмастыру жұмысын бастайды. Ирақ 1975 ж. Алжир келісіміне қайтып оралатынын жариялайды. Әрине бұл саясат Ирақтың Кувейтке қарсы соғысында Иран жағынан қолдауға ие болуы үшін жасалды. Иран мұны өзінің саяси жеңісі деп есептеді. Бірақ осы қарарда көрсетілген БҰҰ көмегімен агрессорды анықтау және соғыста келтірілген зиянның орнын толтыру үшін репарация төлеткізу шарттары орындалған жоқ.

Бірақ Иран Ирақтың Кувейтке агрессиясын ресми деңгейде айыптады. Жалпы Ирақ-Кувейт қақтығысында Иран бейтараптық бағытты ұстанды. Бұл оның халықаралық оқшауланудан шығуына көмектесті.

Бұл соғыста екі жақтан шамамен бір миллиондай адам қаза болды. Жараланып, бірбіріне тұтқынға түскендердің саны жүз мыңдаған адамды құрады. Екі ел де үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар бір-бірінің мұнай объектілеріне көп шығын әкелуге тырысқандықтан екі мемлекетте де осы жылдары мұнай өндіру және сату көлемі азаяды. Соғысты жүргізуде Ирақ әскери техникасы мен әскерінің шеберлігімен Ираннан озық болды. Ал Иран адам ресурстарының көптігі, дамыған шаруашылығы және жоғарғы діни сенімі бойынша Ирақтан ерекшеленді.

Иран-Ирақ соғысы қарумен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болмайтынын көрсетті. Керісінше бұл соғыста екі елдің де қауіпсіздігіне нұқсан келді. Соғысқан екі мемлекет те өздерінің алдына қойған мақсаттарына жете алмады. Иранда ислам режимі құлаған жоқ, керісінше оның билігі күшейді, ал Ирақта С. Хусейн билігін сақтап қалды. Иран Ираққа ислам революциясын экспорттау саясатын орындай алмады, Ирақ Иранмен шекара сызығын өзгертіп, өзіне жаңа территория қосып ала алмады. Бірақ бұл соғыстағы «көпшіліктің» Ираққа қолдау көрсетуі оның агрессиялық саясатына жол ашып берген еді.

Бұл соғыс аймақтағы екі мемлекеттің де көшбасшылыққа ұмтылсын көрсетеді. Бірақ олардың аймақтағы көшбасшылық рөлін агрессиялық жолмен емес, экономикалық жетістік және саяси тұрақтылық арқылы бекітуі дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Қолданылған әдебиеттер: 

1. Конфликты на Востоке. Этнические и конфессиональные. -М.,2008.

2. Новейшая история стран Азии и Африки. ХХ век. Часть 3, 1945-2000. -М.,2001.

3.Чернецовский Ю.М. Средний Восток в современныхмеждународных отношений. - Л.,1985.

4. Малышева Д.Б.Религиозный фактор в вооруженных конфликтах совремнности. - М.,1991.

5. Алиев А. Иран и Ирак. История и современность. - М., 2002.

6. Олимпиев А.Ю. Ближний и Средний Восток. Актуальные проблемы международных отношений. М.,2004.

7. Аиин-е энхелаб-е эслами (парсы тілінде). - Тећран, 1373. 8. Гошев В.Ю. СССР и страны Персидского Залива. - М.,1988

Дереккөзі: http://repository.kaznu.kz/bitstream/handle/123456789/4668/302-596-1-SM.pdf?sequence=1&isAllowed=