Шәһид Мутаһаридің ой-пікіріндегі тоқырау мен зияткерліктің тайталасы
Ғалым Мұртаза Мутаһаридың көрегендігі мен терең ойларын көре алмаған қара күштер хиджра шамси күнтізбесі бойынша 1358-ші жылдың 12-ші ордибеһешт күні, яғни 1979-ші жылдың 2-ші мамырында ғалымды шәһид етті.
Адамзат тарихының әртүрлі кезеңдерінде басқалардың бақытқа жететін жолдарына жарық түсірген мәдениет пен ғылым салаларындағы әлемге әйгілі ойшылдар кездеседі. Адамзаттың ең жақсы жол нұсқаушылары болып илаһи пайғамбарлар мен олардың барлығының көшбасшысы – хазірет Мұхаммад-Мұстафа (с.ғ.с.) және хазіреттің пәк әулеті саналады. Олардан кейін бұл міндет исламдық ғалымдар мен ойшылдарға жүктелген. Аятолла Мұртаза Мутаһари ілімді амалмен, иманды ахлақпен біріктірген жарқыраған жұлдыздардың бірі саналады. Ол өз ғасырының қараңғылықтан зардап шеккен қоғамын дұрыс жолға нұсқаған әйгілі азамат болды. Ғалым Мұртаза Мутаһаридың көрегендігі мен терең ойларын көре алмаған қара күштер хиджра шамси күнтізбесі бойынша 1358-ші жылдың 12-ші ордибеһешт күні, яғни 1979-ші жылдың 2-ші мамырында ғалымды шәһид етті. Иранның ислам революциясының ұлы көсемі имам Хомейни оның шәһид болуы туралы: «Мен өмірімнің жемісі саналған өте ардақты перзентімнен айрылдым. Ислам осындай абыройлы және ғалым перзентінің шәһид болуымен орны толмас зардап шекті»,-деген болатын. Имам Хомейнидің әйгілі шәкірті шәһид Мутаһари туралы былай деп айтуы дәлелсіз емес. Ұстаз Мутаһаридың білімі мен амалы оны басқалардан үздік етіп, ерекшелендірді. «Тауһид», «Илаһи әділет», «Набоват», «Кемел адам», «Материализмнің себептері», «Исламдағы әйелдің құқықтары» және «Ислам мен Иранның бір-біріне сіңірген өзара қызметі» деген туындылары ұстаздың құнды еңбектерінің қатарын құрайды. Ұстаз Мутаһаридың ерекшеліктерінің біріне ғұламаның қоғамдық мәселелер, идеологиялық ағымдар, әсіресе жастар мәселелерімен нақты таныс болуы жатады. Әлемге танымал ұстаз исламдық ойларға мұқият көңіл бөлумен қатар бұрмаланушылықтар мен ырымшылдықтарға да ерекше мән беріп, оларды исламдық қоғамның дамуына кедергі деп санады. Осыған орай бұрмаланушылықтарды әшкерелеу және халықты солардан хабардар етуді өзінің жұмыс кестесіне енгізді. Шәһид Мутаһаридың еңбектеріне шолу жасау ұстаздың надандықпен күресін анықтайды. Ұстаз Мутаһари: «Адамның бойында кейбір уақытта діни істердің алдында көбірек қарапайымдылық көрсеткісі келетін сезім пайда болады. Мұндай кезде адам діннің өзі берген рұқсатқа қайшы қарапайымдылық білдіреді, яғни ақылдың шырағын алыстатып, нәтижесінде діннің жолын жоғалтады»,-деген болатын. Құран аяттары мен рауаяттарға көңіл бөлу Ислам дініндегі ақыл мен ойланудын маңыздылығын анықтайды. Исламның ұлық пайғамбарынан жеткен белгілі рауаяттардың бірінде: «Ойланып өткізген бір сағат 70 жыл ғибадаттан артық»,-деп айтылған. Бұл рауаят еш уақытта ғибадаттың құнын төмендетпейді, өйткені