Рамазан керуенімен 3
Ораза тұтушылар адамның материалдық және физикалық қажеттеліктерімен қатар рухани және рухани тұрғыдан қажеттіліктерге ие екенін біледі. Мұның әрбіреуі кемелдікке жету үшін арнайы бағдарламаларды қажет етеді.
Рухани тұрғыны дамыту үшін қажетті бағдарламаларға тақуалық пен пәктік жатады. Тақуалық адамды күнәдән және Аллаға бағынбаудан алыстатып, Аллаға құлшылық етуге жігерлендіреді. Сондықтан егер адам өзін рухани тұрғыдан тәрбиелеп, дамытқысы келсе және пәктікке жеткісі келсе, нәпсісін жеңіп, дамуға кедергі болатын себептерді жоюы керек. Бұл саладағы әсерлі ғамалдардың бірі ораза саналады. Осыдан бұрын айтқанымыздай Алла Тағала ораза тұтудың себептеріне тоқталып, оның рөліне назар аудартады. «Бақара» сүресінің 183-ші аятында оразаның мақсаты ораза тұтушылардың пәктікке жетуі деп айқын айтылған. Бұл аятта «мүмкін» деген сөздің қолданылуы оразаның «тақуа» деген мағынаны емес, тақуалықты тәрбиелеу дегенді білдіреді. Осыған орай уаһи тағылымдарда кемел тақуалыққа жетудің жолдарының біріне ораза жаттығулары жатады. Ораза ішіп-жеуден тартыну және күнәдән алыстау болуымен бірге адамға өз нәпсісімен күресуді үйретеді. Рамазан мен ораза 30 күндік жаттығулар болып табылады. Бұл кезеңде адам хабардар түрде өз еркімен нәпсісін тәрбиелейді. Хабардар түрде орын алатын ораза кезінде адам тақуалықтың ақиқатына жету үшін жамағат және нәпіл намаздары, Құран оқу және түнді құлшылық етіп, ояу өткізу сынды ғибадаттарды орындайды. Құран жәннәт пен кемелдікке жетуді адамның тақуалығымен байланыстырып, көптеген аятта жәннәт пен оның нығметтерін осы қасиетке қатысты еткен. Алла Тағала «Хаджр» сүресінің 45-48-ші аяттарында жәннәттің нығметтері туралы: «Сөзсіз тақуалар бақшаларда және бастауларда болады. Жаннатқа амандықпен кіріңдер! Олардың жүректеріндегі кекті шығардық. Туыс болып, тақтардың үстінде бір-біріне қарсы отырады. Жаннатта олар шаршамайды да, одан шығарылмайды»,- деп айтқан болатын. Қасиетті рамазан айында ораза тұтатын адам илаһи бұйрықтарды орындап, өз болмысында тақуалықтың рухын жаңғыртады. Адамның болмысында ішіп-жеу, өзін жақсы көру және басқалармен дос болуы сынды қасиеттер қаланған. Олардың барлығы оның өмірінің жалғасуы үшін қажет. Алайда айта кететін жәйт, аталып кеткен сезімдер мен қасиеттер кейбір уақытта мөлшерден артық байқалып, адамның бүкіл болмысын билейді. Ораза тұтушы адам ішіп-жеуден тартынып, ораза кезінде тыйым салынған басқа нәрселерге назар аудармау арқылы болмысындағы хайуандық тілектерді басады. Ораза тұту тек жеп-ішуден тартыну ғана емес, сондай-ақ күнәләрдан алыстауды да қарастырады. Исламның ұлық пайғамбары қасиетті рамазан айының ерекшеліктері туралы мұсылмандарға айтқан кезде имам Әли (ғ.с.)ның: «Бұл айдағы ең жақсы ғамал не?» деген сұрағына: «Күнәләрден алыстау» деп жауап берген болатын. («Васаель әл-Шие»). Тақуалықты сақтау ауыр емес. Адамның жасаған әр жақсылығы мен әрбір жамандықтан алыстататын кез келген талпынысы тақуалықты ұмытпау болып саналады. Қасиетті рамазан айы Аллаға құлшылық етіп, тақуалықты сақтайтын ең жақсы ай. Басқалардың мәселелерін шешу, Алланың жаратылыстарына қызмет ету, харам мүліктен абай болу және ғибадат кезінде бейқамдықтан алыстау – мұның барлығы тақуалықтың үлгілері. Ораза тұтушы нәпсісін тәрбиелеп, Жаратушымызды құрметтеп, әрқашан Алланы ұмытпауды үйренеді. Сөйтіп өз жүрегін нұрландырып, тыныштыққа бөлейді. Тақуалық – Алла жаратпайтын іс-әрекеттен бас тарту. Алланың ризалығы үшін жаман істерден алыстап, Оның жолында қиындықтарға төзімділік білдірген әр адамға Алла Тағала сұрағанын беріп, нығметтеріне бөлейді. Исламның ұлық пайғамбары өзінің сенімді сахабасы Абузарға: «Әй, Абузар, әрқашан Алланы және Оның ризалығына ие болуды ойла. Сонда Ол да сені ұмытпайды»,- деген болатын. («Бихар аль-Анвар», 77-ші том). Шейх Аттар Нишабуридің «Тазкарат ул-оулиа» кітабында былай деп жазылған: «Сопы кәсіп жасаған кезде бес пайыздан артық пайда көрмеу туралы өзіне шарт қойған болатын. Күндердің бірінде ол 60 динарға бадам сатып алады. Ойламаған жерден базарда бадам қымбаттап кетіп, делдал бадам сатып алу үшін оның дүкенінің алдына келіп, бадамның бағасын сұрағанда сопы: «63 динар»,- деп жауап береді. Делдал: «Сенің бадамыңның бағасы 90 динар»,- деді. Сонда сопы: «Дұрыс айтасың, бірақ мен бес пайыздан артық пайда көрмеймін деп өзіммен шарт жасасқан едім. Мен базардың бағасын бұзуға дайынмын, бірақ өз шешімімді өзгертпеймін»,- деп баса айтады. Біраздан кейін базарда өрт болады. Барлық дүкендер мен олардың ішіндегі нәрселері өртеніп кетеді. Бірақ сопының дүкені өртенбей сау қалады. Илаһи тақуалықты ұмытпаған сопыны Алла сақтады. Осы кезде рамазан айы өзінің барлық сұлулығымен қайтадан мұсылмандардың үйлерінің қонағы болғандықтан, мүміндер ерекше көңіл-күймен өздерінің ғибадаттарын орындауға асығуда. Рамазан олардың көңіл-күйлерін қуанышқа бөледі. Ризалықты сезіну әрқашан мұсылман еместердің көбі үшін сұрақ тудырады. Олар рамазан айын тек ішіп-жеуден тартыну деп санайды. Сол себепті қиындықтарға төзімділік білдіру олар үшін сұрақ тудырады. Кейбір уақытта олардың сұрақтары рамазан мен ораза тұтуды тәжірибеден өткізіп, мұсылмандардың бұл айдың түндерін ояу өткізіп, ғибадат жасап, ораза тұтып, соңында ай аяқталған соң тойлауының себептерін түсінуге көмектеседі. Рауль – үнділік жас жігіт. Ол рамазан айы мен мұсылмандардың бұл айда ораза тұту себептерін зерттеп, ислам тағылымдарымен танысып, мұсылман болған жастардың бірі. Рауль өзінің мұсылман болғаны туралы: «Мұсылман болғаныма бірнеше ай болды. Мен басқа да үнділер сынды үнді дінінің жақтастары болған үлкен жанұяда өстім. Олардың кейбіреулері пұтқа, басқалары сиыр немесе күннің көзіне табынады. Мен осындай ортада тәрбие көргендіктен мұндай жағдай адасып өмір сүруіме себеп болды. Бір күні Алланың қалауымен жұмыс бабымен исламдық елдердің бірі Оманға сапар шектім. Сол жерде бірінші рет мұсылмандарды көріп, олармен таныстым. Оманда өмір сүрген 3 жылдың ішінде Ислам діні туралы көптеген мәліметтермен танысып, көптеген ақиқаттардан хабардар болдым. Бұл 3 жыл менің сенімімнің өзгеруіне үлкен әсер етті»,- деді. Мұсылмандардың ораза тұтуы Раульдің ойында бірінші сұрақ тудырды. Ол ораза тұтудың философиясының не екенін зерттеу туралы шешім қабылдайды. Достарының жауаптары мен өз зерттеулерінің нәтижесі оған қатты әсер етеді. Ол мұсылмандардың ораза кезінде не сезінетіндіктерін түсіну үшін ораза тұтуға шешім қабылдайды. Ол өзінің ораза тұтқаны туралы: «Мұсылман болғанымша оразаны тек зерттеу үшін ғана ұстап, ішіп-жеуден ғана тартындым. Бірақ қазір ораза ұстаған кезімде Аллаға құлшылық етуімді сезінемін. Рамазан айы бүгін мен үшін тек ішіп-жеуден ғана тартыну емес. Бұл айды дұға жасап, намаз оқып, садақа беріп, түнді ғибадаттарға арнап ояу өткізіп, Құран оқумен өткіземін»,- дейді. Рауль ораза тұтуды жақсы көріп, оразаның оның мұсылман болуына негізгі себеп болғанына назар аударып, мұсылман болған соң есімін Раян деп өзгертті. Өйткені Алла Тағала ораза тұтушыларға оларды Раян дарбазасы арқылы жәннәтқа кіргізу туралы уәде берген болатын.