Құран Кәрімнің айтуынша, адамның жаратылу мақсаты Жаратушыға ғибадат жасау болып табылады. Пайғамбардың бұл сөзі діндегі ғибадатты түсініп орындау мен ойланудың қажеттілігін қуаттап, ислам дінінің ойлану, сынау әрі сұхбаттасу діні екенін анықтайды. Адамның жаратылуының философиясы, Құран Кәрімнің аяттары, Алланың есімдері мен қасиеттері, пайғамбар және хазірет әулетінің рауаяттары мен сүннеті және басқа да салалар ойлануды қажет етеді. Сондықтан хабарсыздық, тоқырау мен тек сыртқы көріністі ислам қабылдамайды. Ұстаз Мутаһари надандық пен сана-сезімнің тоқырауын адамның дамуына кедергі болып, соңында оның құлдырауы мен дұрыс жолдан адасуына соқтыратын екі қатерлі індет деп санайды. Оның пікірінше, надандық адамның хабарсыздығынан дінсіздікке тіреліп, діннің негіздерін қайтадан қарастыру қажет деп сылтауратып, дұрыс жолдан ауытқуына немесе мидың ойлану қабілетінен айрылып, әр жаңа нәрсені дінге қарсы деп санауына себеп болады. Бұрмаланған және ырымшыл ойлардың негіздері надандықтан тамырланады. Егер адамның санасына хабардар болу мен ойланудың нұры түсетін болса, оның миы «құрғап», ойлану қабілетінен айрылмай, дін өзінің негізгі орнына оралады. Ұстаз Мутаһари надандық пен сана-сезімнің тоқырауын жақсылап анықтау үшін исламның бастапқы кезеңіндегі хаваредждердің (хариджиттер) пайда болу оқиғасын еске салады. Хазірет Әли (ғ.с.)-ның әскері Муавиенің әскерін жеңіп келе жатқан Сеффейн шайқасында Муавие әскерінің басшысы Амру Ас айлаға басып, Құран кітаптарын найзаларының ұшына көтеруге бұйрық берді. Хазірет Әли (ғ.с.)-ның әскерилерінің көбісі надандықтарына байланысты алданып, «Билік Аллаға ғана тән!» деп ұран айтып, хазірет Әлидің билігіне бағынбады. Шын мәнінде олар Құранның «Анғам» сүресінің 57-ші аятының «...Билік Аллаға ғана тән...» деген үзіндісін дұрыс түсінбей, исламдық қоғам басқарушыны қажет етпейді деп ойлады. Бірақ негізінде басшы болмаса, Алланың шариғаты да толық жүзеге аспайды. Надандықтың нәтижесінде асыра сілтеуші және тәкаппар «хаваредж» деп аталған топ пайда болды. Бұл топ өздерін шынайы исламның мұрагерлері санап, басқаларды, тіпті хазірет Әли (ғ.с.)-ды қабылдамайтын. Олар: «Үлкен күнә жасаған адам исламнан шығады, ол кәпір» десті. Мұндай пікір исламдық қоғамға нұқсан келтірді. Өздерін исламның өкілдері деп санағандар олардың пікірлерінен өзге пікірге ие мұсылмандарды такфирші деп санап, олардың қанын төгетін. Мәселен, пайғамбардың сахабаларының бірі Абдолла бен Хабаб хаваредждермен бетпе-бет келіп, «Әли бен Абиталип сендерден гөрі Алланың дініне жақынырақ» дегені үшін айыпталып, бауырының әйелі екеуі қорқынышты түрде өлтірілді. Хаваредждер ойланбастан ислам тарихы бойында исламдық қоғамға түрлі зардап келтірді. Ұстаз Мутаһари: «Хаваредждердің тарихы таңғаларлық және сабақ аларлық жәйттерге толы. Сол себепті діни сенімдер надандықпен араласқан кезде не істемейді... Хаваредждер көп ғибадат жасағандықтан, олардың маңдайлары мен тізелері сүйелденіп кеткен еді. Бірақ олар ақылдарының аздығы және пікірлерінің саяздықтарына байланысты исламға көптеген нұқсан келтіріп, тіпті «...Билік Аллаға ғана тән...» деген сөйлемдерімен жүректерге қорқыныш ұялатқан еді»,-деген болатын. Ұстаз Мутаһари хаваредждердің ойларының терістігін дәлелдеу үшін хазірет Әли (ғ.с.)-ның сөздерін пайдаланып: «Хазірет Әли (ғ.с.) хаваредждердің (хариджиттер) уәждері мен сенімдерін қабылдамай: «Пайғамбар қылмыскер өлім жазасына кесілген соң оның жаназасын шығаратын. Егер қылмыскер үлкен күнә жасаған болса, кәпір болады. Пайғамбар кәпірге жаназа шығармайды. Құран Кәрім бойынша, кәпір адамның жаназасында Құран аяттарын оқуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, шарап ішіп мас болған адамға дүре соғылады, бірақ халық мүлкіндегі үлесі қиылмайды»,-деді. Мұсылман қоғамның қазіргі жағдайына шолу жасау арқылы ұстаз Мутаһари сынды ойшылдардың халықты хабардар ету үшін талпыныс жасағанын көреміз. Бүгін де қоғам осындай азаматтарды қажет етеді. Исламның бастапқы кезіндегі хаваредждердің пікірлері мен амалдарына ұқсас такфиршілер тобы бүгінгі күнде мұсылман қоғамының кейбір жерлеріндегі надандықтарға себеп болуда. Олар хаваредждердің теріс ойлағандары сынды тек өздерін ғана мұсылман санап, оларға қарсылық білдіргендерді қорқынышты түрде өлтіруде. Хазірет Әли (ғ.с.) хаваредждер мен басқа да жеңіл ойлайтын адамдарды сипаттап: «Олар қатыгез, терең ой мен мейірімділік сезімнен ада, діннен бейхабар»,-деген. Басқа бір сөзінде: «Сендер ең жаман адамсындар. Сендер шайтанның қолындағы оқсындар. Ол сендердің блмыстарыңды өзінің нысанасын көздеу үшін пайдаланады. Сендер арқылы халықтың арасында күмән тудырады»,-деп айтқан болатын. «Құрғақ» және қатып қалған ойлардың келесі зияны олар хақ пен жалғандықтың арасын ажыратуда қырағы емес адамдарды күмәнға ұрындырады. Ұстаз Мутаһари мұндай бұрмаланған ағымдар жылдам әшкереленуі керек деп, хазірет Әли (ғ.с.)-ның хаваредждерге деген ұстанымдарына тоқталып: «Имам Әли (ғ.с.)-ның өмірлік тарихының таңырқататын жәйттарының бірі оның бұрмаланған және тәкаппар ағымдармен батыл күресуі болып табылады. Әли (ғ.с.) оларға қарсы қылышын көтеріп, олардың жағдайын науқасқа теңеді. Хайуандардың бағынбай, басқаларға шабуыл жасап, ауру тарататындары сынды бұл ойлар да біртіндеп, мұсылмандар қоғамын ластап, исламды құлдыратады. Пайғамбар: «Екі адам мені белден басты: бірі ырымшыл надан, екіншісі бейғам ғалым»,-деген»,- деп айтқан болатын. Ұстаз Мұртаза Мутаһари өзінің берекеге толы өмірінде исламның бейнесін надандық пен бұрмаланушылықтан тазарту үшін көп күш салып, сол жолда жанын құрбан етті. Ұстаздың біздің армыздан өткеніне біраз уақыт болса да оның көрегенділігі мен терең ойлары осы кезге дейін ақиқат іздеушілерге жол көрсетуде.